Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауданда не жаңалық?

0 229

Аралдағы қоныс той

Қордай ауданы, Степное ауылдық округіне қарасты Арал ауылында ерекше қоныс той тойланды. Арал ауылының тұрғыны, жалғызбасты ана Әлия Нұрымбетова кәмелеттік жасқа толмаған бес баласымен осыған дейін жалдамалы үйде күнелтіп келген болатын. Ауыл атымтайларының демеушілігі және аталмыш жобаның қолдауымен енді бес бөлмелі, еңселі үйге көшіп барды.
Салтанатты шарада сөз алған ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Аршат Ибрагимов, Степное ауылының биі Аманқан Рысмбетов бастаған ақсақалдар ақ баталарын берсе, ауыл имамы Әлібек Ильясов дініміздегі жомарттық, қайырымдылықтың мән-маңызы жөнінде тағылымды әңгіме өрбітті.

Футбол алаңшасы пайдалануға берілді

Спорт – денсаулық кепілі, адам өмірінің негізі десек, Байзақ ауданы, Кеңес ауылында ел игілігіне ұсынылған шағын спорт алаңшасы – соның айқын дәлелі. Аудандық бюджет есебінен салынған су жаңа спорт нысанында сап түзеген жас спортшыларды және осында жиналған ауыл тұрғындарын аудан әкімі Бақыт Қазанбасов арнайы барып құттықтады.
Айта кетейік, жергілікті бюджет есебінен 11 миллион 339 мың теңге қаражатқа бой көтерген бұл нысан жалпы халықты дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту мақсатында ашылды. Шағын футбол алаңшасында кіші теннис үстелі, стрит воркаут орнатылып, орындықтар қойылып, автотұрақпен және көше жарығымен қамтылған.

Түйткілдің түйіні тарқатылды

Ағымдағы жылдың басында Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы мен Өрнек ауылдық округінің әкімі Азиз Мәнтеевтің өткен жылдың қорытындысы бойынша есеп беру жиыны ауылдық клубта өтіп, онда ауыл азаматтары бірқатар сауалдарға жауап іздеген болатын.
Атап айтар болсақ, тұрғындар қылмыстың, ұрлықтың алдын алу мақсатында Жұма мен Өрнек ауылдарына бейнебақылау камералары орнатылса, Көктөбе көшесінің жолы асфальтталса деген өтініштерін білдірген. Тұрғындардың талап-тілегі бүгінде орындалды. Айталық, Өрнек ауылындағы бұрын орнатылған 2 камераға қосымша 6 камера, ал Жұма стансасына 2 камера орнатылып, іске қосылды. Бұған жалпы сомасы 6 миллион 435 мың теңге жұмсалған. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Көктөбе көшесіндегі 3 шақырым 600 метр жол тақтайдай тегістелген. Бұған 49 миллион теңге бөлініп, бүгінде «Жамбылдормостстрой» ЖШС құрылысты толығымен аяқтаған.

Дайындаған Дариха Үмбетиярова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.