Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қаһарман қызы қазақтың

0 246

Биыл қазақтың қаһарман қызы, Шығыстың қос жұлдызының бірі, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың туғанына 100 жыл толып отыр. Тарихи тұлғаның осы айтулы мерекесіне орай, Тараздағы М.Мәметова атындағы №27 орта мектепте (директоры – Алтынбаева Әзиза Әбдіхалыққызы) танымдық іс-шаралар өткізілуде. Білім ордасы басшылығының қолдауымен осы істе тарих пәнінің мұғалімі Нағима Аманова зор белсенділік танытып жүр. Ол жуырда Орал қаласында өткен «Қаһарман қызы қазақтың» ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысып қайтты.

Айтулы шара шаһардың «Батыр қыздар» алаңындағы Кеңес Одағының Батырлары Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталған. Салтанатты рәсімде Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, ержүрек қыздың туысы Шолпан Мәметова сөз сөйлеп, отаншылдық, ерлік туралы әңгіме өрбітті. Әрине, әңгімеге қазақтың арғы-бергі тарихындағы батырлары, мәңгі тірі Мәншүк арқау болғаны айтпаса да түсінікті. Айта кетейік, Шолпан – батырдың туған ағасы Қанаттың қызы.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция «Атамекен» өнер ордасында жалғасын тапты. Оны Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ұйымдастырғанын айтуға тиіспіз.

Мәншүктің 100 жылдығына арналған келелі кеңесті облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов құттықтау сөзбен ашып, Шолпан Қанатқызы мен Алаш ардақтысы Ғабдолхакім Бөкейхановтың жиені Шолпанай Асқарқызының иығына өңір басшысының атынан камзол жапты.

Бұдан кейін әдебиеттанушы-ғалым, көсемсөзші Мақсат Тәж-Мұраттың Алматыдағы «Тұмар» баспасынан жарық көрген «Неизвестная война Маншук» атты кітабының тұсаукесері болды. Рәсімді белгілі өлкетанушы, еңбек ардагері Жайсаң Ақбай жүзеге асырды.

Жоғарыда аты аталғандар Мәншүк туралы ой-пікірлерін ортаға салып, оқыған-білген, естігендерін әңгімелеп, Ресейдің Псков облысы Невель қаласындағы М.Мәметова атындағы мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Даниил Гущим жолдаған бейнесәлемдеме көрсетілді. Бәрі де өте әсерлі.

Конференция модераторы Мірболат Бижанұлы сөз тізгінін ұстатқан Мақсат Тәж-Мұрат «Мәншүк тұлғасын өзектендіру және Мәншүктану мәселесі» тақырыбында тартымды баяндама жасады. Онда батыр туралы тың деректер көп. Сондықтан басқосуға қатысқандар Мәншүк батыр туралы білетіндерін бұрынғыдан да байытып қайтты. Солардың бірі – жоғарыда біз айтқан М.Мәметова атындағы №27 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Нағима Аманова. Ол осында көргендерін, көңілге түйгендерін шәкірттеріне әңгімелейтін болады. Оқушылары өздері оқып жатқан білім ордасына аты берілген батыр апалары туралы бұрынғы білгендеріне қоса жаңа мәліметтерден хабардар болып, ой-өрістерін кеңейте түспек.

Ерлікке тағзым – елдік мәселе. Ол шекара таңдамайды. Ұлтқа бөлінбейді. Ол өткенге құрмет көрсетіп, келешекке үлгі етеді. Мақсат – адамдарды, әсіресе жастарды отаншылдыққа, бауырмалдыққа тәрбиелеу.

