Қалалық қоғамдық-саяси газет

Облыс әкімі Дулати университетінде дәріс оқыды

0 658

Қазір білім алып, өнер үйренемін деген жастарға көрсетілетін қолдау көп. Жас буынның жаңаны игеруге деген мүмкіндігі де шектеусіз. Содан да болар, бүгінгі буынды ешнәрсемен таңғалдыра алмайтын болдық. Ғалымдар ашқан жаңалықтар да, жаңа жасалған технологияның ерекшеліктері туралы ақпарат та ұзақ күттірмейді, бәрін көріп-біліп отыр. Олар мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістерден де құлағдар.

Десе де, оны іске асыру механизмін жетік біле бермейді. Жалпы саяси реформалардан кейінгі алдағы бағыт-бағдарды айқындаған Президент Жолдауында жүктелген міндеттер қалай жүзеге асырылатындығынан ғана бейхабар.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттерімен кездесуге осы тақырыпты таңдауы да бекер емес. Өңір басшысы лекцияда Мемлекет басшысының Жолдауынан туындаған тапсырмалардың қалай жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.

Жарты сағаттық дәріс студенттерді жалықтырған жоқ. Себебі, өңір басшысы дайын мәтінді оқып бермей, бір аймақтағы басқару және атқару жүйесіндегі талаптар мен міндеттерді бір отбасының мысалымен байланыстырып айтып берді. Осы тартымды шықты. Бір адамға керектінің, тұтас облыс тұрғындарына да қажет екенін, ал сол материалдық және моральдық, рухани сұраныстарды өтеу үшін жергілікті атқарушы органдар қандай қызмет атқаратынын әңгімелеп берді.

Нұржан Молдиярұлы Жамбыл жерінің табиғи және географиялық артықшылықтарын атап өтті. Сан жылдық еңбек тәжірибесі қалыптасқан химия өндірісі мен ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Әсіресе, Жолдауда айқындалған білім саласына қатысты бағдарламаларға кеңірек тоқталғанын айта кеткен жөн. Орта білім сатысындағы оң өзгерістер, жоғары білім беру жүйесіндегі жаңалықтар да назардан тыс қалған жоқ.

– Біз де бала болдық, студент болдық. Мектепте сабақтан кейін спортпен шұғылданатынмын. Кейін Ленинград ауыл шаруашылығы институтында оқып жүргенімде сабақ арасында жұмыс істедім. Стипендиямыз 40 сом, 30-35 сом жалақы алатынмын. Әскерге барып келген соң, оқуымды жалғастырып жүріп, бір оқу корпусының коменданты болдым. Жастардың бойында күш-қуаты көп, оны елге, ата-анаңа пайдалы іске жұмсау керек. Күні ертең осы елдің егесі сіздер боласыздар. Елге қызмет етесіздер.Студенттер арасында өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыруға қатысты жаңа жобалары, тың идеялары бар жастар болса, тыңдауға дайынмын, – деді Нұржан Молдиярұлы.

Өңір басшысы Нұржан Нұржігітов лектор және тыңдаушы форматына өзгерісті өзі енгізді. Тұтас жүйе жұмысын оқиғаға негіздей отырып, қысқаша айтып өткен соң, студенттерге сұрақ-жауапқа көшуді ұсынды. Жастар облыс әкімінен мамандық таңдауда берер кеңесін, қазіргі қоғамдық формация, әлеуметтік желінің өмір сүру дағдысына әсері туралы көзқарасын сұрады. Білім алушылар арасында экономиканы тұрақтандыруда шетелдік инвесторларды тарту үшін қандай қадамдар жасалып жатқандығын білгісі келетіндер де бар екен.

 

Дулати университетінің медиа-қызметі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.