Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өңір медицинасының мүмкіндігі мол

0 402

Денсаулық – баға жетпес байлықтың, көтеріңкі көңіл-күйдің, бүкіл тіршіліктің яки бар ғұмырдың сапасының кепілі. Адам баласы сондықтан ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеуде алдына жан салмауы тиіс. Бас ауырып, балтыр сыздай қалса жол көрсетіп, жөн сілтер медицина саласы бүгінде барлық дерттің дауасын табуға тырысуда.

Осы орайда облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасына қарасты облыстық көпбейінді балалар ауруханасы, №2 және 5 қалалық емханаларының бір күндік тыныс-тіршілігін көрсету, өңірдегі денсаулық сақтау саласында мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуын кеңінен ақпараттандыру мақсатында бір күндік баспасөз туры ұйымдастырылды. Оған бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері қатысты.
Деннің саулығы үшін еңбек етіп, маңдай терін төгіп жүрген ақхалаттылардың, олар қызмет еткен медицина орталықтардың хал-ахуалы қалай? Медициналық көмек көрсету процесі қалай өтуде? Адам жанын ажалдан арашалап жүрген емхана, аурухананың бүгінгі жай-күйімен танысу мақсатында ұйымдастырылған тур барысында ең алдымен жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасына бас сұқтық.
551 төсек-орынға арналған ауруханада балаларға стационарлық, стационарды алмастыратын және консультациялық-диагностикалық медициналық көмек көрсетіледі екен. Мекеменің бас дәрігері – Ержан Абдыхалықов. Емдеу мекемесінде барлығы 815, яғни оның ішінде дәрігер – 101, медбике – 369, кіші медициналық қызметкер – 214, басқа персонал – 131. Ағымдағы жылдың 6 айындағы көрсеткіштерге тоқталар болсақ, шығарылған науқастар – 9354, клиникалық диагностикадан өткізілгендер саны – 86 023.
Бүгінгі таңда мұнда «Қамқорлық» оңалту орталығы да өз қызметін абыроймен атқарып келеді. Сал ауруына шалдыққан және жүйке жүйесі мен тірек-қимыл мүшелерінің ақауы бар нейрохирургиялық оталардан кейінгі оңалту пациенттерді медициналық, педагогикалық қалпына келтірумен айналысады. Орталық 80 төсек-орынға, неврологиялық, травматологиялық, ортопедиялық, нейрохирургиялық төсек-орындарымен толықтай жабдықталған.
– Орталықта ем алу 2 кезең арқылы жүзеге асырылады. ІІ кезең жарақаттан кейін, яғни сынықтар, ортопедиялық және нейрохирургиялық оталардан кейін орталықта 15 күн және әр 30 күн сайын ем алады. ІІІ кезеңде созылмалы жүйке жүйесі және тірек-қимыл мүшелерінің ақауы бар, ортопедиялық аурулар және туа біткен ақауы бар балалар емделеді. Олардың емделу курсы 21 күн және әр 4 ай сайын қалпына келтіру шаралары жүргізіледі. Амбулаторлық емге де ІІІ кезеңдегі балалар қабылданады, оның ұзақтығы – 15 күн. Амбулаторлық ем әр 30 күнтізбелік күн сайын жүзеге асады, – деді «Қамқорлық» оңалту орталығының басшысы Раиса Кожамарова.
Орталықтың цокольдық қабатында үш аяқты арнайы велосипедтермен жабдықталған «Автодром», сондай-ақ бөлімшеде 2 хауыз, 2 емдік ванна, суасты душы, гидромассаж, галотерапия бөлмелері, жасанды тұз шахтасы, шунгит, интерактивті, педагогтар бөлмелері орналасқан. Мұнда арнайы жабдықталған бөлмелер де бар. Атап айтар болсақ, 3 кинезотерапия залы, механотерапия залы және физиоем қабылдау бөлмесі арнайы құрылғылармен жабдықталған.
