«Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі». Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев ұстазға осылай баға беріпті. Білім мен тәрбие құсқа қос қанат қалай керек болса, адамға да солай керек. Оны беретін кім? Әрине, ұстаз. Мұғалім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр Жолдауында білім саласын назардан тыс қалдырған емес.
Президенттің қолдауымен соңғы жылдары педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейді. Алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмсалады деп көзделуде. Қабылданған шаралар жемісін берді. Педагог мамандығын қалап, оқуға түскендердің орташа балы күрт өсті. Жолдау аясында Президент қашықтан оқытуды енгізуді тапсырды. «Пандемия кезінде қашықтан оқытудың нәтижесі ұлттық телекоммуникация желілерінің тиімділігі төмен екенін көрсетті. Мұндай ахуал негізгі, қарапайым білімнің өзін меңгере алмаған оқушылар санының артуына әкеп соқты. Тағы бір проблема әрі нағыз қиындық осы деуге болады: балалар оқуын тастап кетіп жатыр. Өйткені білім алуды қажет деп санамайды. Үкіметке бұл мәселемен, атап айтқанда, қашықтан білім беруге қажетті ақпараттық жүйенің сапасын жақсартумен мықтап айналысуды тапсырамын! Біздің білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болуы тиіс», – деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуді ұсынды. Өйткені дәл осы ұстаздар қауымы жаңа білімді таратушыға, нағыз ағартушыға айналуы тиіс. Бұл бастама өз кезегінде сапалы білім беретін ұстаздар қатарының көбеюіне оң ықпалын тигізеді деген сөз. Президент, орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы деген болатын. Бүгінде елімізде 225 мың оқушыға орын жетіспейді екен. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Бұл мәселені шешу үшін Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін салынуға тиіс мектептерді 1 мыңға жеткізуді міндеттеген болатын. Сонымен қатар Президент бастамасымен кітапханашы, архивші, бухгалтерлер және басқа да бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын көтеруді қарастырып отыр.
Жалпы 2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өскен болатын. 2022-2025 жылға дейін мемлекет өзге санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады. Демек, тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді. Мемлекеттің болашағы – сапалы білімде. Құнды құжат білім саласының тамырына нәр жүгіртіп, кемел келешекке жол ашатыны анық.
Мадьяр Нұрәділұлы,
«Парасат» колледжі «Дене шынықтыру» мамандығының мұғалімі