Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақ халатты абзал жандар ұстаханасы

0 159

Тәуелсіздік жылдары медицина мамандарын даярлауға айрықша ден қойылды. Соның нәтижесінде адам жанының арашашысына айналған ақхалаттылар денсаулық сақтау саласына үлкен еңбек сіңіруде. Бүгінде білікті кәсіп иелерінің арқасында медицина саласы қарқынды дамып, жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Бұған Жамбыл медициналық жоғары колледжінің қосқан үлесі зор.

Аталған білім ордасы – еліміздегі ең байырғы орта буынды медицина және фармацевтика мамандарын даярлайтын, біліктілігін арттыру және қайта даярлау курсын өткізетін арнаулы оқу орындарының бірі.
Тарихына тоқталар болсақ, 1936 жылы 12 ақпанда Мирзоян қаласында екі жылдық медсестра мектебі құрылған болатын. Мектептің алғашқы ұйымдастырушысы және директоры қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері И.Н.Промонтов болды. 1938 жылы алғашқы түлектер оқуды тәмамдады. Кейін мектепті облыстың бас хирургы Н.Р.Пак басқарған.


Кейін колледждің тізгінін акушер-гинеколог З.Овчинникова, дәрігер-терапевт А.Тыныбекова, дәрігер-педиатр Р.Нұрланова, педагогика ғылымдарының кандидаты С.Қоңырова сынды білікті басшылар ұстады. Осы жылдар ішінде колледждің материалдық-техникалық базасы нығайып, жатақханасы, оқу корпусы пайдалануға берілді. 2016 жылдан бері колледжді «Білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін», «Мәңгілік елдің мәртебелі мұғалімі», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерінің иегері Жамиля Сарыбекова басқаруда.


Еңбек нарығында қажетті, азаматтық өмірлік ұстанымы белсенді жоғары білікті мамандар дайындауды басты мақсат еткен оқу ордасында бүгінде «Емдеу ісі» бойынша біліктілігі «Фельдшер», «Акушер», «Мейіргер ісі» бойынша біліктілігі «Жалпы тәжірибедегі мейіргер», «Мейіргер ісінің қолданбалы бакалавры», көзі көрмейтін мүгедектерге арналған «Массажист», «Фармация» бойынша біліктілігі «Фармацевт», «Зертханалық диагностика» бойынша біліктілігі «Медициналық зертханашы» мамандықтары оқытылуда.

Колледждің материалдық-техникалық базасы цифрландыруды енгізумен, оқу-тәрбие үдерісіне ақпараттандырумен, білім беру үдерісіне инновациялық технологиялар-smart-технологияларды енгізумен жабдықталған. Мұнда орта медициналық мамандар мен студенттердің білімі мен тәжірибелік дағдыларын бағалау мақсатында клиникаға дейінгі оқу-тәжірибелік орталығы, аймақтық симуляциялық орталық, мейірбике ісін дамытудың аймақтық орталығы жұмыс істейді. Колледж жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ білім ордасының ақпараттандыру жүйесі компьютерлер, планшеттер, интерактивті тақталармен, лингафондық, мультимедиалық және мобильді кабинеттермен, экрандармен, мониторинг және білім беру сапасы бөлімімен, ақпараттық дүңгіршектермен, смарт анатомия, патанатомия, физиология кабинеттерімен жабдықталған. Сонымен қатар былтыр колледждің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында, білім беру үдерісіне инновациялық технологияларды енгізумен қатар Пирогов үстелі алынды.
Мұндағы спорт алаңы, «Ардагерлер аллеясы», «Адалдық алаңы», «Мейірім» әлеуметтік дүкені, «Денсаулық» жаттығу залы, «Coworking» оқу орталығы, «Sanaly urpaq» студенттік клубын, «PULSE TV» телестудиясы, «Jasyl daʼrihana» жылыжайында студенттер бос уақыттарын тиімді өткізумен қатар алған білімдерін тәжірибемен ұштастыруға да мүмкіндік алуда.
2020 жылы колледж қабырғасында С.Асфендияров атындағы ұлттық медициналық университеттің филиалы ашылды. Осында оқығысы келетін жастардың қатары да жыл сайын артуда.
Жамбыл жоғары медициналық колледжі 85 жыл ішінде 25 мыңға жуық орта буын медицина қызметкерлерін дайындап шығарды. Олардың ішінде колледж ұжымы мақтан тұтатын, елімізге танымал медицина ғылымдарының докторлары, профессорлар Т.Кукеев, Н.Абдықалиев, А.Бейсебаев, А.Қарқабаева, Б.Наржанов, ақын К.Ахметова бар.
Колледжде дамуы жоғары, ауызбіршілігі мықты, ұйымшыл, еңбекке қабілетті ұжым қалыптасқан. Осындағы жалпы саны 210 қызметкердің ішінде ғылым кандидаттары мен магистранттардың да қарасы қалың. Олардың басым бөлігі ҚР «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Білім беру ісінің үздігі», «Айрықша жетістіктері үшін», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Алтын дәрігер», «Гордость образования», «Мәңгілік елдің мәртебелі мұғалімі», Ы.Алтынсарин атындағы, тағы басқа да көптеген наградалармен марапатталған.
– Колледж орта медициналық және фармацевтикалық білімі бар кадрларды даярлау және қайта даярлау бойынша еліміздегі жетекші оқу орны болуға ұмтылып келеді. Соның арқасында білім ошағы ҚР Ұлттық бизнес-рейтингінің «Қыран» аймақтық тұтынушылар лигасының «Білім беру қызметі» номинациясы бойынша «Халық таңдауы», «Алтын қыран» сапа сертификатын иеленсе, 2015-2019 жылдар аралығында «Білім беру саласының көшбасшысы» атанды. Сондай-ақ колледж шетелдік білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарымен ынтымақтастыққа көп көңіл бөледі. Оқытушылар білім алушылардың ғылыми әлеуетін үнемі дамытып, студенттері әртүрлі деңгейдегі ғылыми-зерттеу және қоғамдық іс-шараларға, аймақтық, облыстық және республикалық, халықаралық конференцияларға, байқауларға белсенді қатысады. Айталық, «ҚР медициналық колледжінің үздік түлегі-2015» республикалық байқауында – ІІІ, «Үздік фармацевт-2015» байқауында – ІІ, «WorldSkills Kazakhstan 2021» сайысында I орынды еншіледі. Бұл, әрине, жарқын жетістіктердің бір парасы ғана. Бұл қатарға «ЛИДЕР ОТРАСЛИ» Құрметті атағымен марапатталғанын және Қазақстан Республикасының 100 үздік мемлекеттік кәсіпорындарының қатарына енгенін де қосуға болады, – дейді колледж басшысы Жамиля Нұрғалиқызы.
Мейіргер білімін жаңғырту, жаңа мамандықтар бойынша лицензия алу, қолданбалы бакалавриат мамандарын даярлау, педагогикалық кадрларды жоғары медициналық білімі бар оқытушылардан жасақтау, шетелдік білім беру мекемелерімен тәжірибе алмасу, материалдық-техникалық базасын нығайту – міне, осының барлығы колледждің қол жеткізген және жүзеге асырған ауқымды жұмыстарының бір бөлігі. Олар осы арқылы медицина мамандарының да мәртебесін арттыруда.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.