Қалалық қоғамдық-саяси газет

Діни надандықтан келер қауіп көп

0 130

Діннің асыл мақсатына негізделіп тәпсірленген үкімдер ғана қоғамға, адамға пайда әкеледі. Діни ағымдар, бүліктер көбейген сайын діни кемелдікке, сауаттылыққа деген ұмтылыс ауадай қажет. Жасыратыны жоқ, білімнің таяздығы мен бұрыс түсініктің жетегінде кеткен, салт-дәстүрді терістеген, «формальды» діншілдер мен сырт күштердің құралына айналған «жиһад» жалауын көтергендердің лаңы асыл дінді одан ары кірлетуде. Ұлттық мәдениеттен жерініп, қазақи (мұсылман) мінезден алшақ тұрған ондай «мұсылмандарды» көрген қарапайым жұрт әрі-сәрі күйге түспегенде қайтеді? Діннің бұл «қараңғылығын» көрген адам ойланып қалмағанда қайтеді? Екінші қырынан қарағанда, бұл үдеріс – заңды құбылыс. Өйткені жаңа келген немесе қайта оралған дүние шикілікпен, кемшілікпен келеді, көш жүре түзеледі. Бірақ арқаны кеңге салуға тағы болмайды. Сондықтан гүл мен тікенді айырып беру, тіпті оның тікенсіз болмайтынын түсіндіру, сөйтіп, битке өкпелеп тонын отқа лақтырмақшы болған жұртты сабыр мен парасатқа шақыру – әр білікті маманның ісі.

Ата-бабамыздан келе жатқан діни таным мен тәжірибенің үзілуі – «қараңғылықтың» тағы бір себебі. Сондықтан дәстүр сабақтастығы секілді, дін сабақтастығы да – аса қажет дүние. Ал сабақтастық немесе тарихи тізбек – ұлттық өзгешелік пен өз руханилығымызды сақтап қалудың және дамудың шарты.

«Жаңа» діндарлардың кей түсінігі мен мінезінің күні кешегі аузы дуалы ақсақалдар мен ақ кимешекті әжелердің кейпі мен болмысына ұқсай қоймауы да «қараңғылық» деп шошуға себеп болғаны сөзсіз. Сабақтастықтың үзілуінен хабар беретін көріністің бірі де – осы. Әрине, қазіргі жастар мен орта буынның ата-әже болуына біраз уақыт бар. Оның үстіне заман өзгерісінің ізі тағы бар, дәл бұрынғы бейне қайта оралуы екіталай. Алайда болмыс, мінез оралуы тиіс. Өйткені «қазақылық» деген атаумен ішіне мұсылманшылықты, тұтас адамшылықты қамтыған төл мінезімізді қайта табуға күш салу – біздің буынның міндеті.

Діни сауаттыздыққа ұрынудың басты себе-бі – дінді «ерік-қалау» деңгейінде қабылдауда. Яғни өзіңнің кім екеніңді тани алмау, өзіңді ерік-қалауыңмен теңгеру, сөйтіп, өзімшілдік жетегінде кету – дін ұстанып жүріп, қараңғылыққа бату деген сөз.

Дін қараңғылығына ұрынғанның діні қатты болады. Бұл «қараңғылықтың» жарқын көріні-сі – фанатизм. Ал фанатизм – терең танымның, пәлсапалық парасаттың жоқтығынан пайда болатын құбылыс. Үстірт түсінік пен өзімшілдік бөлектенудің, жаттану мен дінді меншіктеудің, қысқасы өзін мінсіз қылған қисық қисын, тұман түсініктің нәтижесі. Мұның қисынына салсаң, әр ұлттың өз Құдайы бар сияқты, өзгелерден үстем болу мықтылық пен мақсат сияқты. Сыртыңды ұқсатсаң, яғни құлшылықтың сыртқы формасын орындасаң, соған Құдай разы сияқты, сені ғана ерекше жаратқан сияқты. Өзіңдікі ғана жөн, басқалар адасқан сияқты дінге бөліп, қырқыстырып қою – Құдайдың қалауы секілді көрінеді.

Жалпы адасушылықтың торына түсіп қалмау үшін әр үкімнің байыбына бару, мақсаты мен мәнін түсініп алу, діннің басқа үкімдерімен байланысын, яғни оның талабы мен қағидатын, мақсат-мәнін ұғынып алу – дін қараңғылығынан, соқыр фанатизмнен, надандықтан сақтайды. Әйтпесе жаттанды сөз бен жансыз әрекеттен құралған құрғақ құлшылық опа бермейді. Бұл сөзіміздің жүйесі Абай хакімнің «Үш сүю немесе Иманигүл» тұжырымында тамаша талданған. Жалпы ата дінімізді Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп аталарымыздың жолымен түсіндіру, сол дәстүрлі танымды ислами білім беру әдіснамасы (методологиясы) ету – қараңғылықтан сақтайтын жол. Осы мәселені реттей алсақ, онда дін саласындағы сабақтастық, тарихи тізбекке жалғану, тамырыңды табу деген асыл мақсаттың орындалғаны. Сонымен қатар кемшіліктің дінде емес, біздің танымымызда екенін қатар мойындауымыз керек. Сондықтан діни ұғымдарды терең пайымдау, үкімдерді қағидаттар негізінде қарастыру, діни мәтіндерді тұтас мәтін ретінде қарастыру, алдыңғы үкімдерді меңгерумен қатар, заманауи ғылым арқылы қорыту дұрыс танымға жетелейді.

Қорыта айтқанда, асыл дінімізде қараңғылық жоқ, тек жеке тұлғалардың танымы мен тәжірибесінде шатасу бар. Дін ұстанушы адамның қателігі – тұтас діннің қателігі емес. Діни сауаттылық – қазіргі заманның талабы.

Абзал ЕСІРКЕПОВ, қалалық жастар ресурстық орталығының директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.