Орталықтың ерекшеліктерінің бірі – кондуктивті терапия. Кондуктивті терапия – оңалту емдері кешенінің бір бөлігі. Емнің бұл бөлігінде балалар бір-бірімен қарым-қатынас жасап, музыкамен денелері босаңсып, іс-қимылдарына ерік береді. Бірі қимыл арқылы қарым-қатынас жасаса, бірі көз арқылы, бірі сөз арқылы қарым-қатынас жасайды.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлерімен бірлескен тур мүшелері №5 қалалық емхананың да тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында ат басын бұрды. Бұл ғимарат «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып, 2010 жылы қолданысқа берілген, жалпы ауданы 8368,6 шаршы метрді құрайды. Мұнда бас дәрігер қызметін Динара Сәрсенова атқаруда.
– Жамбыл облысы тұрғындарының кең ауқымына ұтқырлық пен қолжетімділік бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін арттыру туралы 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасын іске асыруда «Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының №5 қалалық емханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны Жамбыл облысында денсаулық сақтаудың МСАК ұйымы бойынша үздік тәжірибелер орталығын құру үшін таңдалып, 2021 жылғы 29 маусымда №5 қалалық емхана үздік тәжірибелер орталығына айналды. 2021 жылдың 25 мамырында «Қоғамдық ақпаратты бақылау және кері байланыс механизмі» (МИОМОС) пилоттық жобасы жүзеге асырылды, – деді аталмыш емханадағы бас дәрігердің медицина бөлімі жөніндегі орынбасары Перизат Маханова.
Ал №2 қалалық емхана – 1990 жылы пайдалануға берілген 7 қабатты ғимарат. Бас дәрігері – Жеңіс Тойшыбекова. Бұл емханаға қарасты «Жан-Нұр» облыстық жастар денсаулық орталығы облыс көлемінде 10-29 жас аралығындағы жастар мен жасөспірімдердің денсаулығын сақтау мен нығайту барысында жас ерекшеліктерін ескере отырып, оларға кешенді медициналық, әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетеді.
Мәселен, темекіге әуес, аяғы ауыр әйелдің жатырындағы баланың күйзеліске түскен бейнесі бар қуыршақ бір қарағаннан шылымның зиянын айғақтап тұр. Оның адам баласына зиян екені көзге бірден шалынады. Осы орайда өз перзентінің іште жатып-ақ анасы шеккен шылымнан қиналғанын көргенде, аяғы ауыр бола тұра, темекі тартатын аналар бейжай қалмай, ақылға келуі мүмкін.
Сонымен қатар мұнда түрлі жаттығулар жасалып, ойын түрінде сан алуан тәсіл қолданылатынының куәсі болдық. Ішімдікке әуес жандар рульге отырғанда көзі бұлыңғыр тартып, түзу жүре алмайтынының дәлелі ретінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнайы көзілдірік кигізіп, қызыл сызықтың үстімен түзу жүріп өтуге кеңес берді. Алайда ішімдік ішкен адамның жанарындағы дефектті білдіретін арнайы көзілдіріктен әлем бұлыңғыр тартып, нақты түзу жолды тауып, нық-нық жүріп, межелі жерге жету мүмкін емес еді. Бір сызық бойымен жүріп өте алмағандар осы орайда масаң кейіпте көлік айдаудың залалы басқаларға да тиіп кететінін ойға алды. Дәрігерлер осы ойын арқылы жалпы зиянды заттардан аулақ болуға шақырды.
Орталықтың негізгі міндеті өңір жастары мен жасөспірімдерді өмірге бейімдеу, олардың өз денсаулықтарына деген жауапкершілігін арттыру бағытындағы іс-шараларды ұйымдастыру, жастардың денсаулығына әсер ететін қауіпті факторлардың таралуы мен жастарға көрсетілетін қызмет түрлерінің сапасын анықтау мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізу және жасөспірімдер мен жастарға психологиялық, психокоррекциялық, әлеуметтік кеңес беру болып табылады.
