Қалалық қоғамдық-саяси газет

Облыс әкімі тараздықтардың талап-тілегін тыңдады

0 682

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласы №5 аумақтық округінің тұрғындарымен кездесті. Басқосуға қала әкімі Бақытжан Орынбеков, облыс әкімдігі басқармаларының, қала әкімдігі бөлімдерінің және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

Жиын барысында шаһар басшысы аталған аумақтық округте жыл басынан бері істелген жұмыстар жайында есеп берді. Өз сөзінде Бақытжан Әмірбекұлы округке қарайтын 5 мөлтек аудан, 2 массив, 9 көше мен 6 бұрылыста бірқатар мәселелер барын, олардың кезең-кезеңімен шешіліп келе жатқанын айтты.

– Жалпы, қала тұрғындарымен кездесулерде көтерілген көшені түнгі жарықтандыру, көпқабатты тұрғын үйлерді қайта жаңғырту, көше жолдарын жөндеу сияқты өзекті мәселелер зерделеніп, тиісті шаралар қабылданды. Қазіргі уақытта қала көшелерін жөндеу және жарықтандыру бойынша 2023-2027 жылдарға арналған 5 жылдық жоспар әзірленуде. Бірінші кезекте мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау нысандары орналасқан және қоғамдық көліктер көп қатынайтын көшелер жөнделіп, жарық жүргізіледі.

Ал тұрғын үй қорын жаңғырту бойынша құрылыс нормативіне сәйкес, көпқабатты үйлер әр 30 жыл сайын күрделі жөндеуден өту қажет. Қазіргі таңда, қала аумағында 1 110 үйдің пайдалануға берілгеніне 30 жылдан асқан. Тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы аясында 2011 жылдан бүгінгі күнге дейін қалада 410 үй жөнделген. Демек әлі 700 үй күрделі жөндеуді қажет етеді. Биыл 68 көпқабатты үйге жөндеу жұмыстары жүргізілуде, Оның ішінде 5-ші аумақтық округ бойынша 15 үй жөндеуден өтуде. Ондағы жұмыстар 10 қарашаға дейін толық аяқталады деп отырмыз, – деді Б. Орынбеков.

Бұдан бөлек, қала әкімі көпқабатты тұрғын үйлер аумағын абаттандыру қоғамдық көлік, каналдарды жөндеу және қаңғыбас ит-мысықтардың мәселелеріне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, қоқыс тазалау бойынша істелген жұмыстар жайын айтып, тұрғындарды өздері тұратын аумақта тазалық сақтап, сенбіліктерге белсенді қатысуға шақырды.

Келесі кезек сұрақ-жауапқа беріліп, округ тұрғындары өздерін толғандырып жүрген мәселелерін ортаға салды. Жаяу жүргіншілер жолы, коммуналдық шаруашылық, қалалық ирригация жүйесі, абаттандыру, жеке құрылыстардың туындатып отырған қолайсыздықтары және аулаларға бейнебақылау камераларын орнату жайындағы сауалдарды облыс әкімі Нұржан Нұржігітов мұқият тыңдап, әрқайсысына жауап берді. Сонымен қатар, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмаларын жүктеді.

Кездесу соңында аймақ басшысы округ тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдап, онда да қойылған сауалдардың шешімін табу жолдары қарастырылды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.