Қалалық қоғамдық-саяси газет

Прокурор Біртанов пен оның орынбасарын алты және бес жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

0 202

Прокурор Бауыржан Шекенов бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевті алты және бес жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

«Біртановты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабының 4-бөлігінің 3-тармағында (қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану) қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған мемлекеттік қызмет атқарудан өмір бойына айыру мен алты жылға бас бостандығынан айыруды ұсынамын», – деді Шекенов сейсенбі күні өткен сот отырысында.

Біртановқа қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеу режимін белгілеуді ұсынды.

«Біртановқа қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қамауда ұстауға өзгертілсін. Жазаны өтеу мерзімі үкім заңды күшіне енген күннен бастап, Біртановтың қамауда болған уақыты – 2020 жылғы 30 қазаннан 2020 жылғы 6 қарашаға дейін есептеледі, сондай-ақ үкiм шығарылған күннен бастап ол заңды күшiне енгенге дейiн жазаны өтеу мерзiмiне қамауда ұстаудың бiр тәулiгi есебiнен жазаны өтеудiң 1,5 тәулiгiне қосылсын. Біртановтың 2020 жылғы 7 қарашадан бастап үйқамақта ұстау уақыты 2020 жылғы 7 қарашадан бастап жазаны өтеудің бір күні үшін үйқамақтағы екі тәулік мөлшерінде жаза мерзіміне есептелсін», –  деп қосты мемлекеттік айыптаушы.

Прокурор сонымен қоса Әбішевті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп тану туралы ұсыныс жасады.

«Мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазаны өтеу режимі қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде белгіленеді. Әбішевке қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қамауда ұстауға өзгертілсін. Жазаны өтеу мерзімі үкім заңды күшіне енген күннен бастап, Әбішевті қамауда ұстау уақыты – 2020 жылғы 1 тамыздан 2020 жылғы 6 қарашаға дейін есептеледі, сондай-ақ үкiм шығарылған күннен бастап ол заңды күшiне енгенге дейiн жазаны өтеу мерзiмiне қамауда ұстаудың бiр тәулiгi есебiнен жазаны өтеудiң 1,5 тәулiгiне қосылсын. Әбішевті 2020 жылғы 7 қарашадан бастап үкім шығарылған күнге дейін үйқамақта ұстау уақыты жазаны өтеудің бір күні үшін үйқамақтағы екі тәулік есебімен жаза мерзіміне есептелсін», – деді Шекенов.

Сонымен қоса ол Біртанов пен Әбішевтен тең үлестермен 1 548 136 575 теңге, ал Біртановтан жеке санитарлық авиацияны пайдалануға жұмсалған 5 503 721 теңге соманы өндіруді талап етті. Сонымен қатар, айыпталушыдан сот шығындарын өндіру ұсынылды.

Еске салайық, Біртанов пен Әбішев Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс істемейтін ақпараттандыру платформасын қабылдап, іске қосу арқылы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп айыпталған еді. Қаржы мониторингі агенттігінің (AFM) бағалауы бойынша, орындалмаған жұмыстардың құны 4,1 млн доллар немесе 1,5 млрд теңгені құрайды. Біртановқа сондай-ақ «2020 жылдың маусым айында санитарлық авиацияның ұшағын жеке мақсатта пайдаланған кезде» өкілеттігін асыра пайдаланды» деген айып тағылды.

Ал экс-министр өз кінәсін мойындамайды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.