Қалалық қоғамдық-саяси газет

Медициналық кешендердің мүмкіндігі мол

0 1  094

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова облыстық фтизиопульмонология орталығында болып, емдеу мекемесінің жай-күйімен танысты.

Туберкулез ауруын диагностикалау және емдеу үшін неотехнологияны қолдана отырып халыққа маман-дандырылған медициналық көмек көрсету және облыс халқының ден-саулығын жақсартуға бағытталған туберкулезге қарсы сапалы, қолжетімді, мамандандырылған медициналық көмек көрсететін орталықта 200 төсек орны бар. 2019 жылы тамыз айында туберкулезге күдікті пациенттерді генді-молекулярлы әдіспен қамту үшін USAID-тің қаржылай көмегімен және ғаламдық қордың есебінен Байзақ, Меркі, Қордай, Шу және Талас аудандарына «Gene-Xpert» аппараты орнатылып, іске қосылған болатын. Сондай-ақ қосымша 2 «Gene-Xpert» құрылғысы алынып, жалпы 8 «Gene-Xpert» аппараты жұмыс істеуде. Заманауи құрылғылардың көмегімен ауруды анықтау және оның алдын алу үшін әдістері оңайлаған.


Ағымдағы 9 айында облыс бойынша туберкулез аурушаңдығы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,6 пайызға төмендеген. Дегенмен облыс көлемінде алғаш анықталған науқастардың ішінде өкпе деструкциясымен тіркелетіндер саны өсе түскен. Сондықтан осы мәселе бойынша жұмыстарды үйлестірумен қатар кейбір науқастардың туберкулез ауруы асқынған жағдайда ол басқа диагнозға ұласып кетуі салдарынан өлімге әкелетін себептер туындайтынына мән беру қажеттігін баса айтқан Жанар Оспанова арнайы емдеу мекемесінің басшысы Дабыл Шымыровқа тиісті тапсырмалар берді. Бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіруді баса қадағалауы қажет екенін айтқан ол өз тарапынан туындаған мәселелерді шешуге ықпал ететінін және алдағы уақытта мұны өз бақылауына алатынын да жеткізді.


Соңғы мәліметтер бойынша, стацио-нарда 8 науқас қайтыс болған. Сондықтан пациенттердің өлім жағдайына жол бермеу үшін көпсалалы командалық әдіспен ауру тарихын жан-жақты тексеру мен зерттеуді және емнен соң оңалту бағытындағы бөлімдерді ашуды ұсынған Жанар Мықтыбекқызы науқастың аурудан ем алғаннан кейінгі жағдайына аса мән беру қажеттігін баса айтты. Бұл бағытта бас дәрігерге аталмыш мәселені жіті қарастыру жолдарын тапсырды. Сондай-ақ мекеменің жалпы тыныс-тіршілігімен танысып, қойма, асхана, науқастардың серуен бағы, емдеу орнының жай-күйін көрген басқарма басшысы орталықтың бас дәрігері Дабыл Омарұлына тиісті тапсырмалар берді.
Содан соң Жанар Мықтыбекқызы «Әмір және Д» өндірістік мақсаттағы қойма-жайлары бар фармацевтикалық кешенге де ат басын бұрды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында: «Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн», – деген еді. Отандық өнімді өндірісте пайдалану жағынан көш бастап тұрған фармацевтикалық кешеннің басшылығына облыстың бас дәрігері тиімді де іргелі ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ дәрі-дәрмек қорын электронды ақпараттандыру жүйесіне біріктіруді ұсынды. Бұл емдеу мекемелері үшін тиімді әдіс болмақ.
Өндірістің жалпы аумағы 7 754 шаршы метр болатын мекеме дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада өткізу, медициналық бұйымдар өндірісін шығарумен айналысады. Атап айтқанда, иммунохроматографиялық талдауға арналған жедел тесттер, соның ішінде COVID-19 коронавирустық инфекциясы, мерез, АИТВ, В гепатиті, А гепатиті, С гепатиті, TORCH инфекцияларын анықтауға арналған жедел комботест, кардиомаркерлер, ісік маркерлері, аллергия, зарарсыздандыру пакеттері және өзге де өнімдерді сырттан әкелмей, бірқатар медициналық нысандарды қамтып отырған орталық 1993 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кешеннің жағдайымен жіті танысқан Жанар Оспанова бірқатар инновациялық әдіс-тәсілдерді облыстық емдеу орындарына енгізу және дәрі-дәрмек препараттарына тиімді қол жеткізу үшін пациенттерге ыңғайлы жағдай жасау бойынша ұсыныстар айтып, алдағы уақытта фармацевтикалық кешенмен бірігіп атқарылар жұмыстарды белгіледі.

Жұматай Көксубай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.