Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сәрсенбек БӘКІР, сазгер: «Ақын, сазгер, әншінің басын қосатын одақ керек»

0 1  091

«Аузынан айдың түскен қыз», «Не пайда?», «Махаббат назы», «Сезімді қайтем тулаған?», «Соғады сен деп жүрегім» секілді жүрек төрінен орын алған лирикалық әндердің авторы, сазгер Сәрсенбек Бәкір бүгінде ұстаздық жолда еңбек етіп жүр. Талай әншінің бағын ашып, әндері хит болған белгілі сазгер шығармашылығынан жаңалық күтіп жүрген халық көп. Олай болса, өміршең әндерді өмірге әкелген сазгермен болған сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Талантты ақын Серік Томанов әнге қосқан «сандуғаш үнді, сарғалдақ өңді сары баланы» халық сағынды. Аға, шығармашылықтан төбе көрсетпегеніңізге талайдың жүзі. Қайда жүрсіз?

– Ән әлемінде жүріп, мүйізі қарағайдай ақындармен байланыста болдым. Мәселен, Таластың тамшысынан жаралып, топырағынан нәр алған дарынды ақын Серік Томановпен таныстым. Одан соң «Не пайда?» әніме сөз жазған ақын Асылхан Сапаевпен әріптес, үзеңгілес болдым. Мұның өзі мен үшін өнер өлкесіндегі жеткен жетістігімнің бірі деп білемін. Алайда 2003 жылы қарашаның қара суығында Серік ақыннан, 2004 жылы Асылхан Сапаевтан қапыда көз жазып қалдық. Шығармашылықтағы әріптес ағалардың қазасы ауыр соққы болып тиді. Рас, мен 2006 жылға дейін шығармашылық ізденісте болдым. Одан кейін де сөзін арқалап келген ақындардың қатары некен-саяқ еді. Бұл шақта талай ән жарыққа шығып, халық жүрегінен орын алып үлгерді. Қоржынымдағы әндерімді алып, 2006 жылдан бастап 2014 жылға дейін үзіліссіз есеп беру кешімді өткізіп тұрдым. Халықтың ақ батасымен 2014 жылы Алматыдағы Республика сарайында «Соғады сен деп жүрегім» атты ән кешім өтті. Одан кейін әлі халықпен жүздесудің сәті түспепті. Ал осы аралықта шынымен мүлдем ән жазбадым.

– Өлең әлеміне өзінің әдемі өрнегін салған Серік Томановпен таныстық қалай басталып еді?

– Жамбыл мәдени ағарту училищесін, одан қалды Шымкент қаласындағы мәдениет институтын аяқтаған соң, еңбек жолын өзім туған Талас ауданы, Ойық ауылына қарасты Сейілбек елді мекенінде клуб меңгерушісі болып бастадым. Сонымен қатар өзім оқыған мектепте музыка пәнінен сабақ бердім. Ұстаздық жолда жүріп, кітап оқу ісіне ден қойып, жамбылдық ақындардың өлеңіне ән жаздым. Ақын, сазгер Тынышбай Рахымның өлең кітаптарын іздеп жүріп оқыдым. Өлеңдеріне ән жаздым. 1994 жылы Асылхан Сапаевпен танысып, ол кісі маған бірнеше шығармаларын таныстырып, «Не пайда?» өлеңін ұсынды. Ақын бойындағы толғанысқа толы мәтінге мен тебірене ән жазып, оны институт қабырғасында бірге оқыған «Нұр-Мұқасан» дуэті орындап, әннің бағын ашты. Жарыққа шыққаннан кейін ән менің ауылдан қайта қалаға қоныс тебуіме себеп болды. Сонымен 1996 жылы алғашқы концертімді туған жерім Таласта өткіздім, одан кейін Таразда ұйымдастырылды. Жүректі жарып шыққан әндер қатары артып, сол уақыттан бері жыл сайын жұртшылықпен жүздесіп, концерт беруді дәстүрге айналдырдым. Жеке шығармашылық кештерімнен соң мені ақын Серік Томанов ағамыз да тани бастаған көрінеді. 1997 жылы екеуміз базарда кездесіп қалдық. Базардан бастау алған таныстықтан соң екеуміз қалада тұратын жездемнің үйіне келіп, сонда ақын маған өзінің өлеңдерін оқып берді. Бірақ сол туындылардың ішінен мен ән жазуға лайығын таппадым. Сөйтіп, Серік ақын сиясы кеппеген бір өлеңі барын айтып қалды.
Дертімді қалай емдермін,
Не амал, оған не істерміз?!
Арманым болдың сен менің,
Аузынан айдың түскен қыз, – деп бір шумақ өлеңді қағазға жазды да, қалдырып кете барды. Мына шумақты қайта-қайта айта бастадым. Сол кездерде маған да ыңылдап бір ән келіп жүретін. Ақырын ғана осы мәтінді әуеніме салдым. Бір күннен соң Серік ағам өлеңнің толық мәтінін әкеліп берді. Ән де, сөз де бір-біріне тура құйыла кетті. «Апырай» дедім мен. Араға жыл салып «Сезімді қайтем тулаған?», «Соғады сен деп жүрегім», «Әкені аңсау» деген өлеңдерді тапсырыспен жаздырдым. Дарынды ақынмен байланыса жүріп, 5 өлеңіне ән жазыппын.

– Жүрек қылын шертер жырыңызбен жанын рақатқа бөлейтін Жамбыл жұртшылығы өзіңізбен жыл сайын есеп беру кешіңізде жиі бас қосатынын айттық. Осы үрдісті қайта қолға алу ойда бар ма?

