Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлттың ұлы ұстазы

0 479

Шымкент педагогикалық институтының «Қазақ филологиясы» факультетінде оқыған біздер «Әдебиеттану ғылымы әдебиет теориясы деп аталады» деп басталатын профессор Әбіш Байтанаевтың дәрісін ұйып тыңдадық. Ол кісі «Әдебиет теориясы» пәнін филология ғылымының докторы, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, ғалым Қажым Жұмалиевтің еңбектерінің негізінен бастап оқытып-үйретті.

Ол кезде әдебиетіміздің үш арысы атанған Сәкен, Бейімбет, Ілиястан басқа Алаш қайраткерлері сөз етіле бермейтін-ді. Бірақ бас салып жамандау да ішінара тыйыла бастаған сияқты мезгіл еді. Мұны біз ұлт әдебиетін, тарихын қозғайтын Әбіш ағайымыздың «халық жауы» атанып кеткен қазақ зиялыларының атына дақ жұқтырғысы келмейтін лекцияларынан да бағамдадық. Есесіне КСРО цензурасының шаш ал десе, бас алатын жауыз қылышының қан сасыған пиғылын мүңкіте баяндайтын.

Сол лекциялардың бірінде Бүкілодақтық большевиктер коммунистік партиясы Орталық Комитетінің «Звезда» мен «Ленинград» журналдарына қатысты 1946 жылдың 14 тамызы күнгі атышулы Қаулысы туралы дерек келтірілді. Ресейдің Ленинград қаласынан басылып шығатын бұл екі көркем-әдеби жорналдың бағытының дұрыс еместігін баса атап өтетін Қаулы классик жазушы Михаил Зощенко мен талантты ақын Анна Ахматованың шығармаларын іске алғысыз етіп тастайды. Орталық Комитеттің отырысында қабылданған Қаулы 21 тамызда «Правда» газетінде жарияланады. Екі апта өткенде Зощенко мен Ахматова Жазушылар одағынан шығарылады. Артынша екеуінің де шығармалары қуғынға ұшырап, кітаптары дүкендерден алынып тасталады. Тіпті авторлар нан алатын карточкаларынан айырылады. Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда әл-ауқатын нашарлатқаны былай тұрсын, екі ұлы қаламгерді әдеби өмірден аластап, күресінге тастаған қатыгез жүйе туралы дәрісті конспект дәптерімізге зуылдатып жазып алып үлгеріп жатқанымызда, профессор дыбыссыз тыныстап, терең күрсінетін. Ол кісінің осы күрсінісін пайдаланып, біз де қас қағым сәтке болса да демімізді бір алып қалушы едік. Бірақ үнсіздік көпке бармайды. Әдетте көзін жұмып алып, қағазындағыны тоқтамай жатқа соғатын Әбіш ағайдың сілтідей тынып, өзінен көз алмай қарап отырған студенттеріне дәрістен тыс нәрсе айтпақ болғанын ең алдыңғы партадағы кез келген жан байқар еді. Мен сөйттім. Қолымдағы қаламсабымның бір ұшын аузыма сап тістелеген күйі ұстазыма құлақ түрдім.
– …Егер қатал тәртіптің қаһарынан құрбан болған осылар құсап, репрессияға ұшырап, халық жауы атанбағанда, Қажым Жұмалиевтің «Әдебиет теориясын» әріден, Ахмет Байтұрсынұлынан бастайтын едік, – деп қалды да, жүзіндегі эмоциясын тез жиып, Әбіш ағай сабаққа сай тақырыбын одан әрі жалғастырып әкетті.
Қазақ фольклорын, әдебиет тарихы мен теориясын зерттеуде көп еңбек сіңірген, кезінде 40-50-ші жылдар аралығында қудалауды да басынан кешкен Қажым Жұмалиевтей ғалымның өзінің есімімен жоғары оқу орнында ғана таныс бола бастаған білімгер жастар аудиториядағы оқытушысының жоспарлы лекциясының арасында өзіне-өзі елеусіздеу репликамен аузына бір алып қана қойған адамды қайдан білсін?!
Қажым Жұмалиевтің 1938 жылы шыққан «Әдебиет теориясы» кітабы Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінен кейінгі әдебиеттану терминдерін жүйелеуге арналған екінші талпыныс болғанын да кейінірек біле бастадық.
Өткен дәуірдің сексенінші жылдарының екінші жартысы ақтаңдақ жылдардың құрбандары түгелдей дерлік ақтала бастаған жылымық шаққа ұласты.
Алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылықтары мектеп бағдарламасына енгізілді. Еңбектері кітап боп шықты. Әдебиет пәнінде соларды толық қамтыған жаңа оқулықтар пайда болды. Бұрынырақта үш арыс – үш бәйтерегіміз деп Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиндерді атап, мақтаныш еткен қазақ қауымы енді оларға қоса бес адамның есімін ауыздан тастамайтын болды. Иә, әдебиет сүйер оқырман ғана емес, бүкіл қазақтың ой-санасына енді «Бес арыс» деген атаулы ұғым дендеп еніп еді: Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев. Саясаттың сайқал жүйесінен сансыз теперіш көріп, тағдырлары аянышты аяқталған ұлтымыздың бұл перзенттерінің артында қалған өлмес мұраларын мектеп оқушылары да қызыға, құныға меңгерді. Ұлы тұлғаларымыздың ғажайып ғұмырбаяндары мен тамаша туындылары қазақ тілі мен әдебиетінен алынатын жазба жұмыстарының, емтихандардың өзекті тақырыбына айналды.
1956 жылғы 30 маусымдағы КОКП Орталық Комитетінің жеке адамға табынушылықты және оның зардаптарын жою туралы ХХ съезінен кейін бізде С.Сейфуллин, О.Жандосов, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров, О.Исаев, С.Меңдешев, Н.Нұрмақов сынды әділетсіз жаза көргендердің бірқатарының есімдері қайта атала бастайды да, А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердіұлы есімдері көпке дейін жабулы күйінде қала берген.
Бодауындағы бүкіл Одақты бір-ақ уысында ұстап, қарамағындағы халықтың тарихы мен әдебиетін, мәдениетін майлық-сулығы бірдей қолшоқпары ретінде қолданып, өз сойылын соғуда сойқан ойын ойнаған кеңестік саяси жүйе ара тұра жұрттың көңілін аулап қою үшін осылай өзінің ұзын арқан, кең тұсауын бірде босаңсытып, бірде тартыңқырап отырған сыңайлы. Бәлкім, бұған одақтас мемлекеттердің ішкі самарқаулығы да сеп болуы мүмкін. Ақталуға тиіс азаматтардың құжаттарын зерттеп, ретке келтіруде, олардың мемлекет пен қоғамға, әдебиет пен мәдениетке жасаған еңбектеріне дәлелдер жинақтауда арнайы құрылған комиссия мүшелері де салақтық жасап, немқұрайлылыққа бармаса да, олақтық танытқан шығар. Ақталуы тиіс адамдардың саны да жоғарыдан келетін «разнарядка» – тапсырыс бойынша белгілі бір мөлшермен шектелуі мүмкін. Не керек, арагідік бірді-екілі адам болса да, жалалы, налалы азаматтарының есімдері жуылып-шайылып, тазарып, ептеп жарыққа шыға бастағанына қуанған біздің аңғал ел Желтоқсан оқиғасына дейін де асқан шыдамдылықпен өмір сүргені анық.
Желтоқсан көтерілісінде жоғары жаққа өткір азуын бір көрсетіп, дүниені дүр сілкіндіріп алған қазақ елінде көп ұзамай, 1988 жылы Қазақтан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысымен 1930-1950 жылдары жазықсыз жазаланған қазақ зиялыларының тағы бір тобы ақталған: Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Жаһанша Досмұхамедов, Мұстафа Шоқай, Құдайберген Жұбановтар мен жоғарыда аталған бес арысымыз жайлы мағлұматтар, өмірі мен қоғамдық қызметі туралы шындықтар шыңғыра айтылған материалдар баспасөз бетінде, бұқаралық ақпарат көздерінде кеңінен жария бола бастады. Әрқайсысының өмір жолы өнеге. Әрқайсысы бір-бір тұлға. Әрқайсысы дара. Дана. Сонысына қарамастан, олар бір заманның төлі болатын. Бұл оларды бір-біріне жақындататын ұқсастықтары секілді еді. Тағы бір ұқсастықтары – өзгеше ойымен, асқан ақылымен, шексіз білімділігімен, ұлтын сүйгіштігімен социалистік жүйенің жебір жанарын аудартып, шоқындылардың шірік пиғылдарын шошытқан шоғырлы идеяластықтары еді.
