Қалалық қоғамдық-саяси газет

Айшыққа толы айтулы мейрам

Таразда Республика күні кеңінен аталып өтті

0 145

«Баласағұн» орталық концерт залында Республика күніне арналған салтанатты шара өтті. Алғашқы болып сөз алған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов тұрғындарды мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебізін жолдады.

– Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 25 қазанды еліміздің басты мерекесі ретінде атап өту жөнінде бастама көтеріп, тиісті заңға қол қойды. Осылайша елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы қайта жаңғырып, 13 жылдан соң ұлы мерекені қайта атап өтудеміз.
Республика күні – ұлтымыздың еңсесін көтеріп, рухын асқақтатқан ең құнды мереке. Бастарын бәйгеге тігіп, бодандық құрсауынан шығуға ұмтылған аталарымыздың армандары орындалып, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Тәуелсіз Қазақстан бүгінде ел дамуының жаңа кезеңіне нық қадам басқан, болашағына үлкен сенім артқан мемлекетке айналды.
Әр жыл еліміздің одан әрі дамуы үшін тарихи шешімдерге толы болуда. Бүгінде ел Президенті «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын алға тартуда. Ортақ мақсатқа жету жолында облысымыздың тұрғындары да лайықты үлес қосуда. Бүгінде Жамбыл облысы қарқынды дамуда. Біз өзара бірлігіміз бен тұрақтылығымыздың арқасында алдағы уақытта да жетістіктерге қол жеткізе аламыз, – деген аймақ басшысы әр салада жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар жамбылдыққа Мемлекет басшысының Жарлығымен белгіленген мемлекеттік наградаларды табыстады.
Дәл осындай салтанатты жиын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамының ұйымдастыруымен Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде де өтті. Шараға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Мереке Кучекбаев қатысты. Жиналғандарға алдымен Республика күні мерекесінің маңыздылығы мен тарихына қатысты шағын бейнеролик көрсетіліп, одан соң аймақ басшысы қатысушыларды мерекемен құттықтап, Қарулы Күштер қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі.
Мерекелік шаралар легі мұнымен толастамады. Айталық, дәл мереке күні Тұңғыш Президент саябағы мен «Көне Тараз» кешенінде айшықты іс-шаралар ұйымдастырылды. Жергілікті қолөнершілердің көрмесі, автокөлік шеруі, спорттық жарыстар өтіп, мерекенің маңыздылығын арттыра түсті. Жергілікті өнерпаздар ән мен биден шашу шашып, әулиеаталықтарға ерекше әсер сыйлады.

13 жылдан кейін қайта қауышқан мейрамды атап өту тек бір күнмен шектелмеді. Айталық, мереке қарсаңында облысымызда көптеген нысандар ел игілігіне берілді. Мәселен, Байзақ ауданына қарасты А.Суханбаев ауылдық округінің Жақаш елді мекенінде жаңа учаскелік полиция пункті ашылды. Жаңа ғимаратта учаскелік полиция пункті кеңсесі мен инспектордың отбасына арналған қызметтік тұрғын үй бірге қамтылған.
Жаңа ғимараттың ауданы 108 шаршы метрден асады, кеңсеге телефон және интернет байланысы тартылған, жиһаз, тұрмыстық техника және жұмысқа қажеттінің барлығы бар. Жақаш елді меке- ні – ауылдық округтің орталық ауылы, құрамында Қосы батыр, Көкөзек ауылдары да бар. Аталған округке учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Алихан Симбиев қызмет көрсетеді. Жыл басынан бері ауылдық округте ауыр қылмыстар тіркелмеген.
Учаскелік полиция пункті «Жұртқа жақын полиция» қағидаты және полицияның сервистік жұмыс моделі шеңберінде ашылып отыр. Учаскелік полиция инспекторының жұмыста тәулік бойы болуы ең бірінші кезекте ауыл тұрғындары үшін ыңғайлы болмақ.
Осы секілді Т.Рысқұлов ауданында да алғашқы модульдік полиция бекеті ашылды. Аудан тұрғындарының тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қадағалау мақсатында салынған полиция бекетінің ашылу салтанатына аудан әкімі Ернар Есіркепов қатысты.
Ел Президентінің «халықпен етене жақын болып қызмет ету қажет» деген тапсырмасы аясында осындай модульдік бекеттерді ашу қолға алынған болатын. Республика күні қарсаңында ашылып отырған бұл нысанда қызмет ететін модульді бекет қызметкерлері аумақты патрульдеп, тәулік бойы кезекшілік атқарады.
Аудан тұрғындары көп шоғырланатын орын ретінде бекет Орталық алаң мен «Жеңіс» саябағының арасында орналасып отыр. Бекетте полиция қызметкерлері үзіліссіз жұмыс істеп, тұрғындардың полицияға жүгінуіне ыңғайлылық тудырып, ауысымға түскен қызметкерлерге өтініш пен арыздарға, сондай-ақ көмек көрсету үшін жылдам әрі жедел әрекет етуге арналған.
Ұлттық мерекеге орай Шу ауданында 3 білім беру нысаны есігін айқара ашты. Атап айтқанда, ауданға қарасты Мойынқұм, Ақсу ауылдарында жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен 2 бөбекжай-бақша, Шу қаласында бастауыш мектеп ашылды.
Салтанатты шараларға аудан әкімі Сәкен Арубаев қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады. Ол бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында аймақта атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.
Мойынқұм ауылындағы жаңадан пайдалануға берілген балабақшаның құрылысы «Ерке-Есіл» ЖШС-нің қаражаты есебінен жүргізілген. Бөбекжай 200 балаға шақталған десек, елді мекендегі 40 адам жұмыспен қамтылған.
Ақсу ауылындағы жаңа балабақшада да 50 бала тәрбиеленіп, 10 адам тұрақты жұмыс істейтін болады.
Республика күні мерекесіне орай Шу қаласында 280 орынды «IQ URKER SCHOOL» жекеменшік мектебі де қолданысқа берілді. Нысан ғимараты екі қабаттан тұрады, оқу кабинеттері, спорт және музыка залымен қамтылған. Білім ошағы мектепалды даярлық және бастауыш сыныптар бойынша негізгі және қосымша мемлекеттік білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады.
Бұдан бөлек, мереке қарсаңында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі де көпшілік көңілінен шықты. Мұнда облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласы және тұрақтандыру қорының өнімдері арзан бағамен ұсынылды.
Жәрмеңкеде жалпы құны 101,2 миллион теңгені құрайтын 169,1 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары сатылымға шығарылды. Оның ішінде 18 тонна ет (жылқы, сиыр, қой және тауық еті), 3 тонна шұжық, 7,3 тонна сүт, 7 мың дана жұмыртқа, 0,5 тонна кондитерлік, 4 тонна макарон, 0,5 тонна тұз, 4 тонна балық, 6 тонна ұн, 2,6 тонна бал және 123,2 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бар.
Аталған жәрмеңке облыстың тауар өндірушілеріне өз тауарларын делдалсыз, тұтынушыларға тікелей сатуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде жәрмеңкедегі тауарлардың бағалары нарық бағаларынан 10-20 пайыз төмен болды. Осы орайда айта кетерлігі, бағаның тұрақтылығын 30 адамнан құралған еріктілер бақылады.

«Jambyl-Taraz» тілшілер тобы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.