– Қайта келемін-ау. Алайда өнерге келген алғашқы жылдары алдағы мақсат шығармашылықты шыңдап, жылда өзімізге есеп беріп отырушы едім. Соның арқасында ән қоржыным толысып, жаңарып та отыратын. Бұрынғы әндерімізге өзгеше өң беріп, орындаушысын өзгертіп отырдық. Байқасам, орда бұзар шағымда мен бірнеше рет кеш беріп, шығармашылық жолымды қалыптастырып үлгеріппін. Әрине, енді уақыты келсе бәрі оңалады, қайта ораламын. Бүгінге дейін әндерімді нотаға түсіріп, мәтінімен қалтаға салып алып жүруге ыңғайлап «Махаббат назы» деген кішкене кітапша шығардым. Енді осы жұмысты ары қарай қолға алып, менің шығармаларымды ән сабағында оқулық ретінде қолданса деген оймен үлкейту көзделуде. Кітапхана сөрелерінен орын алса да ғажап. Қазір ән қоржынымда 40-тан астам дүние бар. Жарыққа шықпағандары қаншама. 2014 жылдан бері менде шығармашылық үзіліс кезеңі болды ғой. Ол уақыттан бері өмірге қанша ән келді, сахнаға талай әнші көтерілді. Ескі әндер қайта өң алып, халықпен қауышты. Мәселен, ертеде домбырамен орындалған халық әндері кейін келе аранжировка жасау арқылы түрленіп, басқаша сипат алды. Өнерсүйер қауым оны қабылдай білді. Бастысы – осы. Бірақ өң берем деп, өңін жоғалтып алған әндерді де көріп қынжылып жатырмын.

– Көбіне ән айтатын әншілер танылады да, олардың жұлдызын жаққан сазгерлер тасада қалып жататыны жасырын емес. Ал оларды өсіп келе жатқан ұрпаққа таныту үшін не істеуге болар еді?

– Қазір әнші – сазгер, әнші – ақын әрі орындаушы. Бұл – бүгінгі сахнадағы өнер иелерінің көбінің болмысы. Кеңес дәуірі тұсында осы үш адамның басын қосатын көркемдік кеңес жұмыс жасайтын. Ал қазір бұлардың басын қосатын бірлестік жоқтың қасы. Көркемдік кеңессіз бір ән сахнаға шықпайтын. Демек, бұрынғы әнде жүйе болды. Қазір басқаша. Ұлтты тәрбиелейтін теледидар десек, сол БАҚ-тың саласында стандартқа сай әншінің ғана аты аталып, ақын мен сазгер аты титрларға шықпайтын болыпты. Сазгерлерді халық қайдан танысын осыдан кейін? Бәрі қазір Төреғали Төреәлі, Қайрат Нұртасты таниды. Батыстың бұралаңы тағы да бізді тұншықтырып жатыр. Сол шығарма «әншінің әні» деп қана аталып жүр. Осындай бассыздықтарды болдырмау үшін ақын, әнші, сазгердің басын біріктіретін орталық құратын уақыт келді. Тіпті қазір сазгерлердің де саны жетерлік. Көп болғаны жақсы, мейлі. Алайда қазір сол кейбір сазгерлердің әнін алып қарасаң, бір тармақ екінші тармақпен үндесе алмай, жұлым-жұлымы шығып тұрады. Мәселен, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Ескендір Хасанғалиев, Алтынбек Қоразбаев ағаларымыздың әнін алып қарасақ, әнде ортақ үндестік бар. Бір үйдің туғандары дерсің, шіркін!

– Расында, аға, елге есті ән керек қой. Қазір «қазақ әні қайда барасың?» деушілер саны да артып барады. Есті де ескі әрі өміршең әндердің азаюына не себеп деп ойлайсыз? Қазақ мәдениеті қайткенде көтеріледі?

– Есті ән жазылу үшін әркім өзінің жұмысын істесе болғаны. Әнші әнін орындап, ақын сөзін, сазгер әнін жазып дегендей. Сонда осы одақтан жақсы дүние пайда болар еді. Саны артса мейлі, оларды сапасыз деп сахнадан жұлып алатын қазір ешкім жоқ. Бәрібір олар бір жағынан ақсаң басып тұрады. Дана халқымыз «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деп бекер айтпаған ғой. Барлық шығармада сапа алғы шепте болуы тиіс. Сондықтан телевидение, радиомен жақсы жұмыс істеу керек. Бұрындары да батыстың даңғазасына еліткен әндер болды. Бірақ олар «көше әні» деп аталатын. Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Ескендір Хасанғалиевтің әндері тұрғанда, көркемдік кеңес оларды қалай сахнаға шығарсын? Бұл ұйым тарала бастасымен, көше әндері қазақ сахнасына көш алды. Олардан «қандай өлең, кім жазды?» деп сұрап жатқан ешкім жоқ. Осыдан қазіргі жастар бұрынғы әндерді тыңдағысы келмейді. Бұл да бір өтпелі кезең шығар, бәлкім. Алайда олай деп тарихты жоғалтпауымыз керек. Ақан сері, Естайдың әндерін білмейтін ұрпақ арғы тарихын қайдан білсін?! Егер кім екендігін білгісі келсе, солардың әніне жүгінер еді. Дархан даламыздай кең диапазонды әншіні мен әлі көрмедім. Әннің құндылығы жоғалды. Тыңдарманның да талғамы түсіп кетті. Батыстан соққан дауыл қазақ мәдениетін әлі күнге шайқалтып тұр. Жоғарыда атап өткен арнайы одақ жұмысы іске қосылса, қазақ өнері бұлайша құлдырамас та еді.

– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Толғанай БЕКЕТҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.