Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шаттықты шараптан іздемеңіз!

0 128

Маскүнемдік – спиртті ішімдіктерге салынушылық. Бұл адамның денсаулығына, тұрмысына, еңбек қабілетіне және қоғам өміріне зиян келтіреді. Маскүнемдік мінез-құлықты бұзумен қоса, қылмысқа да итермелейді. Мас адам бағыт-бағдарынан айырылып жүре алмайды, соның салдарынан бақытсыз жағдайға ұшырайды, жұмысқа қабілетінен айырылады. Ішкіліктің болашақ ұрпаққа зиянды екендігі де дәлел, маскүнемнің балалары да көп жағдайда кеміс, ақыл-есі кем болып туады.

Ішімдікке салыну, тіпті аз мөлшерде ішкеннің өзінде де, созылмалы алкоголизмге әкеліп, ішпесе тұра алмайтын дертке шалдықтыруы, ішкі органдарын кеселге ұшырату, адамның мінез-құлқын өзгертуі мүмкін. Ауру бірте-бірте өршиді. Маскүнемдікке салыну әуелі әуестіктен, соңынан әр нәрсені сылтау етіп, әйтеуір ішуді мақсат етуден, соны үйреншікті әдетке айналдырудан келіп туады. Алкоголизмнің алғашқы сатысы шамамен 5-7 жылға созылады. Ішкілік дертіне шалдығудың екінші сатысы – бас жазу. Алкоголизм өршіген сайын ішімдіктің қолайсыз әсері күшейе түседі: қолы қалтырайды, терлейді, ұйқысы қашады, өз-өзінен үрейі ұшып, мазасы кетеді. Алкоголизмнің екінші сатысында ішкі органдар мен нерв жүйелері едәуір зақымданады, қатты және созылмалы алкоголь психоздары пайда болады, көзіне әр нәрсе елестейді. Алкоголизмнің екінші сатысы 10-15 жылға созылады. Мұндайда адам алкогольді көтере алмайды, спиртті ішімдіктің шағын дозасының өзі мас етеді. Еңбекке жарамайды, ақыл-есінен айырылады.

Ауру асқынбай тұрғанда, созылмалы алкоголизмге дейін әркімнің ішімдіктен бас тартуына болады. Тек өзіне ерік беріп, ішімдікке салынудың денсаулығына да, туыстары мен жора-жолдастарына да, қоғамға да зиянды екендігін түсінсе болғаны. Емдеудің негізгі үш кезеңі бар, олар: алкогольден улану зардабын жою және жалпы көңіл-күйін қалпына келтіру, ішімдікке әуестік әдетті жойылып, аурудың қайталамауына бағытталған емдік шараларды ұзақ уақыт қолдану. Дәрі-дәрмекті және психотерапияны қолданумен қоса, ауру адамды қамқорлыққа алудың, тұрмыс жағдайын түзейтін әлеуметтік шаралар жасаудың айрықша маңызы бар.

Айнұр НИЯЗАЛИЕВА, облыстық психикалық денсаулық орталығының нарколог-дәрігері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.