Аталған қызметтерді жүзеге асыру үшін мекеме уролог-андролог, дерматовенеролог, акушер-гинеколог дәрігерлерімен, заңгер, психолог мамандарымен және әлеуметтік қызметкермен қамтылған. Негізгі мақсат – жастар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын ұстану дағдыларына баулу, психикалық денсаулық және репродуктивті денсаулықты қорғау бойынша білім деңгейін жоғарылату, гигиена, ерте жыныстық байланыс, жыныс жолымен жұғатын аурулармен қатар, ерте жүктіліктің алдын алу қажет. Мақсатты топтарға 10-18 жас аралығындағы жасөспірімдер мен 19-29 жас аралығындағы жастар кіреді. Барлық медициналық қызметтер тегін көрсетіледі.
Баспасөз туры барысында жуырда ғана 5 қабатты үйдің төбесінен құлау салдарынан ауыр жарақат алған 2007 жылғы баламен тілдесуге мүмкіндік алдық.
– Көгерулер мен сынықтарды қарап, травматикалық шок диагнозын қойдық. Іш қуысына ішкі қан кету байқалды. Шокқа қарсы іс-шараны шұғыл түрде бастап жібердік. Инфузиялық-трансфузиялық терапия толық көлемде көрсетілді. Жағдайы тұрақтанғаннан және гемодинамикадан кейін жалпы эндотрахеалдық наркозбен балаға операциялық емдеу жүргізілді. Ота бірнеше сағатқа созылып, бір уақытта бірнеше анатомиялық сегменттер қарастырылды. Дұрыс анатомияны қалпына келтіру және сүйектерді жақсырақ біріктіру үшін ішкі фиксациясы бар радиус пен шынтақ сүйектерінің, сондай-ақ сол жақ аналық сүйектің жабық репозициясы жасалды. Сондай-ақ диагностикалық лапароскопия, іш қуысын санациялау және дренаждалды, – деді жақ-бет хирургиясының меңгерушісі Иван Мойсюк.
Құлау кезінде баланың сол жағындағы жақ сүйек кешені зақымдалған. Сондықтан сол жақта зигоматикалық сүйектің реконструктивті-қалпына келтіру отасы жасалды, сынық титан минипластиндерімен бекітіліп, орбитаның түбіндегі ұсақ сынықтарды ескере отырып, көз алмасын көтеру үшін титан торы да орнатылған.
Баланың жағдайын білу мақсатында палатасына бас сұқтық. Ақ төсекке таңылған жеткіншек дәрігерлерге алғысын жеткізді. Бүгінде бар қиындық артта қалып, баланың жағдайы бірқалыпты күйде. Ақ төсекке таңылып, дене мүшесінің сынған жерлерінің қалыпқа келгенін күтуде. Анасы да көзіне жас алып, ұлының ақ халатты абзал жандардың арқасында аман қалғанын айтты.
Баспасөз турының соңында облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
– Бүгінгі таңда облыста 388 медициналық нысан жұмыс жасайды. Туу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 3 пайызға өскен. Біздің ең басты бағытымыз – ана мен бала денсаулығы. Биыл ана өлімі тіркелген жоқ. Өткен бір жылдың ішінде 8 ана өлімі, яғни оның 7-і коронавирустық инфекцияға байланысты тіркелген болатын. Нәресте өлімі де соңғы алты айлық көрсеткішпен салыстырғанда төмендеді.
Кадр мәселесіне тоқталсақ, 125 дәрігерге сұраныс бар. Тамыз-қыркүйек айларында 80 жас маманды жұмысқа тартамыз деп отырмыз. Биыл 30 дәрігерді дайындауға облыс әкімшілігі грантқа арнайы қаражат бөлді. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру, оқыту мәселесіне көп көңіл бөлеміз. Осы жылы бірнеше шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Нұр-Сұлтан, Алматы, шетелдік дәрігерлермен бірлесіп оталар жасалды. Ресейге 10 дәрігер оқытуға мүмкіндік алдық.
Екінші бағыт – инфрақұрылым. Биыл ауқымды жұмыс жүргізіліп, жаңартылу жұмыстары жүруде. 24 медициналық нысанның құрылысы жүріп жатыр. Алдағы уақытта онкологиялық орталық пайдалануға беріледі деп күтілуде, – деді Әсет Әскербекұлы.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.