Иә, сол кезгі қазақ зиялыларының бір-бірімен татулығын, бір-бірімен достығын қазір айтып жеткізу қиын. Олардың арасындағы кіршіксіз қарым-қатынас, идеялас пікірлестік, жақындық байланыс тіпті сонау ресейлік патша үкіметі тұсынан қалыптасып қойған. 1905 жылдың 6-13 қарашасы күндері өткен Мәскеудегі жергілікті жер және қала қайраткерлерінің съезінде Әлихан Бөкейханның сөз сөйлеп, ресми үкіметтің Ахмет Байтұрсынұлының қырық алты мысалын бастыруға рұқсат бермей жатқанын жеткізгені туралы ашық дерек бұл күнде бәрімізге мәлім. Ал енді 1909 жылы «Қарқаралыда өкіметке қарсы әрекеттер жасады» деген айыппен Семей түрмесіне жабылып, екі жылға жер аударылған Ахмет Байтұрсынұлының сол уақытта Петерборда «Қырық мысал» жинағы жарық көріп жатады. Қарап отырсаңыз, мұндай қарама-қайшылықтар олардың өмірінде көптеп кездескен. Көп ұзамай Ахмет Байтұрсынұлы Орынборға келіп, өмірінің жаңа белесін, тың кезеңін бастағанда мерзім күнтізбесі бір мың тоғыз жүз оныншы жылдың тоғызыншы наурызын меңзеп тұрған.
1912 жылы Орынборда «Оқу құралы. Усул сотие жолымен тәртіп етілген қазақша алифба» еңбегі жарық көрген А.Байтұрсынұлының ағартушылық бағытты өз алдына мақсат етіп қойғаны айдай әлемге белгілі болған-тын. Оның екі жылдан кейін баспадан шыққан «Тіл-құрал. Қазақ тілінің сарфы. 1-жылдық» атты оқулығының да білім алуға ұмтылған қазақ бұқара қауымы үшін мәні зор болғаны рас. Бір пікірлі ұлт зиялыларының достығы туралы ойымызды 1916 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған Ә.Бөкейханның, А.Байтұрсынұлының, М.Дулатовтың «Алаштың азаматтарына» атты үндеуі де айғақтай түседі. Әсіресе осы үш кісінің бір-бірімен қатты араласқаны Міржақып Дулатовтың қызының естеліктерінде де сөз болады. Гүлнар Дулатова Ахметті де, Әлиханды да кішкентайынан көріп, танып, бауыр басып өскендіктен, оларды «Атекем» деп атап кеткен екен. 1917 жылдың 2-8 сәуірі аралығында Орынбор қаласында Торғай облыстық қазақ съезі өтіп, жалпықазақ съезін шақыру жөнінде бюроның құрамы бекітіледі. Оған Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатовтар мүше болып еніп, төрағалығына Ахмет Байтұрсынұлы сайланады.
Әуелгі сөзіміздің басында «Әдебиет теориясы» жайлы мәселені еске алғанда, қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші-ғалым, түркітанушы, қоғам қайраткері, қазақ халқының жиырмасыншы ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, Алашорда өкіметінің мүшесі Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы болғандығын тілге тиек еткіміз келген-тұғын.
Қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби құрастырып, жаңа үлгі ұсынған Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиі қазақ тілінің табиғатына бейімделген араб жазуы негізінде жасалғандығымен ерекшеленді. Қазақ білімпаздарының Орынборда 1924 жылы өткен тұңғыш съезінде араб жазуындағы әліпбидің қажеттілігін, құндылығын жан-жақты тұжырыммен дәлелдей ғылыми баяндаған А.Байтұрсынұлының бұл әліпбиі ұлттық жазудың қалыптасуындағы ірі мәдени жетістік еді. Орыс, татар мектептерінен оқып шыққан ұлт мамандарының өз тілін қолданудағы кемшіліктерін: «Әр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде де сондай басқалық болады. Біздің жасынан не орысша, не ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды не жазса да қиындықпен жазады, себебі жасынан қазақша жазып дағдыланбағандық», – деп атап көрсетті.
