Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қаржы жүйесін өзгерістер күтіп тұр

0 950

Банктер болса – қазақстандық қаржы жүйесі де болады. Банктер жоғалса, қазақстандық қаржы жүйесі де жоқ болады. Өкінішке қарай, қаржы жүйесі банкоцентристік моделге тәуелділігімен сипатталады. Қаржы нарығын реттеу агенттігі осындай үкім шығарып отыр. Бұл екеуі тұтас, егіз ұғымға айналды. Экономистердің өзі қаржы жүйесі дегенде тек банктерді меңзейді. Салдарынан Қазақстанның Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасы да негізінен банктерге бағдарланған болып шықты.

ОДАҚПЕН ШЕКТЕЛМЕЙДІ, ӘЛЕМГЕ КІРІГЕДІ

Саланың басты құжатын жаңартатын жөні бар: сарап­шылардың байламынша, отандық қаржы жүйесін түбегейлі өзгерістер күтіп тұр. Еуразиялық одақ ая­сында 2025 жылы оған мүше бес елдің ортақ қаржы жүйе­сі құрылады деп жоспарланған. Яғни, одақтың ортақ банктері, ортақ сақтандыру, қаржы ұйымдары болады.

Алайда қазір геосаяси жағдай бұл ортақ болашақты деградацияға ұшыратты. Одақтың екі мүшесі – Ресей және Беларусь Батыстың қатаң санкцияларының астында қалды, олардың барлық жетекші банктерінің дамыған елдердегі қызметі бұғатталды. Биылғы наурызда Ресей Visa және Mastercard халықаралық төлем жүйелерінен ағытылды. Солтүстік көршінің тұрғындары карта ашу үшін әлі күнге Қазақстанға ағылып жатыр. Отандық банктер Батыстың қайталама санкцияларына арандап қалмау үшін одақтаспен және оның азаматтарымен қарым-қатынасын шектеуге мәжбүр.

РФ қаржы ұйымдары SWIFT халықаралық ақпарат беру мен төлем жасаудың банкаралық жүйесінен шығарып тасталуда. Мұндай жағдайда қаржы жүйесінің өнебойын «санкциялық ірің» басқан, іріп-шіріп жатқан елдермен ортақ қаржы нарығын құру – ерікті түрде шыңыраудан секірумен бірдей. Сондықтан Қазақстанға қаржы секторын дамытудың ұзақмерзімді стратегиясын қайта қарауға тура келіпті.

Бұған дейін Қазақстан 2025 жылдан бастап отандық қаржы нарығын одақтастарының алпауыт банктері үшін толық ашуға, кедергі атаулыны жоюға тиіс еді. Онсыз да ресейлік Сбербанктің қазақстандық еншілес ұйымы сәлден соң еліміздегі №1 банк атануға шақ қалды: 2022 жылдың басында екінші тұғырға көтеріліп, тек Халық банкіне ғана жол берген. Украинадағы соғыс басталғалы еліміздегі үш ресейлік банктің құты қашты. Қазіргі кезде ақпарат құралдарының хабарлауынша, дәрменсіз жағдайға жеткен Сбербанк Қазақстанды мемлекеттік «Бәйтерек» холдингі сатып алуға келіссөз жүргізіп жатыр.

Ұзақмерзімді стратегиялық құжатты әзірлеген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жаңа тұжырымдаманың мақсаты 2030 жылға қарай Қазақстан экономикасының тұрақты және инклюзивті өсуіне елеулі үлес қосатын, «халықаралық кеңістікке интеграцияланған, тиімді, инновациялық, орнықты және бәсекеге қабілетті қаржы нарығын қалыптастыру» екенін мәлімдеді. Бірақ ендігі басымдық санкциялы Еуразиялық одақ аясында интеграциялану емес, дамыған елдердің озық қаржы жүйесіне кірігуі болса керек. Қазіргі кезде Қытайдың үш банкінен (Altyn Bank, «Қытайдың Қазақстандағы банкі» АҚ, «Қытайдың Алматыдағы сауда-өнеркәсіптік банкі» АҚ), түріктің KZİ Bank, кореялық «Шинхан Банк Қазақстан», чехиялық Home Credit Bank-тен басқа дамыған елдердің банктері отандық қаржы секторына кірмеді.

БАНКИРДІ НЕ ЖІБІТЕДІ?

Тұжырымдамада банк секторына көп мән берілген. Бекер емес. Қазақстанның қаржы жүйесінің ұстыны банктер құрайтын моделге құрылған. Қаржы жүйесі активтерінің негізгі үлесі – шамамен 78 пайызы дәл осы банк секторында шоғырландырылған. Тағы 8 пайызы – Қазақстан даму банкіне тиесілі. Активтердің қалған 14 пайызын – сақтандыру, микро несие ұйымдары сияқты қаржы нарығының өзге секторлары еншіледі.

