Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тоқаевтың Түркістан облысы жұртшылығымен кездесуі

0 158

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан облысы жұртшылығымен кездесуі басталды

«Түркістан – Атажұртымыздың алтын қазығы. Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі»

«Қазақ жылнамасына алтын әріппен жазылған көптеген тұлғаларымыз осында жерленген. Былтыр қалаға Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілді. Бұл Түркістанды тұтас түркі жұрты ерекше қадірлейді деген сөз. Ал, біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан, Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын. Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді»

«Қазақ «Қариясы бар елдің қазынасы бар» дейді. Түркістанда ұрпаққа жол көрсетіп, тағылымды тәрбие беретін данагөй ақсақалдарымыз аз емес. Олар түрлі жағдай кезінде жұртты сабырға шақырады. Жастарға басу айтып, кикілжіңге жол бермейді. Осындай аузы дуалы ел ағаларына зор алғыс айтамын. Бұл аймақта жігерлі ұл мен инабатты қыз өсіріп отырған асыл аналарымыз да көп»

«Менің қасиетті Түркістанға ықыласым ерекше екенін білесіздер. Мемлекет басшысы ретінде алғашқы сапарымды дәл осы жерден бастаған едім. Содан бері мұнда көптеген оң өзгеріс болды. Соңғы жылдары Түркістанға тартылған инвестиция көлемі 8 есе артты. Қаланың инфрақұрылымы жаңғырып, жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. Атап айтқанда, 77 мың адамға арналған көп қабатты үйлер салынды. Шаһар жасыл желекке оранып, экологиялық ахуалы жақсарды. Тұрғындарды ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі шешілді деп айтуға болады»

«Түркістан – еліміздегі ең басты туристік орталықтың бірі. Осы аймаққа келіп жатқан көптеген меймандар – соның айқын көрінісі. 2019 жылдан бері облысқа 2 миллионға жуық турист келді»

«Облыста 64 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Осылайша, халықтың тұрмыс сапасы біртіндеп жақсарып келеді. Әрине, өңірді дамытуға мемлекет барынша күш салады. Түйткілдер әлі аз емес, әсіресе, әлеуметтік салада мәселелер бар, дегенмен, ең бастысы – жергілікті жұрттың ынта-жігері»

«Облыста 64 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Осылайша, халықтың тұрмыс сапасы біртіндеп жақсарып келеді. Әрине, өңірді дамытуға мемлекет барынша күш салады. Түйткілдер әлі аз емес, әсіресе, әлеуметтік салада мәселелер бар, дегенмен, ең бастысы – жергілікті жұрттың ынта-жігері»

«Биыл «Серпін» бағдарламасы бойынша жастарға арнап 3700-ге жуық грант бөлінді. Оның 800-ден астамын түркістандықтар иеленді. Ел іргесін бүтіндеп, тұғырын нығайту жолындағы осы маңызды жұмысқа сіздер зор үлес қосып келесіздер. Дегенмен, жастардың еңбекке құлшынысын арттыруымыз керек»

«Қазіргі халықаралық ахуал жөнінде қысқаша айта кеткім келеді. Өздеріңіз білесіздер, әлемдегі жағдай әбден шиеленісіп кетті. Осындай күрделі жағдайда Қазақстан халықаралық ұйымдарда, ең алдымен, Біріккен Ұлттар Ұйымында дауыс беру кезінде бейтарап ұстанымын сақтап отыр. Бұл біздің ұлттық мүддемізге сай келеді. Жеріміздің бүтіндігі және еліміздің амандығы – біз үшін бәрінен маңызды. Сондықтан, парасаттылық пен сабырлылық танытып, арандатушылардың жетегінде кетпеуіміз керек»

«Халқымыздың ең басты күші – бірлік, парасаттылық және төзімділік. Осы құндылықтардан айырылып қалсақ, елімізге үлкен қауіп төнеді. Мемлекеттердің территориялық тұтастығы міндетті түрде сақталуы керек. Бұл – негізгі қағидат. Мен мұны халықаралық аренада үнемі ашық және анық айтып жүрмін. Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымына барып, ең биік мінберден бұл туралы тағы да мәлімдедім. Бұның бәрі бекер емес. Айналамызда ауқымды соғыс болып жатыр. Біз осыны ескере отырып, ең алдымен, еліміздің қауіпсіздігін ойлауымыз керек»

«Қазақта «Көршімен татудың көңілі тоқ» деген сөз бар. Ең бастысы, іргелес елдермен тату болуымыз керек. Бұдан еш ұтылмаймыз. Соңғы күндері көрші елден, яғни Ресейден көптеген адам келе бастады. Көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан келіп жатыр. Оларға қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігіне мән беруіміз қажет. Бұл – саяси және гуманитарлық мәселе. Осы мәселені мен Үкіметке тапсырдым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.