Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Жазу – өмірімнің бір бөлшегі»

0 214

«Анаға тағзым» орталығында Жамбыл облыстық «Арай» жастар газетінің тілшісі Қамар Қарасаеваның «Тәтті мұң» атты тұңғыш кітабының тұсаукесеріне арналған әдеби-сазды шығармашылық кеш өтті. Кеш шымылдығы автордың қызы Айкеннің «Болармын мүмкін» деген кеш иесінің өлең жолдарымен түрілді.
Нық ұстап намыс туларын,
Ұлың боп неге тумадым?!
Өз елін қорғар сарбаздай,
Белімді бекем бумадым.

Қамықпа, әке, мен сенің,
Болмасам-дағы дүлдүлің.
Шындықты шырқар шарықтап,
Болармын мүмкін бұлбұлың.

Болмасам-дағы мен сенің,
Самғап бір ұшар сұңқарың.
Қол жетпес сенің алдағы
Болармын арман, жыр-тағың – деп жырлаған екен бала Қамар. Бұл өлең жолдары ақ бантигі желбіреген балауса Қамардың бейнесін көз алдымызға әкеліп, балалықтың елінен қол бұлғап тұрғандай әсер етті.
Алғашқы болып автордың әдебиет әлеміндегі анасындай болып кеткен ардақты ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шырын Мамасерікованың ақ тілегінен бастау алды. Сонымен қатар кеш барысында автор кітабының тұсауын Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ғайни Әлімбекқызы мен облыстық «AULIEATA MEDIA» ЖШС бас директоры Оралхан Дәуіт кесті.
Қамар Рахметуллақызы колледж қабырғасында жүргенде-ақ Т.Рысқұлов аудандық «Құлан таңы» газетіне тырнақалды өлеңдерін, қысқаша әңгіме, новеллаларын жариялап, артынша сол редакцияда әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. Редакцияда қызмет еткен жылдары ақын Кәріпжан Нүсіптен көп нәрсе үйреніп, шығармашылық жолындағы ұстазы бағыт-бағдар берген екен.
2004 жылы педагогикалық колледжді бітірген соң, Тараз қаласындағы Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ Түрік университетіне мемлекеттік грант бойынша оқуға түсіп, сол жылы еңбек жолын Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қалалық «Жаңаөзен» газетінде жалғастырған. «Жаңаөзен» газетінде тілшілік қызмет атқара жүріп, Маңғыстау облыстық «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының Жаңаөзен қалалық филиалында редактор-корреспондент қызметінде атқарған. Сол жылдарда Маңғыстау облыстық әдеби-шығармашылық байқауларға қатысып, бірнеше жүлдеге ие болған.
2006 жылы өзінің өскен ортасына қайта оралып, Т.Рысқұлов аудандық «Құлан таңы» газетіне, кейіннен 2011 жылдан бері Жамбыл облыстық «Арай» жастар газетінде журналист болып қызмет етуде. Сондай-ақ қазіргі таңда «Анаға тағзым» орталығының жанынан құрылған «Інжу-маржан» қаламгер қыздар кеңесінің мүшесі.
– Бала күнімнен қалам мен қағазды серік еттім. Жазу өмірімнің бір бөлшегі. Бұл кітапқа әр жылдары жазылған шығармаларымды топтастырдым. Өмірдің бел ортасына келген тұста, кітап шығарып, өз өзіме осылай есеп беруді жөн санадым. Қуанышыммен бөлісіп отырн барша қалам ұстаған әріптестеріме алғысымды білдіремін, – деді автор.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.