Байтұрсынұлы өмірінің Орынбордағы кезеңінің оның қоғамдық-саяси қызметінің аса құнарлы шағы болғандығын жоғарыда тегін мысал еткен жоқпыз. Өзінің ең сенімді достары Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлымен бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, қазақ халқын өнер, білімді игеруге шақырды. Ел тағдырына қатты алаңдаған ол көп қырлы ісімен, даналық саясатымен қазақ жастарының рухани көсемі деңгейіне дейін жетті. Оның оқу-ағарту, білім, ғылымдағы тұжырымдары 1926 жылы жарық көрген «Әдебиет танытқыш» деген зерттеуінде өз арнасын толық табады. «Әдебиет танытқыш» – қазақ тіліндегі тұңғыш іргелі ғылыми-теориялық еңбек. Мұнда Ахмет Байтұрсынұлы әдебиет тарихына, теориясы мен сынына, методологиясына тұңғыш рет тиянақты анықтама беріп, қазақ әдебиеттану ғылымының жүйесін жасауда өзінің үлкен үлесін қосқан. Ахаңның өзі, өмірі мен шығармашылығы, қайраткерлігі жөнінде білсем, оқысам, танысам дегенге тез арада мол мағлұмат ұсына алатын wikipedia-да бұл туралы: «Халық тілінің бай қоры көзінен мағынасы терең, ұғымдық аясы кең сөздерді термин етіп алып, соның негізінде қазақ әдебиетінің барлық жанрлық формаларын топтап, жіктеп берді. Мысалы, сөз өнері, шығарма, ауыз әдебиеті, толғау, т.б. ғылыми-теориялық еңбекке қазақ әдебиетінің ең бейнелі, мазмұны мен мағынасы терең шығармаларын мысал ретінде пайдаланды», – деп тілге жатық түсінік берілген. Ахаң сөз өнері жайында жазылған әлемдік ғылымның ең үздік формаларын пайдалана отырып, әдебиеттанудағы ұғым, термин, категориялардың мысалы, меңзеу, теңеу, ауыстыру, кейіптеу, әсірелеу, алмастыру, шендестіру, үдету, түйдектеу, кекесіндеу, т.б. сияқты соны, ұлттық үлгілерін жасады. Өлеңнің тілі мен құрылысын жан-жақты зерттеп, шумақ, тармақ, бунақ, ұйқас, т.б. ұғымдарға анықтама берді. Ақындық дарын табиғатын, шығармашылық психологиясын, шабыт стихиясын ғылыми тұжырым арқылы ұғындырды.
«Әдебиет танытқышымен» қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салған, әдебиет тарихының мұрасын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған зерттеуші-ғалым, көркемдігі айрықша «Ер Сайын» жыры» (1923) мен қазақ тарихының төрт жүз жылын қамтитын «Жиырма үш жоқтау» жинағын (1926) кітап етіп шығарып, халық мұрасына аса жауапкершілікпен, үлкен жанашырлықпен қараған Ахмет Байтұрсынұлының «әдебиет тіліне негіз етіп ел аузындағы тіл алынбаса, оның адасып кететіндігін» айтқаны – ұлтын сүйген, «Мен қазақпын!» деп кеуде кере мақтана алатын, мен деген әрбір қазақтың үнемі жадында тұруы тиіс нақыл.
«Өсер елдің баласы бірін-бірі батырым дейді» деп бабаларымыз өсиет етіп кеткендей, ақын, аудармашы, ғалым-тілші, әдебиеттанушы ретіндегі ұланғайыр еңбегі өз дәуірінде зор бағаға ие болған Ахмет Байтұрсынұлының 1922-23 жылы 50 жас мерейтойы Орынбор, Ташкент қалаларында салтанатты түрде атап өтілген. С.Сәдуақасов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, М.Дулатов, Е.Омаров сықылды замандастары баспасөзде мақалалар жариялап, Байтұрсынұлының қазақ халқына сіңірген еңбегін паш еткен.
Әттең-ай, бір дәуірдің бүтін салмағын бірге көтере алған төл перзенттерінің осы ұлы достығын, құдай көп көрмеген шығар, КСРО-ның қызыл ит қызғанышы көп көрді. Қазақтың сүт бетіне шығар қою қаймақтарын кеңестік қисық қылышымен олай сапырды, былай сапырды. Оңға бұлғады, солға бұлғады. Одақтық орағымен баудай орды. Білем сапты балтасымен жапырды. Әлінің жеткенінше, қолынан келгенінше қоныштан басып, сүзіп алып, лақтырып тастауға тырысты. Ол көздегендері де орындалып жатты. Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы да өзінің сенімді серіктестері, мүдделес әріптестері, асыл достары Міржақып, Әлихандар секілді репрессияның қыл тұзағына ілініп, халқы үшін құрбан болып кете барды.
Міне, қазір біз сол қуғын-сүргінге ұшыраған ата-бабаларымыздың соңында қалған ұрпағымыз деп мақтан етеміз. Орынды шығар. Бірақ олар ұлыларымыз еді ғой. Қаймақтарымыз еді. Қою еді. Құнарлы, нәрлі еді. Ал біз сылдыраған судай сұйық, дәмсіз-нәрсіз сүттің сарқыты сияқты боп қалғандай көрінеміз кейде…

Үміт БИТЕНОВА, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.