Қалалық қоғамдық-саяси газет

Саяси жаңғыруға жол ашады

0 238

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күз айының басында халыққа кезекті Жолдауын жариялаған болатын. Құнды құжат көптеген өзгерістермен ерекшеленді.

Бұл Жолдаудың ең басты өзгешелігі – халықтың шын мәнінде Жаңа Қазақстанды құру жолында мемлекет тарапынан ел болып терең әлеуметтік-экономикалық реформалар мен нақты іс-қимылдарға бағытталған бастамаларды асыға күтуі деп айтуға болады. Қазіргі әлемде қалыптасқан күрделі геосаяси жағдайда ел ешінде тыныштықты сақтау, экономикалық өсімді үнемі қамтамасыз ету мен әлеуметтік қамсыздандыру тұрақты даму кепілі екендігі сөзсіз. Президент сол себепті бұл Жолдауда жаңа экономикалық саясатты құруға басымдық берді.
Әлемде болып жатқан саяси және экономикалық дағдарыстарға қарамастан, осы күзде елімізде кезектен тыс Президент сайлауының өтуі де белгілі бір дәрежеде саяси реформаларды жүйелі жүргізуге ықпал етеді деп нық сеніммен айтуға болады. Мемлекет басшысы Үкіметке осы бойынша тиісті тапсырмаларды жүктеп, елдің одан әрі қарыштап дамуына бағытталған саяси, әлеуметтік, мәдени, экономикалық маңызы бар мәселелерді егжей-тегжейлі баяндап, елдің жағдайын жақсартуға бағытталған міндеттерге кеңінен тоқталды.
Саяси жаңғыруға бағытталған бұл құжатты елдің асыға күткені жасырын емес. Президент тәуелсіздігімізге қауіп төндірген қаңтар оқиғасының жай-жапсарын да еш жасырмай, оны ұйымдастырушылар мен кінәлілердің қатаң жазаланатынын баса айтты. Қасым-Жомарт Кемелұлының қиын кезде туған Отанымен бірге болып, қатаң да батыл шешімдер қабылдағанын, нәтижесінде ел тыныштығы тұрақтанғанын баршамыз жақсы білеміз.
Мемлекет басшысы өз Жолдауының сайлау жүйесін жетілдіру, партиялық жүйені дамыту, құқық қорғау институттарын күшейту, бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайтуға бағытталған тармақтарында Жаңа Қазақстанды қалыптастырудың тың тетіктерін айқындады. Сондай-ақ дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін нақты шараларды да назардан тыс қалдырған жоқ.
2024 жылы Қазақстанда балаларға арналған Ұлттық қор пайда болады. Оған жыл сайын қордың инвестициялық табысының 50 пайызы аударылады. Бұл туралы Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын», – деген болатын. Ұлттық қордағы ақша бала кәмелетке толғаннан кейін жинақталған сома тұрғын үй сатып алуға және білім алуға жұмсалмақ. Бұл да бұқараның көптен күткен тілегінің бірі еді.
Еліміздің ертеңі – жастарды қолдау болашағы бекем ел үшін аса маңызды. Мемлекет басшысы да әр сөзінде жастарды назардан тыс қалдырған емес.
«Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді», – деді Президент бұл жөнінде.
Сонымен қатар Президент оқуға жылдық 2-3 пайыздық жеңілдікпен кредиттер берілетінін де жариялады. «Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі. Сондықтан мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 пайыз аралығында болады», – деген Президенттің сөзі талай жасқа жігер сыйлап, білім алуға құлшындырады.

Қорыта айтқанда, құнды құжат көпшілікті көкейіндегі түйткілді мәселелердің түйінін тарқатқаны анық.

Батырбек ҚҰЛЕКЕЕВ, қалалық мәслихаттың хатшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.