Қалалық қоғамдық-саяси газет

Халықтың рухани көсемі

0 491

Шежірелі халқымыздың ұзақ тарихы небір қым-қуыт оқиғаларға толы. Сол оқиғалардың басында болмыс-бітімі алуан түрлі, арғы-бергі тарихында ұлтқа ұстын, жұртқа тиянақ болған тұлғалар аз емес. Солардың бірі – «Ұлт ұстазы» атанған Ахмет Байтұрсынұлы. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы алашшыл зиялы қауымның рухани идеологы болған, ана тіліміз бен төл әдебиетімізге үлес қосқан Ахмет Байтұрсынұлының тағылымы һәм идеясы жайындағы бүгінгі толғамымыз қандай?

Ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы зерделеу – қазақтың дәстүрлі таным-түсінігінде ертеден қалыптасқан үрдіс. Қазақтың шежірелік зердесінде адам – тарихтың негізгі тұлғасы, ал адам сапасы – тарихтың қозғаушы күші. Менің ойтолғамыма арқау болып отырған Ахмет атамыз да шежірелік зердемізде тарихи тұлға болып орныққан деуге негіз бар.
Батырлықты, билікті салт қылған ірі мінезді адамдары көп ортада туып-өскен Ахмет атамыздың тәрбиесі мал бағып, күйбең тірлік кешкен қазақы ортадан бөлектеу болғаны, әділетті жақтау, қиянатқа төзбеу, елдік мүдде үшін қызмет ету – атадан балаға мұра қасиет секілді. Бар оқығаны ауылдағы екі жылдық, Орынбордағы төрт жылдық мұғалімдер мектептерімен шектелгеніне қарамастан, ол отаршылдықтың озбыр саясатына қарсы халықты ояту үшін ел-жұртын ағартудан басқа жол жоқ екенін, надандықпен, қараңғылықпен күресу керектігін толық түсініп, бар ғұмырын ағартушылық жолға арнаған күрескер жан.
Атап айтар болсам, Мұхтар Әуезов айтқандай, қазақ халқының «рухани көсемі», «ұлт ұстазы» ретінде ұлан-ғайыр еңбегі сан саладан көрінген Ахмет атамыз – қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашып, әліпбиін танып, қазақ тілінде оқуын жалғастыруға көп және нақты күш жұмсаған ағартушы қайраткер. Осы мақсатты орындау ісінде ол қазақ тілін, оның дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын баяндап, талдап-танытқан зерттеуші әрі сол зерттеулерінің негізінде «Әліпби» мен тұңғыш ана тіліндегі оқулықтарын жазған бірегей ғалым. Тасқынның тасы қалып, тіні шайылып кететін, тарихтың тұлғасы қалып, міні шайылып кететін тұста ықыласы бар жанның үлгісін көрсеткен ұстаздың ғылым жолы тек таза ғылыми зерттеулермен шектелмей, оның күнделікті сұранысты өтейтін оқулықтар жасау арқылы пайда әкелуге мән беруі, яғни сол ізденістердің нәтижелерін қолданыстан шықпайтын өміршең оқулықтар арқылы әдістемеге негіздеп, қалың бұқара игілігіне асыруы – білім беру саласындағы тамаша іскерліктің үлгісі.
Әдеби, мәдени, тарихи мұрамызды жазуда, зерттеуде және оны насихаттауда сол уақыттағы айтулы шығыстанушы ғалымдардың алдыңғы сапында тұрған Ахмет атамызды тіл тағылымын қолға алған ғалым ғана емес, әдістемесін қалыптастырған әдебиет зерттеушісі ретінде де танимыз. Көп халықтардың енді ғана қолға ала бастаған «тәжірибесіне» әдебиет зерттеушісі ретінде сонау жиырмасыншы ғасырдың басында-ақ өз тұжырымын айтып, бағасын беруі, ғалымның, әдебиеттің тарихи жүйесін жасауы – қазіргі тәуелсіздік тұрғысынан қарастырғанда, алаш ғалымы Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» қазақ халқына сіңірген «біз ұмытсақ та, тарихи ұмытпайтын» төл әдебиеттануымыздың алғашқы іргетасын қалаған кәсіби ғылыми-теориялық зерттеу деуге болады. Қазақ пән сөздерінің қағидаларын қалыптастыра отырып, төл әдебиетімізге тән пән сөздерін жасаудағы ұстанымы қазақ әдеби-ғылыми тілінің қалыптасуына деген белгілі бір дәрежедегі ықпалы екенін анық.
Ойларымды қағаз бетіне түсіре отырып ұққаным: Қайран Ахмет атамыз… Қуғын-сүргінге түсті – мұқалмады… Түрмеге қамалды – жасып, жұқармады… Мұғалім болып, бала оқытып, жас ұрпақтың көзін ашты… Газет шығарып, мақала жазып, ұйқыдағы ұлтын оятты… Өлең жазып, мақсат-мүддесін танытты. Түрлі қызмет істеп, үлгі-өнеге көрсетті. Бір сөзбен айтқанда, Алаш зиялыларының басын қосып, көш бастаушысы бола білді. Осы тағылымы арқылы ғибратты ғұмыр кешіп, әр қазақтың жүрегінен орын алуы да заңдылық.
«Қазақ керегінің көбі әркімге-ақ мағлұм ғой… Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – деген сөздері бүгінде ұлттық идеяны аңсағандарға жауап емес пе?! Ұрпағына ерен жауапкершілік жүктеп, жұрт жұмысын адал атқаруға үндеген Ахмет атамыздың тағылымды ғұмыры туған еліміздің бүгінгі тәуелсіздігінің қадірін түсініп, үлгің ұрпағыңа ұласуы үшін ұстаз ретіндегі мені де ой-сезіммен бірге оянып, ақылмен тыныстауға жетелейді.

Қорыта айтсам, бүгінгі Тәуелсіздіктің 30 жылдығын еңсерген шақта Алаш идеясы һәм Ахмет тағылымын ғибратты рухани құрал ретінде пайдаланып, тау сілеміндей мол мұраларын ұрпақ санасына сіңіру – Алаш идеясын жүзеге асырудың бір парасы ғана. Ұлт ұстазының қам көңіліндегі идеясы мен тағылымын ой жетелеп, сөз қамшыласа екен.

Салтанат Кусёва, А.Макаренко атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі Жамбыл ауданы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.