Қаржы секторы активтерінің серпінді өсуі байқалады: 2017 жылдан бері қаржы жүйесінің жиынтық активтері 74,5 пайызға – 44,3 триллион теңгеге дейін ұлғайды. Соның ішінде банктердің активтері 56 пайызға – 37,6 трлн теңгеге дейін, қалған қаржы ұйымдарының активтері – 190,5 пайызға, яғни 6,7 трлн теңгеге дейін көбейді.

Әрине, қаржы жүйесі экономиканың күретамыры саналады. Әйткенмен, бұл сектордан экономикаға көп қайыры болмай тұр. 2017-2021 жылдар кезеңінде қаржы секторының экономикаға үлесі 2-ден 2,4 трлн теңгеге дейін ғана өсті. Соңғы бес жылда валюта бағамы 331-ден 480 теңгеге дейін төмендегенін ескерсек, бұл тұрғыда кері кету байқалады. Сонымен бірге қаржы секторының ЖІӨ-дегі үлесі 2017 жылғы 3,7 пайыздан 2021 жылы 2,9 пайызға дейін құлдыраған. Оның үстіне қазақстандық банк секторы шамадан тыс олигополиялануымен ерекшеленеді: бүкіл сектор активтерінің шамамен 66 пайызын бар-жоғы 5 банк астына басып отыр.

Қаржы секторын қолдап, дағдарыстан қорғауға Үкімет барын салуда, тіпті Ұлттық қордан триллиондарды жұмсап келеді. Ал оның қайтарымы мардымсыз болып тұр. Осы орайда, 14 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Ұлттық банктің және қаржылық реттеушінің пәрменсіз, әлсіз монетарлық саясаты қаржы секторының дамуына тежеу болып отырғанын айтып, сынады.

Банктердің де ниеті белгілі. Олар азаматтарға сыйақысы жоғары тұтынушылық қарыздар беруге шектен тыс әуестеніп кетті. Ел Президенті осының аясында экономикалық белсенділіктің шешуші факторы саналатын корпоративтік несиелендіру тоқтаусыз қысқарып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді: барлық заемдағы корпоративті кредиттердің үлесі 5 жылда 68-ден 41 пайызға дейін құлдыраған. Қасым-Жомарт Тоқаев осының кесірінен тіпті азды-кем маңызды кез келген жобаны мемлекеттік даму институты есебінен немесе халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз тарту арқылы қаржыландыруға тура келетінін қынжыла жеткізді. Дәл осы кезде банктер 11 триллион теңге қаражатын экономикаға құймай, сырт қалып отыр. Президент мұны «еш әсірелеусіз, нағыз апатты жағдай» деп бағалады. Экономикаға көмектеспейтін банктердің елге қажеті не?

МЕМЛЕКЕТ МАСЫЛДАРДАН АРЫЛСА…

Қаржылық реттеуші тегеурін танытпады, банк алпауыттарына тісі батпады. Банк секторын реттеуге жауапты агенттік басшысы Мәдина Әбілқасымованың командасы банктерді экономика мен отандық бизнесті несиелендіруге ынталандыру үшін пруденциалды нормативтерді жұмсартты. Дегенмен, банктердің тас жүрегін жібіте алмады. Сол себепті Мемлекет басшысы Ұлттық банкке, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне банктерді экономиканың нақты секторын кредиттеуге жұмылдыру үшін қосымша тетік-ынталандыруларды түзуді тапсырды. Бірақ қаржылық агенттік банктерді қорғаштап әлек. Оның түсіндіруінше, «корпоративтік кредиттердің төмендеуі банк секторын проблемалық қарыздардан тазарту шараларымен, дәрменсіз және жосықсыз қарыз алушылардың қарыздарын есептен шығарумен, сондай-ақ дәрменсіз банктерді таратумен байланысты» болыпты. Не десе де, саланың кемшілігі бетке ұрып тұр: банктер отандық бизнес пен ірі бастамаларға несие беруін тыйып, тек тұрмысы төмен[1]деген бұқараны қымбат қарызға қарық қылуын, сөйтіп, борыш батпағына батыруын үдетті. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрайымы Елена Бахмутова бүкіл қаржы секторын дамытудың басты, тұғырлы шарты – Қазақстан экономикасын тиімді жаңғырту және өсімін қамтамасыз ету екенін нықтады. Алайда корпоративтік секторды несиелендірудің төмендеуі, мемлекеттік бюджеттің мұнайлық емес дефицитінің артуы «орасан зор мемлекеттік шығындар әлі күнге экономикадағы орнықты құрылымдық жаңаруларға трансформацияланбағанын куәландырады». Мысалы, 2022 жылғы республкалық бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығы минус 9 трлн 342 млрд теңгеге немесе ЖIӨ-нің 10,2 пайызына жетті. Дамыған елдерде бұл жүктемені банктер өз мойнына алады: қаржыға зәру азаматтар, компаниялар банк жағалайды. Ал Қазақстанда өнертапқыш жеке тұлғалар да, жақсы жобасы бар фирмалар да қаржы сұрап, мемлекетке қолқа салады.

