Қалалық қоғамдық-саяси газет

1066 пәтер заңсыз берілген

0 1  094

Талдықорған қаласында пәтерлерді заңсыз беру мәселесі бұған дейін шу болған. Бүгінге дейін 43 пәтер мемлекеттік тұрғын үй қорына қайтарылып, 244 пәтер бойынша істерді сот қарай бастаған. Жалпы қалада 1066 пәтер заңсыз берілген. Бұл туралы Талдықорған қаласының әкімі Ә­сет Масабаев мәлімдеді, – деп хабарлайды aikyn.kz

Шаһар басшысы бұған дейін мемлекеттік тұрғын үй қорынан кезексіз, заңсыз таратылып келген пәтерлерді кері қайтаруға майдан ашқанын ашық айтқан болатын.

«Жасыратыны жоқ, Талдықорғанда соңғы оншақты жылда пәтер кезегі мүлде сақталмаған. Ретін тапқандар, қолдаушысы барлар үйлі болып, жылдар бойы кезек күткендер шетке ысырылып келген. Біз әлеуметтік әділдікті қайта қалпына келтіруді қолға алып жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамайды», – деді Әсет Дүйсебекұлы.

Тұрғын үй қорына жүргізілген түгендеу қорытындысында заңбұзушылықтар арқылы 1066 пәтер беріліп кеткен. Аталған пәтерлерде тұрып жатқандарды анықтау мақсатында биылғы 21 шілдеде құрамында әкімдік, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, қоғам белсенділері, журналистер бар арнайы жұмыс тобы құрылған. Комиссия мүшелері пәтерлерді түгел аралап шығыпты. Нәтижесінде, 395 тұрғынға мәлімдеме тапсырылған. Мемлекеттік тұрғын үй қорына қайтарылған пәтерлердің 11-і кезекте тұрғандарға таратылса, қалған 32 пәтер баспана кезегінде тұрған тұрғындардың әлеуметтік тұрғыда қорғауды қажет ететін санатындағыларға берілетін болды.

Әкімдіктің қызметтік пәтерлерді нақтылау бойынша сұрау салуы негізінде осындай 256 пәтер анықталып, оларға қатысты ведомоствалық пайдалану үшін тиісті құрылымдардың балансына беру бойынша қаулы жобасы дайындалыпты. Егер барлығы ойдағыдай болса, бұл тәсіл мемлекеттік қызметкерлердің қызметтік пәтерлерін заңдастыруға және жұмыс берушімен келісімшартқа отыруына мүмкіндік береді.

Қала әкімінің айтуынша, тексерулер кезінде бірқатар заңбұзушылық анықталған екен. Соның ішінде бұрын берілген және жекешеленіп кеткен пәтерлердің дерегі ведомоствалық архивтен табылмаған. «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған ипотекалық баспана екінші деңгейлі банктер арқылы бөлініп келген. Бағдарлама талабына сәйкес, пәтерлер «Отбасы банк» арқылы берілуі керек болған. Сол секілді «КЕЗЕКТЕ» порталында кезекте тұрғандарға түгендеу жүргізілмеген. «Тексеру жұмыстарының нәтижесінде деректер базасына ақпараттар енгізу арқылы 1144 азаматтың кезектілігі қалпына келтірілді. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша кешенді тексерулер жүргізу үшін «Отбасы банк» пен жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне тиісінше хат жолданды», – дейді қала басшысы.

Болат АБАҒАН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.