Қалалық қоғамдық-саяси газет

Білім күні: биыл 3,6 млн бала мектепке барады

0 105

Бүгін еліміздің мектептері мен оқу орындарында жаңа оқу жылы басталды. Дәстүрге сай 1 қыркүйек елімізде алғашқы қоңырау салтанатты шарасы ретінде аталып өтіледідеп хабарлады turkystan.kz.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2022-2023 оқу жылында елімізде 3,6 млн бала 7 637 мектепте білім алады.

Балаларды 1-сыныпқа қабылдау науқаны кезінде ата-аналардан 400 мың өтініш түскен. Өтініш берушілердің 70%-дан астамы қазақ тілінде оқуды таңдаған.

Қазір Қазақстан бойынша 280 мыңдай балаға орын жетпейді. 2025 жылға қарай бұл сан 1 млн орынға жетуі мүмкін. «1000 мектеп» жобасының аясында былтыр 270 мектеп салынса, биыл 225 мектепті қолданысқа беру көзделген.

192 күн демалыс, 173 күн сабақ. Биылғы оқу жылының басты жаңалығы 5 күндік оқу аптасы болып отыр.

Сондай-ақ, биыл елімізде оқу жылының басталуына қарай 80-ге жуық жаңа мектеп ашылады. Жыл соңына дейін барлығы 230-дан астам мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа оқу жылындағы жаңашылдықтың бірі бала құқықтары жөніндегі жергілікті өкілдер тағайындалды. Биылдан бастап ел өңірлерінде бала құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымы енгізіліп жатыр. Енді әр аймақтың өз өкілі болады. Олардан балалар да, ата-аналар да көмек сұрай алады.

Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер – баланың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы туралы өтініштерді, жергілікті атқарушы органдардың және өзге де ұйымдардың әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне қатысты шағымдарды қарайды. Сондай-ақ олар балаларды қорғау саласындағы мәселелерді шешуге арналған заң жобаларын дамытуға, ілгерілетуге қатысады.

Жоғары білім беру саласына келсек, қазіргі уақытта республикада 120 жоғары оқу орны жұмыс істейді. 2022-2023 оқу жылына күтілетін студенттер контингенті – 609,5 мың адам. Оның ішінде 164 300 адам биыл оқуға қабылданады.

Биылғы білім гранттарының 60 пайызы техникалық мамандықтарға берілді.

2022-2023 оқу жылында мемлекеттік тапсырыс көлемі 88 214 орынға жетіп отыр. Бакалавриатта – 73 061, магистратурада – 13 263, докторантурада – 1 890 орын. Оның ішінде 42 303 грант немесе 60%-ы техникалық мамандықтарға бөлінген.

Студенттерге қатысты «сүйінші» жаңалық шәкіртақы өседі. Яғни жаңа оқу жылынан бастап бакалавриат деңгейінде стипендия 20%-ға көбеймек.

Студенттерге қатысты тағы бір өзгеріс білім бағалау тәсілі өзгереді. Студенттерге баға қою кезінде оның академиялық білімімен бірге әлеуметтік және зерттеу белсенділігін ескеретін пилоттық жоба қолға алынады. Бұл пилоттық режимде 8 жоғары оқу орнының базасында жаңа бағдарламалар іске қосылады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.