Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Еңбегін сатқан бала артық» десек те, талап бар

0 1  710

 Қазақ қоғамында баланы ерте жастан еңбекке баулу қалыпты жағдай. Жұмсаған – ата-анасына, үйренген өзіне жақсы. «Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» деген сөз бекер айтылмаған. Әйтсе де, үйішілік шаруаға баулу бір бөлек, кәсіп пен өнер үйренсін деген ниет те жақсы. Ал жас жеткіншектің еңбегін қанауға, оны ауыр жұмысқа салуға заң жүзінде рұқсат берілмейді.

Он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлердің еңбегін реттеу ерекшеліктері Еңбек Кодексінде нақты көрсетілген. Атап айтқанда, 18 жасқа толмаған жұмыскерлер еңбек қатынастарында кәмелетке толғандармен теңестіріледі, ал еңбекті қорғау, жұмыс уақыты, демалыс уақыты және басқа да еңбек жағдайлары саласында қосымша кепілдіктерді қолданады деп көрсетілген.

Он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлерді ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарға, сондай-ақ орындалуы олардың денсаулығы мен  имандылық тұрғысынан дамуына зиян келтіруі мүмкін жұмыстарға, мысалы, алкоголь өнімдерін өндіру, тасымалдау-сату, түнгі ойын-сауық орындарындағы жұмысқа тартуға тыйым салынады. Сондай-ақ жеткіншектер үшін белгіленген шекті нормалардан асатын ауыр заттарды тасуы мен қозғалтуына тыйым салынады. Мұндай жұмыстардың тізімін, сонымен қатар ауыр заттарды тасуы мен қозғалтуы шекті нормаларын денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік мекемемен келісім бойынша еңбек жөніндегі мемлекеттік мекеме айқындайды.

Еңбек кодексінің 31-бабына сәйкес 16 жасқа толған жасөспірімдермен еңбек шартын жасалуы қажет.

Еңбек шарты:

1) он бес жасқа толған азаматтар орта білім беру ұйымында негізгі орта, жалпы орта білім алған жағдайларда;

2) оқудан бос уақытында денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін он төрт жасқа толған оқушылар;

3) кинематография ұйымдарында, театрларда, театр және концерт ұйымдарында, цирктерде осы тармақтың 2) тармақшасында айқындалған шарттарды сақтай отырып, денсаулығына және имандылық тұрғысынан дамуына нұқсан келтірмей қойылымдар жасауға және (немесе) орындауға қатысу үшін  он төрт жасқа толмағандар арасында жасалуы мүмкін.

  1. Осы баптың 2-тармағында айқындалғандай, жұмыскер кәмелетке толмаған жағдайда, еңбек шартына оның заңды өкілдерінің бірі қол қоюға тиіс.

Жұмыс беруші мен 18 жасқа толмаған жұмыскер арасындағы еңбек шарттары  алдын ала арнайы медициналық тексеруден кейін ғана жасалады. Алайда олармен толық материалдық жауапкершілік туралы шарттар жасасуға жол берілмейді.

Қорытындылай келе, көп жағдайда жұмыс берушіге  кәмелетке толғандармен теңестірілген бірақ жұмысты атқаруда бірқатар шектеулері бар кәмелетке толмаған жұмыскер қажет еместігін атап өту керек.  Бірақ объективті болуға тырысайық.  Жасөспірім көп жағдайда ата-анасына көмектесу ниетінен отбасындағы қиын материалдық жағдайға байланысты жұмыс істеуге мәжбүрлі. Кейде – өзін-өзі таныту, материалдық тәуелсіз болу ниетінен де жұмыс істеуді қалайды. Міне, осы кезеңде үлкендердің көмегі, олардың жастарға деген сезімтал және мұқият қарым-қатынасы, еңбекке деген ұмтылысы қажет екенін ескеруіміз керек. Болашаққа ұмтылысы бар кез-келген еңбек ұжымының басшысы жұмысқа орналасуға келген әрбір  жас азаматтан  өзінің болашақ адал жұмыскерін  көруі тиіс.

 

Бақытжан Құраметов,

Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекторы.  

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.