Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қонаев пен Аухадиев өнегесі өлмейді

Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 110 жыл!

0 595

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Кеңес өкіметінің жетпісінші, сексенінші жылдары қазақ еліндегі билік баспалдақтарымен нық басып, қайраткерлік тұлғасы бірте-бірте айқындалып келе жатқан басшылардың бірі Кеңесхан Мұстаханұлы Аухадиев еді. Сол кездегі ел тізгінін қолына ұстаған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың да оған деген көзқарасы дұрыс болды. Сондықтан болар, Димекең оған ылғи жауапты партия және кеңес қызметтерін атқаруды ұсынды. Жалпы Димекеңнің ең басты жақсы қасиеттерінің бірі де адамды тани білу еді ғой.

Кеңесхан Мұстаханұлы Аухадиевтің өмірі мен қызмет жолы да қиын әрі қызықты көптеген баспалдақтардан тұрады. Сол қызмет баспалдақтарының алғашқы текпішектеріне тоқталмай, комсомолдар жетекшісіне айналған жалынды жастық шағын бір сәт шолып өтсек, Кеңесханның қасынан қазақ халқына қызметі өткен қадірлі азаматтар Өзбекәлі Жәнібеков, Асанбай Асқаров сынды елдің елеулі тұлғаларының бейнесін көреміз.
Мысалы, Ө.Жәнібеков Алматы облыстық комсомол комитетінің 1-хатшысы қызметіне К.Аухадиевті ұсынып, Алматы облыстық коммунистік партиясының бірінші хатшысы А.Асқаровқа өтініш білдірсе, өз кезегінде Асекең де албырт жастың кандидатурасын бірден қолдайды. Сөйтіп, 1968 жылы Алматы облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, ал келесі жылы Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің идеологиялық жұмыстар жөніндегі хатшысы болып сайланады. Міне, К.Аухадиев ел жастарының жетекшісі болып жүрген осы кезде Қазақстан комсомолы сыйлығы белгіленіп, оның алғашқы лауреаттары жазушы-публицист Саттар Ерубаев, ақын Олжас Сүлейменов болады. Әрине, одан кейінгі лауреаттар да оңай емес: ақындар Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, әншілер Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов…
Былайғы жұрт ол кезде Кеңесхан Аухадиевті әдеттегі комсомол жетекшілерінің бірі деп білетін. Бірақ жастайынан жетім қалып, анасының жетегінде жүріп өскен оның жаны өте нәзік болатын. Мәдениет пен өнер иелерін ерекше құрмет тұтатын. Өзінің де өнерден хабары болды. Мектепте оқып жүргенде көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, мандолинада ойнайтын. Оның ұлтжандылығы әсіресе шопандардың Бүкілқазақстандық І-ші слетін өткізгенде байқалды. Жиын бастан-аяқ қазақ тілінде өтіп, Министрлер Кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімов қазақша баяндама жасады. «Қазақ тілі – күнкөріс тілі емес» деген кері түсінік қалыптасып, қалалық қазақтар ұл-қыздарын шетінен орыс тілінде оқыта бастаған тұста бұл жиын ел ішінде үлкен серпіліс туғызды. Бірақ ел ішінде ұлт рухын оятатын осындай іс-шаралар ұйымдастырылып, сең қозғала бастағанын байқаған Кремль республикадағы «2-ші хатшылар» мен «1-ші орынбасарларды» міндетті түрде орыс ұлтының немесе басқа ұлт өкілдерінен тағайындай бастады. Мысалы, Өзбекәлі Жәнібековтің қасына «2-ші хатшы» етіп жіберген А.Семенченко деген Мәскеуден келіп еді. Өкінішке қарай, осы «дәстүр» еліміз тәуелсіздік алғанға дейін жалғасты.
