Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қарышты дамуға нық қадам

0 637

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты Жолдауын кемел келешек кепілі деп бағалауға болады. Құнды құжаттан елімізді алдағы уақытта оң өзгерістер күтіп тұрғанын түсіндік. Әсіресе Сенат депутаттары санының азаюы, Ұлттық құрылтайдың жасақталуы, Конституциялық соттың құрылуы, Ата Заңның 30-дан аса бабына өзгеріс енгізілгені – соның басты дәлелі. Сонымен қатар депутаттардың сайлау алдында берген уәделерін орындауын қатаң бақылауға алынатыны әрбір істің нәтижелі болуына бастайтыны анық.

Әлбетте, Жолдауда айтылған ең басты өзгеріс – Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарының құрылуы болды. Бұл көптен бері елдің көкейінде жүрген мәселелер еді. Жаңа аймақтардың құрылуы сол өңірлердің қарқынды дамуына септігін тигізеді. Әсіресе шалғайдағы ауылдардың жағдайы жақсарып, тұрмысы жандана түседі. Абай, Шәкәрім сияқты заңғарлар туған орданың гүлденуіне біз де тілекшіміз. Сонымен қатар Қапшағай қаласының Дінмұхамед Қонаевтың есімімен аталуы барша қазақстандықтың қолдауына ие болды. Президентіміздің «Мен елімнің ертең емес, бүгін бақытты болғанын қалаймын!», «Үлкен өзгерістер ауыс-түйіс жасаумен шектелмейді, өзгерістерді өзімізден бастауымыз керек» дегені күллі отандасымызды бірлікке шақырып тұр. Жолдаудан ұққанымыз, ең бастысы – халықтың қалауы біртіндеп орындалып жатқаны. Расында, бұл Жолдау маңызды да күрделі деп көрсетілген проблемаларды қамтыды. Оның әр сөзі халыққа керекті мәселелердің шешімін табуға бағытталды. Ендеше, баршамыз қолдау білдіріп, Жолдауда көтерілген мәселелердің оң шешімін табуына жұдырықтай жұмылып атсалысқанымыз жөн.

Медет Атен,
облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.