Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қауіпті кеселдің көрсеткіші төмендеуде

0 593

Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп тегін айтпаған. Себебі ұлтының жарқын болашағын ойлаған кез келген мемлекет алдымен азаматтарының денсаулығына көңіл бөледі. Әсіресе облысымызда бұл бағытта бірқатар ілкімді істер қолға алынуда.

Мәселен, осы мақсатта 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы бекітілген болатын. Жобада 4 бағыт, 9 міндет, 17 көрсеткіш (10 республикалық, 8 өңірлік) және 26 іс-шара қарастырылған.
Облыста 2022 жылға бөлінген қаражат 11 765,5 миллион теңгені құраса, ағымдағы жылдың 1 шілдесінде аталған қаржының 7 543,9 миллион теңгесі игерілген.
Бүгінде облыс аумағында 388 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетуде. Оның ішінде ауруханалық ұйымдар саны – 26, қалалық емхана – 6, орталық аудандық емхана – 10, ауылдық емхана – 5, дәрігерлік амбулатория – 122, ФАП – 53, МП – 158, санаторийлер – 2, басқалар – 6. Ал жеке медициналық ұйымдардың жалпы саны – 58.
Ағымдағы жылы облыстың материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджет есебінен медициналық құрал-жабдықтар және медициналық мақсаттағы бұйымдарды алуға 2,2 миллиард теңге қаржы бөлініп, 144 дана медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Сондай-ақ республикалық бюджет қаражаты есебінен 2,0 миллиард теңге көлеміндегі қаржыға 1 дана «Сызықты үдеткіш» сатып алынған.
Өңірде медицина мамандарының да қатары молайып, кадр тапшылығы да шешімін табуда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, дәрігерлер тапшылығы өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда 1,9 есе төмендеген. Бүгінгі күнге өңірге 23 жас маман келіп, олардың 5-і қалада, 18-і ауылда еңбек етуде. Ауылдық елді мекендерде жұмыс істейтін қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында жергілікті бюджет есебінен 64 маманға 800,0 мың теңге көлемінде ақшалай көтерме ақы бөлінген. Сондай-ақ осы саланың 81 қызметкеріне республикалық бюджет есебінен тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада бюджеттік кредит те берілген. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органның грантымен С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да оқу бітіргеннен кейін облыстың мемлекеттік медициналық ұйымдарында 5 жыл жұмыс істеу міндеттемесімен жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау үшін 50 дәрігер резидентурада, оның ішінде 2019 жылы түскен – 12, 2020 жылы түскен – 10, 2021 жылы түскен 28 дәрігер білім алуда. ҚР Денсаулық министрлігіне тапшы мамандықтар бойынша биылға республикалық грантпен 70 дәрігерді резидентурада оқытуға тапсырыс беріліп, жергілікті бюджеттен 30 дәрігерді оқыту жоспарланған.
Жүйелі жұмыстың нәтижесінде аймақта қауіпті кеселдердің де көрсеткіші төмендеуде. Айталық, туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші 5,4 пайызға төмендеп, 19,4-ды құраса, аты жаман аурудан болатын өлім-жітім көрсеткіші 0,7-ні құрап, 12,5 пайызға азайған. Ал қатерлі ісіктерден болатын аурушаңдық көрсеткіші – 1,6 пайызға, өлім-жітім көрсеткіші 25 пайызға кеміген. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда өте жақсы көрсеткіш екені белгілі.
Әлемді дүрліктірген коронавирус дертімен күрес те едәуір күшейген. Мониторингке сәйкес, облыста жалпы COVID-19 індетінің 28 953 жағдайы, 100 мың тұрғынға шаққанда аурушаңдылық көрсеткіші 2515,5, ал пневмонияның 8671 жағдайы тіркелген. Қуанарлығы, 27 992 азамат сауығып шыққан.

Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.