Дүкен сөресінде үнемі елеусіз қалыпта бір қаламсап жататын. Дүкенші қанша саудасын жасаса да, осы қаламсапты сатып алатын адам болмапты. Оның кескіні басқа қаламсаптарға қарағанда тартымды емес екен. Сүйкімі болмағаннан кейін болар, балалар оған аса қатты қызықпаған.
Бірақ… бұл қаламсап жай қаламсап емес, ғажайып қаламсап екен. Жарқырағанды жақтыратын балалар қарапайым түріне бола оны менсінбейді. Сондықтан да ол дүкен сөресінде ұзақ уақыт тұрып қалыпты. Қыста дүкенге келіп түскен қаламсап сол орнында тұр. Бұны көрген дүкенші «сапасыз дүние болды, саудасы келмеді, күзде өтпесе лақтырып тастайын немесе менен көп тауар алған кісіге сыйға тартып жіберермін» деп шешеді. Ал ғажайып қаламсап бір күні өзін сатып алатын адамның келерін күтіп жата берді.
Ай артынан ай өтіп, күз мезгілі де келді. Оқу жылы басталып, балалардың бәрі мектепке керекті құрал-жабдықтарды алуға дүкенге қарай ағыла бастады. Күнде бірнеше бала келіп, өзіне керектіні алып кетіп жатты. Сонша көп баланың бірде-біреуі әлгі қаламсапқа көз салып та қарамады. Бірде Алдияр есімді бала анасымен бірге дүкенге кірді. Анасы:
– Ұлым, өзіңе керектінің бәрін таңдап ала ғой, – деді.
Дүкендегі заттарды шолып шыққан Алдиярдың көзіне ғажайып қаламсап бірден түсті. Ол қаламсаптың қасына келіп, оны қолына алып ұзақ қарады. Сөйтті де анасына:
– Анашым, қараңызшы, қандай тамаша қаламсап, өзі басқаларға мүлде ұқсамайды, ерекше жасалған. Барлық қаламсаптар бірдей, ал бұл мүлде басқаша. Мен осыны таңдадым, – деді.
Алдиярдың сөзін естіген дүкенші:
– Балам, егер саған ұнап тұрса, мен бұны саған сатпай-ақ тегін берейін, ала ғой, – деді.
Анасы мен Алдияр дүкеншіге алғысын айтып, үйлеріне қайтты.
Оқу жылы да басталды. Балалардың бәрі сыныпқа кіріп, өздерінің құрал-жабдықтарын көрсетіп мақтанып жатты. Алдияр да өзінің алғандарын достарына көрсетті.
– Достар, міне, менің қаламсабым ешкімдікіне ұқсамайды, өзі ерекше, – деді. Оны көрген Досжан:
– Өй, оның несі ерекше, түрі онша емес. Бұны неге алдың? Базарда бұдан да көркем жасалған қаламсаптар толып тұр емес пе? – деді.
Арадағы сәл ғана үнсіздіктен кейін Алдияр:
– Сендер мұның қандай қаламсап екенін білмейсіңдер. Бұл жай қаламсап емес, сиқырлы қаламсап. Бұны қолыңа алсаң болды, әріптер маржандай тізіліп дәптеріңе түсе бастайды, – деп қойды.
Бұны естіген Еркежан миығынан күліп: «Көреміз, көркем жазып, керемет болып кеткеніңді», – деп кекетті. Бұл сөзге балалардың бәрі күлді. Олардың күлуінің де мәні бар еді. Алдиярдың жазуы айбақ-сайбақ, әріптері бірде ұшып, бірде түсіп, қалай болса, солай жазылатын. Баласының жазуын түзетемін деп анасының бармаған жері қалмады. Керемет деген қосымшалардың бәріне апарды. Бірақ еш нәтиже шықпаған еді. Алдиярдың оқу үлгерімі қанша жақсы болғанымен, жазуына бола үздіктер қатарына ілікпей қалатын. Сабақтың басталғанына да екі айдың жүзі болды. Ал Алдиярдың қолы көркем жазуға келмеген қалпы. Сол бұрынғыдай қисық, қыңыр әріптер.
Бірде далада жүрген Алдиярға үйде біреулердің күбірлеп сөйлеп жатқан үні естілді. Әпкелері оқуда, ата-анасы жұмыста. «Бұл кім екен, әлде үйге ұры кірді ме? Не болса да барып көрейін», – деді де, жайлап үйге кірді. Әр қадамын аңдып басып, төргі бөлмеге өтті. Міне, қызық. Қараса, үйде ұры емес, жарыса сөйлеп жатқан сөредегі дәптерлер екен. Әпкесі Меруерттің қазақ тілі дәптері даусын өктем шығарып мақтанып жатыр.
