Қалалық қоғамдық-саяси газет

Балабақша – бар тәрбиенің тірегі

0 159

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйектегі Жолдауын балабақша қызметкерлері зор ықыласпен қабылдады. Әсіресе Президенттің мектепке дейінгі тәрбие төңірегінде айтқан сөзі өте құптарлық. «Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды», – деген Мемлекет басшысы балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешіп қана қоймай, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейтуді тапсырды. Соған сәйкес, осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітіліп, олардың жұмыс жүктемесі де біртіндеп азаймақ. Сондай-ақ балабақша емес, тәрбиешілер аттестацияланатын болады.

Расында, бар тәрбие мен білімнің бастауы, тірегі – балабақша десек, қателеспейміз. Бөбекжайдан саналы тәрбие, сапалы тәліммен қаруланған бүлдіршін бойында адами құндылықтардың да берік негізін қалыптастырады. Бұл тұрғыда тәрбиешілерге де зор жауапкершілік жүктелген. Бұл қызметті атқару екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені бұл – бала жанын тереңнен сезінетін, өз ісін жан-жақты білетін, бүлдіршіндерді жан-тәнімен сүйе алатын, оларды бағалай білетін нағыз маманның қолынан ғана келетін жұмыс. Ұлы педагог Г.Песталоцци: «Егер де сүйе білмесең, тәрбиелеуге құқығың жоқ», – деген екен. Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту еңбекке деген рухани адамгершіліктің қалыптасуына серпін беріп, негіз болады. Бірақ бұл қажеттілік балаға күш салмай іске асуы мүмкін емес, сондықтан оны еңбексүйгіштікке, шыдамдылыққа, ұқыптылыққа, дербестікке, белсенділікке және өз еңбегімен айналасындағыларға қуаныш сыйлауға талпынуына тәрбиелеу қажет. Осы арқылы баланың бойында асыл қасиеттердің дәнегін еге аламыз.
Егемендік жылдары балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мақсатында аз жұмыс атқарылған жоқ. Соған сай тәрбиешілердің де мәртебесі жоғарылап келеді. Мемлекет басшысының өз Жолдауында осы саланың мамандарына ерекше екпін түсіргені көңілге қуаныш ұялатты. Ендеше, біздің міндетіміз – Жолдау жүктеген міндеттердің орындалуына бірлесе күш салу. Сонда ғана жетістікке жете аламыз.

Асель АБДИКЕРИМОВА, №14 «Жарқынай» бөбекжай-бақшасының әдіскері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.