Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кітапханашылар бәйгеге түсті

0 428

Мектеп білім ұясы болса, кітапхана – оның жүрегі, күретамыры. Осы бір қастерлі қызметтегі кітапханашылардың мектеп өміріндегі рөлі қашанда ерекше.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ. Суретті түсірген Ю.КИМ

Қаладағы №54 орта мектепте кітапханашылардың жұмысын кеңінен көрсетуге бағытталған қалалық «Ең үздік кітап оқитын мектеп» байқауы өтті.

Оқырмандарды кітап оқуға баулып, дүниетанымын тереңдетіп, көркем әдебиеттің адамға берер тәлімін тануға негізделген зияткерлік байқауға қаладағы 6 мектептің кітапханашылары қатысты. Үміткерлер сайыс барысында 4 бөлім бойынша бақ сынады. Атап айтқанда, алғашқы «ХХІ ғасыр кітапханашысы» аталымында сайыскерлер көпшілікке өздерін ән, өлең, қара сөз формасында таныстырып, кітапханашы болудың артықшылығын жеткізді. Келесі «Кітапхана – оқырман елі» бөлімінде кітапханашылар оқушыларға қызмет көрсету әдістері мен қолданатын заманауи құралдары туралы арнайы дайындалған презентация арқылы баяндап берді. «Оқитын мектеп – табысты мектеп» номинациясында әр мектептің оқушылары өз кітапханашыларының намысын қорғап, белгілі бір көркем туындының оқиға желісін сахналық көрініс арқылы көпшілік назарына ұсынды. Ал келесі «Әдеби джем» бөлімінде оқушыларға алдын ала әзірленген сөйлемдер ұсынылып, шығарма желісі бойынша мәтін дайындау тапсырылды. Төрт бөлімде де үміткерлер өздерінің жұмысқа деген қабілеттері мен тапқырлықтарын, оқушылардың қарымын, кітапқа деген қызығушылықтарын кеңінен көрсете білді. Қалалық байқауға Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы директорының орынбасары Жанат Дүкенбаева, Жамбыл облыстық педагогикалық «Білім шырағы» газетінің бас редакторы Райхан Бостанова, қалалық «Jambyl-Taraz» қоғамдық-саяси газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали, облыстық білім басқармасы әдістемелік кабинетінің әдіскері Мадина Белғожаева төрелік етіп, кітапханашылардың жан-жақтылығына баса назар аударды.

Байқау барысында мектеп оқушылары өткен жылдың желтоқсанынан бастап қалалық деңгейде өтіп жатқан «Кітап оқып, миллионер бол!» сайысы жөнінде бірнеше рет атап өтіп, дайындықтарын көрсетті. Қалалық жарысқа кітапқа жан-тәнімен берілген оқырмандар мен оқушылардың әзірлігін пысықтап жүрген кітапханашылар жиналғандықтан, ұстаздарға ұйымдастырушы тарапқа өздерін алаңдатқан сауалдарын жолдауға мүмкіндік туды. Зияткерлерге арналған бәйгенің қорытындысы анықталатын күн таяған сайын оқушылардан маза қашып, көңілдері алабөтен болып жүргені белгілі. Бұл ретте жүлдесіне қомақты қаражат тігілген байқаудың ұйымдастырушысы, «Jambyl-Taraz» қоғамдық-саяси газетінің директор-бас редакторы Эльмира Иниятқызы көпшілік көкейіндегі біраз сауалға жан-жақты, толыққанды жауап берді. Редактор сайыста тек тиянақты әрі зор ыждағаттылықпен дайындалған оқушылар ғана жеңімпаз болатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар ғаламтор арқылы кітаптардың қысқаша желісін оқып алғандардың қулығы көпке бармайтыны айтылды. Арнайы құрылған комиссия үміткерлерге әр кітап бойынша сұрақтар дайындап, сын тезінен өткізбек.

Қазылар шешімімен кітапты сенімді серігі, жан жолдасы еткен оқушылар мен кітапханашылардың бәсекесі №47 орта мектептің кітапхана меңгерушісі Бақытхан Кунафинаның жеңісімен аяқталды. І орынға №22 орта мектептің кітапханашысы Ардақ Мелдеева ие болды. Жүлделі ІІ орын №23 мектептің кітапхана меңгерушісі Раушан Қалжановаға бұйырды. Ал №9 мектептен қатысқан Сәуле Сабраимова, №24 гимназияның үмітін арқалаған Фарихад Сейдалиева, №59 мектептің кітапханашысы Күлжан Түзелбаева ІІІ орынды місе тұтты. Сайысқа үлкен дайындықпен келген үміткерлердің барлығы арнайы сыйлықтар мен дипломға ие болды. Тараз қалалық білім бөлімінің мамандары келешекте бұл байқауда шаһардағы барлық мектептің кітапханашылары қамтылатынын атап өтті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.