– Қараңдаршы, менің парақтарымның бетінде қызыл сиямен таңба салынбаған. Әріптерім қандай. Көрген жанның көзі тоймай, қарай бергісі келеді. Паһ, шіркін, көркем, сұлу, әдемі деген маған арналған. Үздік, алғыр, ақылды деген теңеу менің ием Меруертке айтылған, – дейді масаттана.
Сөзге Алдиярдың үлкен әпкесі Шырынның дәптері де араласты. Ол да екпіндене сөйлеп, мақтана бастады. Қасында тұрған Алдиярдың дәптерін нұқып:
– Не мынау шимай-шатпақ, бәлдір-бат-пақ? – деп кемсітті. Екі дәптер оған «бізбен бірге тұруға жарамайсың» деп кекетті. Бәрін бақылап отырған ғажайып қаламсап қатты қапа болды. Бір кезде бар даусымен:
– Тоқтатыңдар тәкаппарлықты. Алдияр сабағын жақсы оқиды, ол тамаша бала, – деді.
Оны естіген әлгілер қарқылдай күліп, қаламсаптың өзін мазақ қыла бастады.
– Әй, сен, бейшара қаламсап, қыстырылмашы. Әрі-беріден соң жазудың жамандығы саған тікелей байланысты. Сенің сияңнан төгіле терілгендер жұрттың зәресін алады, – деп бұны да қағыта бастады.
Қатты намыстанған қаламсап қарғып түсіп, шкафтың астына домалап кетті. Оқиғаны өз көзімен көріп тұрған Алдияр еңкейіп шкафтың астына үңілді. Қаламсаптың ызаға булыққаны соншалық, өзіне тесіле қараған Алдиярды мүлде байқамады. Өз-өзімен сөйлеп отыр:
– Егер Алдияр көркем жазуға сәл талпынса, мен бар күшімді салып, жазуын жөндеуге көмектесер едім. Ай, ай, онда мүлде талпыныс жоқ қой, жоқ. Қыртына да кірмейді. Мұғалім де айтты, достары мазақ етті. Намысы жоқ бала ма, қалай? – деп кейіді.
Алдиярдың бұдан әрі тыңдап тұруға дәті шыдамады, ұяттан кірерге тесік таппай, бетінен оты шығып сыртқа қарай жүгіре жөнелді. Сол шыққаннан қас қарайғанша үйге кірмеді. Ауладағы орындықта бір нүктеге қадалған күйде отыра берді. Кенет анасының атын атап айқайлаған дыбысынан селк етіп, айналаға қараса, қараңғы түсіп кеткен екен. Амалсыздан үйіне қарай аяңдай бастады. Аяғы тартпай, зорға кірді. Кіруін кірсе де, ас бөлмеден шықпай ойланып отырды.
– Анам айтты «жазуыңды жөнде» деп. Әкем де айтты, әпкелерім құлағымды күнде жейді осы жазуға бола. Ал ұстаздарым ше, достарым ше? Маған жазуды жөнде демеген адам қалмаған екен. Шынында да, менің түк ұятым жоқ, намыссызбын ба? – деп өзін сұрақтың астына алды. Жо-жоқ, олай болмайды. Ең ақыры жансыз зат деп жүрген дәптер мен қаламдар да менен ұялатын дәрежеге жетіпті. Әріпті әдемі салуға, жазуды жөндеп жазуға ешкім кедергі емес. Қаламсабым дұрыс айтады, менде талпыныс жоқ, ұмтылыс жоқ. Жаңа естідім, талпынсам, маған өзі көмектесемін деп жансыз зат айтты.
Осылай деді де, ол орнынан тұрып, алдымен қаламын қолына алды. Сосын жаңа дәптер арнап, өткеннің бәрін қайта жаза бастады. Бұл жолы ол әр әріпке мұқият мән беріп, сәндеп салды. Баланың бойындағы өзгерісті, тынымсыз тырысуды байқаған ғажайып қаламсап қатты қуанды. Ол енді өзіндегі қасиетті іске қосып, Алдиярдың жазу калиграфиясын түзеуге барынша атсалысты. Күннен-күнге жазуы жақсарып, ұстаздардан мақтау ести бастады. Тоқсанның соңында ол үздіктер қатарына қосылды.
Алдиярдың бір байқағаны, басқа қаламсаппен жазса шабыты келмей, қолы жүрмей қалады. Ал ғажайып қаламсап қолына тисе болды, қолы қолына жұқпай, тез әрі сауатты жазып шыға келеді. Содан бері ғажайып қаламсап Алдиярдың сенімді серігі, арқа сүйер досына айналыпты. Екеуі бірінен-бірі мүлде ажырамайтын болыпты.
Лаура Бораштегі, журналист