Нұр-Сұлтанда Байқоңыр аудандық учаскелік полиция пунктінің қызметкері Қуаныш Мирзаев 24-ші қабаттан секірмек болған әйелді құтқарып қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz басылымына сілтеме жасап.
Полицияға Уәлиханов көшесінің бойында 24-ші қабаттың сыртқы ернеуінде әйелдің отырғаны туралы қоңырау түскен. Оқиға орнына автопатруль жіберілді, ал Қуаныш Мирзаев өзінің әкімшілік учаскесінде болған. Оқиғаны естіген ол уақыт жоғалтпай, көрсетілген үйге барып, әйелдің өзіне қол салуға бел байлағанын көрген.
Санаулы секундта Қуаныш Мирзаев жоғарғы қабатқа көтеріліп, формасын шешіп тастаған. Кейін техникалық қабаттың кішкентай терезесі арқылы сыртқы ернеуіне көтеріледі. Полицей білдіртпей әйелдің артынан келіп, қолынан мықтап ұстап тұрған. Дегенмен әйел жылап, полицейден босап шығуға тырысқан. Осы уақытта құтқарушылар да келген. Олар бірге қызды терезе арқылы қауіпсіз жерге алып шықты. Қазіргі уақытта полицейлер 27 жастағы қала тұрғынын мұндай әрекетке не итермелегенін анықтап жатыр.