Осы орайда «Ерліктің Отаны – батырдың Отаны» халықаралық еске алу және алғыс айту эстафетасының үйлестірушісі, Әлеуметтік жады институтының директоры, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының доценті Александр Евгеньевич Ужанов Қазақстан мен Ресей әскери-мемориалдық мұраны қорғауда: «Ерліктің Отаны – батырдың Отаны» халықаралық еске алу және алғыс айту эстафетасына бірлесіп қатысу» тақырыбында сөз сөйлеп, Орал мен Невель қалалары арасында тығыз байланыс орнату, Мәншүк Мәметованы мәңгі есте сақтау мақсатында осы қалалардағы тігін цехтарында «ММ» логотипімен киімдер тіккізу, батыр атындағы арнаулы жүлделер белгіленген әскери-патриоттық ойындар өткізу жөніндегі ұсыныстарын ортаға салған. Жақсы іс жалғасын табуы үшін бұл – өте орынды ұсыныс.

Алматы логистика және көлік академиясының профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Кеңес Өмірләұлы Жүсіпов «Мәңгі өшпес ерлікке мың тағзым!» тақырыбында Кеңес Одағының батырлары Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың жауынгерлік жорықты жолдары мен жерленген жерлерінде өткізіліп жүрген мәдени, спорттық іс-шаралар барысына кеңінен тоқталса, Ресейдің Волгоград қаласынан «Курган» іздеу тобының жетекшісі Алексей Викторович Медведев «Қазақстандықтар майданда және Сталинград тылында» тақырыбында қазақстандықтардың сұрапыл соғыста Батыр қаланы қорғаудағы үлестерін айтып өтті. Батыс Қазақстан облыстық «Хан ордасы» тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей қорығының директоры Ғайса Темірболатұлы Махимов «Қазақтың батыр қызы – Мәншүк» тақырыбында баяндама жасады. Конференцияда Кеңес Одағының Батыры М.Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжінің директоры Мәжит Кузбаков пен М.Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі Ахмедияр Батырханов жарыссөзге қатысып, өз ойларын бөлісті. Сонымен қатар аталмыш шараға еңбек ардагері, ақын, жазушы Дариға Мұштанова, еңбек ардагерлері Сәния Хамзина, Әбухан Карин, Бекет Әліпқалиев, БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Қуанышбек Жанболатұлы, БҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, тәрбие, идеологиялық және әскери-патриоттық жұмыстар жөніндегі басқарма бастығы, майор Арман Үсенбаев, «ҚР ҚМ Әскери-техникалық мектебі» РМҚК Орал филиалының директоры, запастағы полковник Марат Тукпаев, Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев, Кеңес Одағының батыры М.Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Самал Тәжібаева, Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің экскурсия жетекшісі Әсемгүл Амангелді мен аға ғылыми қызметкері Сәулеш Тәжбенова, Ақтөбе облыстық «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығының директоры Бағдаш Тупенова, Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директоры Шолпан Оразаева, өлкетанушылар, тарихшы-мұғалімдер, музей және кітапхана қызметкерлері, іздеу тобы жетекшілері, магистранттар, журналистер, курсанттар, Ресейдің Мәскеу, Волгоград, Невель қалаларынан іздеу тобы жетекшілері мен мүшелері қатысқан. Тараз қаласындағы М.Мәметова атындағы №27 ЖББОМ тарих пәні мұғалімі Аманова Нағиманың осы іс-шарадан мол мағлұматтар алып қайтқанына талас жоқ. Ол осы сапардан алған әсерлерін оқушыларының санасына сіңірсем деген ойда.

– Жастар бүгінгі бақыттың бағасын білуі үшін өткен тарихтан хабардар болуы керек. Менің пайымдауымда ұрпақ сабақтастығы осында жатыр. Мен шәкірттерімді осы бағытта оқытып, оларға отаншылдықтың, Отан үшін от кешудің, тіпті керек болса, құрбан болудың қасиетті борыш екенін түсіндіре алсам, мақсатқа жеткенім. Ол үшін ізденісімді жалғастыра беруге бар- мын, – дейді Нағима Аманова.

Ізденістің ізгі жолында жүрген ұстаздың ұстанымды мақсатына жететініне сенім зор. Оның сабақ өткізудегі әдіс-тәсілдері, талмай ізденуі – осыған дәлел.

Болат ЖАППАРҰЛЫ,Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.