Е.Бахмутова жаңа тұжырымдамада мемлекеттің қаржы нарығына қатысуын 2030 жылға дейін біртіндеп қысқарту шараларын қарастыруға кеңес берді. Әйтпесе, кредиттердің пайыздық ставкасын арзандатуға бағытталған қаптаған қаржылық қолдау бағдарламалары жүзеге асырылып жүр, алайда сол арзандатылған несиеге ие кәсіпорындар бизнесінің тиімділігі белгісіз.

Мемлекет қолдауымен ашылған қаншама кәсіпорын жабылып тынды. Бизнесте масылдық пайда болды. Түсетін табыс өз қалтасын толтыратынына қарамастан бизнесмендер мемлекет несиесін жеңілдетіп бермесе, зауыт-фабрика ашпаймын деп міндетситінді шығарды. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының түсіндіруінше, бизнестің несиеге қатысты күтетіні экономикадағы ақшаның құнына сайма-сай келмейді. Мұны, мысалы, сатып алушының саудагерден сиырды қойдың бағасымен беруді талап етіп, қиғылық салуына теңеуге болады. Бизнес банкке тәуекелі жоғары жобасын әкеледі, соған арзан әрі мол несие бөлуді талап етеді. Банк менеджері таңданғаннан жаға ұстап, кредиттеуден бас тартады. Билікке сөзін өткізе алса, тамыр-таныс тапса, бизнесмен ол жобасын мемлекеттік қаржыландыруға қол жеткізеді.

ҚҰЖАТТЫҢ БІР ҚАЙНАУЫ ІШІНДЕ

Елена Бахмутованың пайымдауынша, қазіргі дағдарысты шақта мемлекеттік қолдауды күрт қысқарту, мемлекеттік бағдарламалардан бас тарту ертерек. Әйтсе де, нарықтық қаржыландыруға және адал бәсекелестікке оралудың нақты жоспары болуы қажет. Мұның сыртында, жаңа тұжырымдамада заманауи трендтер және олардың болашағы көрініс тапқаны жөн. Мысалы, банк секторын цифрландыру процесін өрістетіп, мемлекеттік қызметтерді банк секторы арқылы көрсетуге көшуге болады. Өйткені ХҚКО-лардың қосымшасы жоқ, халық eGov.kz-ке қарағанда, банк қосымшасына жиірек кіреді, сонда оңай бағдарланады.

Жалпы, салалық тұжырымдама дағдарысқа қарсы реттеуден – қаржы нарығын орнықты дамытуға көшіруді көздейді. Осы мақсатқа жету үшін қаржы секторын дамытудың 7 стратегиялық бағыты айқындалды, олардың 3-еуі кросссекторлық сипатқа ие, қаржы нарығының барлық сегменті үшін өзекті және оның барлық қатысушысын қамтиды.

Қаржылық реттеуші концепцияда қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқық-мүдделерін қорғауға мән берілгенін хабарлады. Бүгінде банктер мен микроқаржы ұйымдары несиенің сыйақысы бірнеше есеге шығындайтынын жасырып, алдайды. Алаяқтар адам сыртынан онлайн несиені оңай рәсімдейді. Сақтандыру компаниялары сақтандыру төлемін төлемей қояды. Құжатта бұл кеселдер мен күрес көзделіпті. «Жаңа үлгінің негізгі элементі – «тәуекелге бағдарланған тәсілді» енгізу болады. Ол тұтынушылармен жұмыс істеудің жосықсыз практикаларын ерте кезеңде анықтау үшін қаржы ұйымдарының бизнес-моделдерін, процестерін, стратегияларын талдауды, тұтынушылардың мүдделеріне қауіп төндіретін жағдайды түзету үшін мәжбүрлеу шараларын қабылдауды қарастырады», – деп мәлім етті агенттік. Банктердің қулығын әшкерелеу үшін «жасырын сатып алушы» тәсілі қолданылады. Аз қамтылған, осал топтарға несие беру қатаң шектелуі мүмкін.

Сарапшылардың пайымдауынша, жаңа тұжырымдаманың шикі тұстары жетерлік. Онда одақтастарға алапат санкциялардың салдары ескерілмеген. Әзірлеушілер жете жасампаздық танытпаған, көз ілеспес жылдамдықпен алға ұмтылған заманға сай өршіл, биік міндет-мұраттар байқалмайды. Мысалы, халықтың қаржылық сауаттылығын 2022 жылғы 40 пайыздан 2030 жылы 45 пайызға дейін ғана көтеру жоспарланды. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары сол бұрынғыдай «БАҚ-тағы жарияланымдар, сұхбат, дөңгелек үстелдермен» шектелген, жаңа форматы жоқ. Не замананың арынды аяқалысына ілесе алмаған, не қаржы ұйымдарын тәртіпке келтіре алмаған қаржылық реттеушінің ісі ақсап-ақ тұр.

aikyn.kz

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.