Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұстаздардың мәртебесі жоғарылайды

0 135

«Орағың өткір болса, қарың талмайды, Отаның берік болса, жауың алмайды». Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауымен танысып шыққанда, ойыма қазақтың осы мақалы орала кетті. Бұл маңызды құжаттың басты идеясы – елдің берік болашағы мен халқының біртұтас ұлт болып қалыптасудың қам-қарекеті. Әсіресе Жолдаудағы үшінші бағдарда бұл қағида тайға таңба басқандай айқын көрініс тапқан.

«Еліміздің басты құндылығы – адам және оның құқығы» екені Ата Заңда анық көрсетілген. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – Әділетті Қазақстанның басты мақсаты болмақ. Халықтың әл-ауқаты ойдағыдай жоғары болғанда ғана қоғам орнықты дамиды. Бұл – ешбір дәлелді қажет етпейтін аксиома.
Халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі факторы жалақының өсуімен тікелей байланысты. Осыған орай, Президенттің ең төменгі жалақыны 60-тан 70 мың теңгеге дейін көтеруі орынды деп санаймын. Бұл жиынтық зейнетақыны 2025 жылға дейін 27 пайызға көтеруге мүмкіндік береді.
Айта кету керек, Президент өз сөзінде әлеуметтік мәселелердің үлкен бір бөлігін көтерді. Соның бірі – соңғы жылдары күн тәртібінен түспей келе жатқан әйелдердің зейнетке шығу жасы. Ол 2028 жылға дейін 61 жас болып тіркелмек. Бұл шектеу қазіргі ерлердің зейнетке шығатын 63 жасынан екі жас кем деген сөз. Әйелдерге жасалған жақсылық мұнымен шектелмейді. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі бойынша төлемдер бір жарым жасқа дейін ұзартылды. Бұл, шын мәнінде, аналарға сәбилердің ең маңызды жасында балалармен бірге болуға мүмкіндік береді. Осы шаралар жас отбасыларға, әсіресе жас ана мен сәбиге жасалған мемлекеттің қамқорлығы деп білу керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы ең маңызды ұсыныстардың бірі – «Ұлттық қор – балаларға» жаңа бағдарламасы. Президент балалардың арнайы жинақтаушы шоттарына Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын мерзімінен бұрын алу құқығынсыз, 18 жасқа толғанға дейін аударуды ұсынды. Кәмелетке толғаннан кейін жинақталған сома тұрғын үй сатып алуға, білім алуға мүмкіндік береді. Президенттің пікірінше, бұл қаражат өскелең ұрпаққа ересек өмірге нақты жолдама береді. Ұлттық байлықтан түскен пайданы өскелең ұрпақ үшін кәдеге жарату – қазақ қоғамының көптен бері айтып келе жатқан ұсыныстарының бірегейі еді. Әрине, бұл әуелі ана, содан соң ұстаз ретінде мені ерекше қуанышқа бөледі. Өскелең ұрпақтың келешегі кемел болса, мемлекетіміздің де ертеңі жарық болары сөзсіз.
Жолдаумен таныса отырып, ел жастары мен болашақ ұрпақ үшін жүзеге асатын игілікті іс-шаралардың осымен тәмам болмайтынына назар аудардым. Соның бір айғағы Президенттің білім, ғылым, жастар тәрбиесіне басымдық беруі. Мысалы, келесі жылы 100 мың жас жұмыспен қамтылады және оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыздан аспайтын шағын несие беріледі. Бұл бастамалар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал ететіні сөзсіз. Жолдауда мектеп және балабақша мәселесі де Президент назарынан тыс қалмады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы да халық көңілінен шықты деп батыл айтуға негіз бар. «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады», – деген Президент ұстаздардың мәртебесіне мән берді. Оның: «Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет», – деген сөзі көңіл қуаныш ұялатады. Расында, соңғы жылдары педагогтардың мәртебесін арттыру мақсатында көптеген ілкімді істер қолға алынып, арнайы Заң да қабылданды. Соның нәтижесінде білім саласының беделі биіктеуде.
Жолдауда Президент сондай-ақ бүкіл зейнетақы жүйесін қайта қарау қажеттігіне баса назар аударды. Осылайша зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін, ал ең жоғары мөлшерлемесі 120 пайызға дейін жеткізілетіні айтылды. Халықтың қамын ойлау, оларға қамқорлық таныту, сапалы білім беру, медициналық қызметтерді жақсарту, жастар мен педагогтарды қолдау сияқты мәселелер мемлекеттің басты назарында болуға тиіс.
Жолдау еліміздің саяси өмірін жандандырып, экономикалық-әлеуметтік дамуына тың серпін беретін үлкен жаңалықтарға толы болды. Ең бастысы, халықтың әлеуметтік жағдайы әрдайым мемлекеттің басты назарында қала бермек. Жолдауда айтылған жайттардың түпкі мақсаты – жұрттың тұрмысын жақсарту, әл-ауқатын арттыру. Саяси экономикалық реформалардың, игі бастамалардың бәрі осыған бағытталған. Мұндай қадам қоғам мен билік арасындағы сенімді күшейте түседі.
Жаңару, жаңғыру табалдырығында тұрған Қазақстанның гүлденуі – баршамыздың бақуатты тірлігіміз. Ендеше, Президент айтқандай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, жарқын болашақ үшін жұмыла күрескеніміз абзал.

Айжан ШАХАБАЕВА, Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тараз қаласы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.