Қалалық қоғамдық-саяси газет

Біздер алар белес көп

0 254

Еліміздің телевизия толқынына қосылған «77 TV» коммерциялық телеарнасына 3 жыл толды. Аз уақыт ішінде талай жас талантты тілшілерді қанаттандырған ұжымның қазіргі қадамы нық.

Зере Қуаныш

Кеше ғана қаз басқан арна бүгінде жас журналистермен толысып, жұмысын дөңгелетуде. Жас ұжымның жасаған тың жобалары жұртшылықтың жүрегіне жол тауып, бірқатар белестерді бағындырып келеді. Алғашқы күннен-ақ көзі қырағы көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп үлгерген ұйымшыл ұжым тың жобаларын бірінен соң бірін ұсына білді. Тіпті телеарна дизайнерлері жасаған жарнамалық роликтер өңір телевизиясында серпіліс жасады. Мәселен, 3D трекинг пен анимация бейнероликтерді нарыққа ұсынды. Бұл – тынымсыз еңбектің жемісі. Телеарнадан шыққан өнімдердің легі де толассыз. Саяси оқиғаларды сараптайтын хабарлардан бастап, спорт пен мәдениеттің төңірегін топшылайтын тың жобалар көпшіліктің көзайымына айналды.

– Өткен жылы телеарна ұжымы арнаның ақпар таратудағы саясатын өзгертіп, жаңа форматқа көшті. Бұл – ақпараттық бағыт. Батыстық әдіс бойынша жаңалық пен жобаларды қысқа да нұсқа форматта жарыққа шығарды. Жаңалықтар бағдарламасының берілу әдісі 3 топтама негізінде өзгертілді. Мәселен, «Жаһан» топтамасында әлемдегі басты оқиғалар мен жаңалықтар қамтылса, түскі уақыттағы «Елден ақпар» бөлімінде ел мен өңірдегі айтулы ақпараттар, ал кешкі прайм-тайм мезгілінде «77 NEWS» жаңалықтар топтамасы қорытынды ақпараттар ретінде көпшілікке ұсынылады. Бұдан бөлек, биылғы жаңа маусымдағы «Валюта және маркет», «Әлемдік күн райы», «Бұқара мен билік», «Кеше және бүгін» сынды аралық хабарлар көрермен көңілінен шығуда. Міне, осы тектес «Дерек пен Дәйек», латын қарпіне негізделген «Дарадан даналық» сынды аралық бағдарламаларды да көрермен ыстық ықыласпен қабылдады, – дейді «77 TV» арнасының директоры Зарина Қуаттегі.

Арна бүгінде жаңа медианың тынысынан қалыс емес. Интернет құралының да жұмысы жемісті. Қызметі жедел әрі нақты. Ақордадан бастап, жергілікті биліктің мінберінде айтылатын басты оқиғаларды, мемлекеттік бағдарламалардың іске асуын, ел саясаты мен әлеуметтік-тұрмыстық деңгейдегі тақырыптарды қаузап жүр.

Технология дамыған дәуірде техникалық мамандыққа сұраныс артатыны белгілі. «77 TV» арнасының бұл бағытта жас әрі жасампаз мамандарды даярлау мақсатында «MediaSchool» оқыту орталығының аяқ алысы көңіл қуантарлық. Мұнда телеарна қызметкерлері 3 айлық курс негізінде жас мамандарға оператор және компьютерлік дизайнер сынды салалардан дәріс береді.

– Телеарна – қоғамның айнасы. Өткен жылы 2 жасқа толған күнін арна ұжымы ашық аспан астында, жаңа «Ореn air» форматында атап өткен еді. Ал биыл ұжым ақылдаса келіп, аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отбасылардың балаларына көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында ресейлік «Шапито және акула» циркіне тегін билеттер алып берді. Циркке бас-аяғы 650 билет алынып, Н.Тілендиев атындағы мектеп-интернатынан – 80, Қ.Сарымолдаев атындағы қиын өмірлік жағдайға түскен балалар орталығынан – 50, «Құмшағал» иінінен – 120 балаға және БАҚ саласындағы әріптестеріміздің бүлдіршіндеріне билеттер үлестірілді. Бұл біздің ұжымның алғашқы қайырымдылық шарасы емес. Бұған дейін «Аналар үйі» мекемесіндегі қиын жағдайға тап болған қыз-келіншектерге, жоғарыда аталған мектеп-интернаттары мен орталықтарға барып, қолдан келгенше ақпараттық көмек пен сый-сияпат жасаудан жаңылған емеспіз. Алдағы уақытта да «77 TV» телеарнасының тілшілері тың туындыларымен және жаңа жобаларымен жамбылдық жұртшылықты таңғалдыра бермек. Біздер алатын белес көп, – деді арна директоры.

Алдына айқын мақсат қойған арна жаңалығы мұнымен толастамақ емес. Жас толқынды даярлауда талмай тер төгіп келе жатқан телеарна ғұмырының ұзақтығын тілейміз!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.