Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тыныштықтың туы тұрақты елде желбірейді

0 80

Ең асыл қазыналарымыздың бірі – ел тыныштығы. Сондықтан да «Бақыт бағалай білгеннің ғана басында тұрады» деп халқымыз текке айтпаса керек.

Біз бабалар аңсаған бақытты күннің жарқын таңын көріп жатқан бақытты ұрпақпыз. Ішіміз даудан, сыртымыз жаудан аман болса, алар асуымыз алда. Қабырғамызды қайыстырып кеткен «Қасіретті қаңтар» оқиғасында тыныштықтың қадірін шынайы сезінгендей болдық. Сындарлы кезеңде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев батыл шешімдер қабылдады. Соның арқасында ел іргесі сөгілмеді.

– Береке-бірлігімізді сақтамасақ, жетістіктеріміздің бәрінен айырылып қалуымыз мүмкін. Қаңтардағы дүрбелең кезінде бұған көзіміз анық жетті. Бұл оқиғалар бүкіл қоғамды дүр сілкіндірді. Халқымыз бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Мемлекетіміздің тұтастығына және егемендігімізге зор қауіп төнді. Осы күндерде жұртымыз тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінді. Татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды екенін жете түсінді. Біз мызғымас бірліктің арқасында мемлекетімізді қорғап қалдық. Уақытылы және батыл шешім қабылдап, лаңкестерге тойтарыс бердік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.

Біз байтақ Отанымызда өмір сүріп жатқан әр халықтың бақытты болғанын қалаймыз. Бүгінде әлем күрделі саяси кезеңдерді бастан өткізіп жатыр, көңілде күмән да жоқ емес еді. Президенттің Жолдауда айтқан сөзі сол күдікті сейілткендей. «Мен қашанда бәрін ашық айтып жүрмін. Індет кезінде қалыптасқан ахуал жөнінде жұртшылыққа үнемі ақпарат беріп отырдым. Кешегі қатерлі күндерде Мемлекет басшысы ретінде халыққа арнап бірнеше үндеу жасадым. Барлық жағдайды азаматтарымызға жан-жақты түсіндіріп, азаматтарымызға жеткіздім. Әрбір шешімді еліміздің мүддесіне сай қабылдадым. Бұл – мен үшін бұлжымас ұстаным. Өкінішке қарай, бүлікшілердің, қарақшылардың, лаңкестердің кесірінен қаншама азаматымыз қаза болды. Мен қара жамылған отбасылардың қайғысына ортақтасып, тағы да көңіл айтамын. Біз мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбауы үшін бәрін жасаймыз. Қазақта «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» деген сөз бар. Біздің парызымыз – қанды қылмыс жасалғанын ұмытпай, барлық содырлар мен лаңкестерді жазаға тарту. Халқымыз осы оқиғадан сабақ ала білуі керек. Елдің тыныштығын бұзып, қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрекетке ешқашан жол бермеуге тиіспіз», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Біз жер көлемі жағынан әлемдегі алдыңғы мемлекеттердің қатарындамыз. Бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалған даламызды жат қолына бермеу үшін Жәнібек, Керей, Абылай, Кенасары сынды хандар күрессе, кеше Алаш қайраткерлері алтын басынан айырылды. Есесіне осы даланы біздің еншімізге қалдырды. Атырау мен Алтайдың арасындағы кең даланың асты мен үсті толған байлық. Байлыққа қол салғысы келетіндердің жалғыз мақса-ты – біздің шаңырағымызды шайқау. Бұл туралы Мемлекет басшы да ашық айтты.

– Ішкі және сыртқы жауларымыз өзара ымыраласып, билікті басып алғысы келді. Олар халықтың наразылық шеруін басқа арнаға бұрып, жұртты қасақана арандатты. Лаңкестер мемлекеттік органдарға, стратегиялық нысандар мен бизнеске тиесілі ғимараттарға шабуыл жасады. Билікке күйе жағу үшін бейбіт тұрғындарға оқ атты. Осының бәрін шетелдегі радикалды күштер өз мақсатына пайдаланғысы келді. Олар Қазақстанды қақтығыс алаңына айналдырып, елге ойран салмақ болды. Бейбіт өміріміздің тас-талқанын шығаруды жоспарлады. Президентті биліктен кетіргісі келді, – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде жоғары лауазымды тұлғалардың болғанын жасырмады.

– Бабаларымыз «Іштен шыққан жау жаман» деп бекер айтпаған. Төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында белгілі адамдар болды. Жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасады. Опасыздардың ішінде әскери және арнаулы органдардың басшылары да бар. Олар Күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтірді. Мемлекет басшылығына қалалардағы ахуал туралы жалған ақпарат берді. Тіпті, арнайы үкіметтік және басқа да байланыс арналарын өз бақылауына алды. Бір сөзбен айтсақ, олар елді ыдырату үшін ойларына келген барлық тәсілді қолданды, – дегені ашықтық пен әділдікке қадам басқанымыздың көрінісі.

Жалпы Президенттің Жолдауы қолдауға лайық. Тәңірдің ең қымбат сыйы – тәуелсіздікті бағалау, қадірін білу – барша азаматтың борышы.

Ақерке ЕЛІКБАЕВА, И.Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.