Тұншықтырғыш газ – пайдаланылған отыннан бөлінген заттардың улы бөлігі. Көп жағдайда бұл газдан улану көмірмен немесе табиғи газбен жағылатын пештерді немесе қазандықтарды дұрыс пайдаланбаудан туындайды.
Уланған адамға дер кезінде көмек көрсету үшін мұндай уланудың негізгі белгілерінен хабардар болу қажет. Тұншықтырғыш газ иіссіз болатындықтан, ауа құрамында 0,08% көмірқышқыл газы араласқан кезде адамның басы ауырып, тұншығу белгілері сезілуі мүмкін. Көмірқышқыл газының концентрациясы 0,32%-ға дейін жоғарылаған кезде сал ауруының белгілері байқалып, есінен тану жағдайлары болады (өлім 30 минуттан кейін келеді). Концентрация 1,2%-дан асқанда 2-3 тыныс алудан кейін адам есінен танып, кемінде 3 минуттан кейін өлімге әкеледі.
Мұндай жағдайда зардап шегушіге алғашқы көмектің дұрыс көрсетілуі өте маңызды. Ол үшін алдымен уланған адамды таза ауаға шығарып, аяғын көтеріңкі күйде жатқызып, денесін тар киімнен босатып, мүсәтір спиртін иіскетіңіз. Егер адам есін біліп жатса, оған тыныштық және оттегі қажет. Мұндай кезде ыңғайлы затпен ауа желпуге немесе желдеткіш қосуға болады. Ал зардап шегуші дем алмай жатса, әуелі тыныс алу жолдарын тазалап, жасанды дем беру қажет. Сондай-ақ міндетті түрде «Жедел жәрдем» қызметін шақырыңыз. Ондай мүмкіндік болмаған жағдайда өмірлік маңызды функциялары қалыпқа келгеннен соң зардап шегушіні емдеу мекемесіне жеткізуге тырысыңыз.
Есіңізде болсын, уланған адамды қауіпті газ концентрациясы бар жерден алып шығу кезінде өзіңіз бірге уланып қалмас үшін бірінші кезекте өз қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ету қажет. Ол үшін тез әрекет етіп, қол орамалы немесе дәке арқылы тыныс алу керек.
Қарапайым қауіпсіздік шараларын барлығы біледі. Дегенмен улану жағдайлары әлі де қайталануда. Сондықтан қарапайым қағидаларды қайта оқығанның артығы жоқ:
• жылыту маусымы кезінде тек жарамды жабдықтарды қолданыңыз. Пештегі жарықтар, тазаланбаған түтін құбыры және өзге де ұсақ-түйектер ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
• пештер мен каминдерді қағидаларға сәйкес қолданыңыз. Желдету жүйесінің жұмысына жүйелі түрде тексеру жүргізіп, түтін құбырларын уақытылы тазалаңыз, пештер мен каминдерді салған кезде тек кәсіпқой мамандарға жүгініңіз.
• автокөлік иелері, көлікжайда (гаражда) қозғалтқыш бөлігі қосулы күйде жұмыс жасамаңыздар!
Қайрат ОРАЗБАЕВ,
Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі