Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа Қазақстандағы жаңаша серпін

0 119

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп аталатын қыркүйектегі Жолдауын асыға күтіп, мұқият тыңдадым.

Бұл құнды құжат ерекшелігімен жүрегіме жылулық ұялатты. Көрсетілген басым бағыттардың аясында көңілге қуаныш сыйлап, үміт отын жағатын келелі мәселелер көрсетілген. Соның ішінде «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция» атты үшінші бағдарда мені қатты ойға салған түйінді мәселелер сөз болды.
Президенттің: «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана қоғам орнықты дамиды», – деген сөзінен көп жағдайды аңғаруға болады. Менің қызмет етіп жүрген ортам жоғары оқу орны болғандықтан, тәрбие, білім беру жүйесі қатты толғандырады.
Шындығында да, ұлттың сапасын жақсартуда білім жүйесінің орны ерекше. Білім деген сөздің астарына үңіліп қарасақ өте терең. Атап айтсақ, білім – асыл қазына, адам бойына біткен ең мықты қару. Адам қаншалықты білімді болса, соншалықты бай-қуатты болады. Осы орайда атақты ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі», – деген қанатты сөзі бар. Бұл сөздің растығын өмір тәжірибесі талай мәрте дәлелдеп келеді. Біздің ата-бабаларымыз тәрбиенің де орны бөлек екенін жақсы білген. Өйткені ұрпаққа үлгілі тәрбие бере алу – қоғамның өзін, елдің тірегін қалыптастыру. Соның ішінде балаға өнегелі тәртіп пен тәрбие сыйлау – өлшеуі жоқ қазына. Тәрбие мен білім, тәлім мен өнеге, ілім мен ғылым – егіз ұғымдар. Сондықтан да Жолдаудағы білімге қатысты басым бағыттар барша халықты бейжай қалдырмасы анық.
Келесі кезекте тіл мәселесіне ерекше тоқталғым келіп отыр. Жолдауда ана тіліміз бен орыс тілінің қоғамдағы орны жақсы сипатталған. Мектеп қабырғасында мемлекеттік тілімізді дәріптейтін арнайы орталықтар құрылып, олар да мұғалімдермен, сынып жетекшілерімен етене жұмыс жасаса, ана тілінің мәртебесін арттыратын түрлі іс-шаралар ұйымдастырылса нұр үстіне нұр болар еді.
Тағы бір қоса кетерлігі, жалпы балаларды сонау жасөспірім шақтан жаратылыстану бағытындағы пәндерді оқытқанда олардың қызығушылығына ерекше мән бере отырып, әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, бойларына сіңіру қажет. Әсіресе қазіргі күні мектептен түлеп ұшып студент атанған жастардың дені физика, химия, математика салаларына шорқақ. Олардың басым көпшілігі мектептегі мұғалімдердің пәнді қызықтырып түсіндірмейтінін, күрделі ғылыми-теориялық терминдермен бетпе-бет келгенде енжарлық танытып, оны білуге деген ұмтылыстарын оятпайтындықтарын алға тартады. Ал 10-11 сынып оқушылары – 16-17 жастағы жасөспірімдер енді ғана оң-солын таңдап, үлкен өмірге қадам басуды үйреніп жүрген кездерінде жаратылыстану ғылымдарына тиесілі пәндерді қызығып оқитын болса, ешкімнің үгіттеуінсіз-ақ өздері саналы түрде осы бағыттағы мамандықтарды таңдап, межелі уақыттарда арнайы емтихандарды тапсырып, грант бойынша жоғары білім алады.
Шындығында да, қоршаған ортамыздағы білім беретін мектептерге кәсіби бағдар жұмысын жүргізуге барғанымда, көптеген оқиғалармен кездестім. Мектеп мұғалімдері де, жоғары оқу орындарының оқытушылары да қағазбасты жұмыспен көп айналысатындығы белгілі. Алайда мұндай олқылықтарға дес бермей, дұрыс жолды іздеп, оңтайлы іс-әрекет жасалуы тиіс. Қасым-Жомарт Кемелұлының осы орайда да жаңа Жолдауындағы басым бағыттары мысал бола алады.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген мәтелде айтылғандай, Жаңа Қазақстанның жаңаша серпінмен дамуына, ілгерілеуіне ықпал етуші, табандылық танытатын тегеурінді, білімді жастарды тәрбиелеуде аянып қалмайтын, заманауи тәсілдерді еркін меңгерген, бірнеше тілде сөйлей алатын, еңбекқор, рухани кемел мамандардың қатарын көбейту қажет. Сонымен қатар құнды құжаттың мақсаттарын айқындап, басым бағыттардың орындалуына барша Қазақстан халқы, оның ішінде отбасындағы ата-ана бала тәрбиесінен бастап, білім көкжиегінде өздерінің міндеттерін дұрыс арнада ұстап, дұрыс іс-әрекет жасаса, алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайтыны анық.

Саят МАМЕШОВА, Дулати университетінің «Химия және химиялық технология» кафедрасының аға оқытушысы,
химия магистрі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.