6 қыркүйекте Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Өзбекстан басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әңгіме барысында Мирзиеев Қостанай облысындағы орман өртіне байланысты Тоқаевты қолдайтынын, сондай-ақ төтенше жағдайды жоюға қажетті көмек көрсетуге дайын екенін айтқан.
Президенттер тату көршілік, стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастарын одан әрі нығайту, екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша өзара іс-қимылды кеңейтудің өзекті мәселелерін қарастырған.
Сауда, өнеркәсіп, энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және экономиканың басқа да салаларындағы ынтымақтастық жобаларын жүзеге асыруға ерекше назар аударылған.
Сондай-ақ, аймақтық мәселелер бойынша пікір алмасқан. Осы айда Самарқандта өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының алдағы саммитінің күн тәртібі талқыланған.