Мәдениет, өнер және әдебиет қайраткерлерімен етене жақын жүретін Кеңесхан Аухадиевтің бүгінде елімізге белгілі ақын Фариза Оңғарсыновамен танысуы да өзінше бір қызық оқиға. 1970 жылы «Лениншіл жас» газеті Орал облыстық комсомол комитетінің жұмысы мен оның бірінші хатшысы Мұхамбетовті өткір сынға алып, мақала жариялап жібереді. Ел жастарының көшбасшысы Ө.Жәнібеков облыс комсомолдарының конференциясы қарсаңында жазылған сынға қатты ашуланып, өкпе-ренішін сол кездегі газет редакторы Ш.Мұртазаевқа айтады. Шер-ағаң мақаланың нақты деректер мен дәйектерге құрылғанын көлденең тартады. Міне, осы кезде Кеңесхан Аухадиевке жедел түрде Оралға барып, мәселенің тігісін жатқызып, комсомолдар конференциясын ойдағыдай өткізіп және сын садағының жебесіне ілінген Мұхамбетовті «қайта сайлап» қайтуға тиіс болады. Әрине, сапардың бір мақсаты сын мақаланың авторымен жүзбе-жүз сөйлесіп, мұндай өткір сынның жастар жиыны алдында не үшін керек болғанын өз аузынан есту болатын. Бұл туралы Кеңесхан Мұстаханұлы:
«Мақаланы жазған Фариза Оңғарсыновамен жолықтым. «Лениншіл жастың» меншікті тілшісі екен. Жап-жас. Сөзі нық, өзіне сенімді. Жинақы қыз көрінді.
– Мақалаңда келтірілген фактілер дұрыс сияқты. Дегенмен осы кемшіліктерді бұрыннан көре тұра конференцияға аз-ақ қалғанда жинап-теріп жазғанша, бұрынырақта неге жазбадың? Негізгі мақсатың жұмысты жақсарту болса, неге бұл мәселені ерте қозғамадың? – деп сұрадым.
– Оныңыз рас, конференцияға аз-ақ күн қалды. Бірақ мен бұрын да ептеп жазып көрдім, алайда оған елең ете қойған бұлар жоқ. Өстіп өткір айтпаса, мұз қозғалмайтынына көзім жеткен соң, конференцияның дәл қарсаңында жазуыма тура келді, – деді, – дейді» («Кеңес Аухадиев. Өмір жолы – тар соқпақ…». Естелік. Алматы, «Жалын» баспасы» ЖШС, 1998).
Кеңесхан Аухадиев осы сапардан Фаризаны танып, оны Өзбекәлі Жәнібековке мақтап келеді. Міне, ғажап, Өзекең болса көп ұзамай Фаризаны «Қазақстан пионері» газетінің редакторы етіп тағайындайды. Ал Фаризаның «қарауылына» ілінген Мұхамбетов сол жолы облыс комсомолының жетекшісі болып қайта сайланғанымен, үш-төрт айдан кейін қызметін босатады. Бүгінде Кеңкең: «Сол Фариза қазір күллі Қазақстан сыйлайтын атақты ақынға айналды. Шындық үшін жас күнінен батыл шайқасқан Фариза әлі сол бағытынан таймай келеді»,– деп еске алады.
Арада аз уақыт өткенде Кеңесхан Аухадиевті комсомол қызметіндегі баспалдақтың тағы бір биік текпішегі – «Совет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы» деген лауазым күтіп тұрды. Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров, бейнелеп айтсақ, ақ батасын берді. Ол кезде Алматы қаласында қызыл империяны дәріптейтін өңкей Совет, Фрунзе, Ленин және Октябрь деген атаулардан тұратын аудандар болған. Совет ауданы – соның ең үлкені, есебіндегі 19 мыңға жуық коммунистерді қалың қол десе де болғандай еді. Оның үстіне Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті, Үкімет үйі, бүкіл министрліктер, жоғары оқу орындарының басым бөлігі, жазушылар, композиторлар, суретшілер одақтары, театрлар бар. Ал «а» десең, «мә» дейтін мұндай «мінезді» ортадағы коммунистермен жұмыс істеу тіпті де оңай шаруа емес екені белгілі.
«Бір күні Асқар Тоқпанов келді. Өз үйіне келгендей еркін жүреді, еркін сөйлейді. Өзіндік мінезі, өзіндік көзқарасы бар. Бір қалыптан шықпай қақайып қалмаған кісі екені жүріс-тұрысынан көрініп тұр. Сұрақ беріп, сөзге тартып әуре болудың қажеті болмады, бәрін өзі сұрады, бәрін өзі айтты.
– «Абай» спектаклін бірінші қойған менмін. Бірақ күні бүгінге дейін не атағым жоқ, не партияға өткем жоқ» деді, – дейді Кеңесхан өткен жылдар өткелектерін сағынышпен еске алып.
Мен кітаптан осы сөйлемді оқығанда: «Апыр-ау, Алматыда Асқар Тоқпанов тектес қаншама арқалы өнер иелері мен ақын-жазушылар бар. Солардың бәрінің көңілін тауып, сыйластықпен жұмыс істеу оңай емес қой», – деп ойладым. Ұзын сөздің қысқасы, Совет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы К.Аухадиев осыдан кейін Консерваторияға арнайы барып, ондағы партия ұйымының есеп беру-сайлау жиналысына қатысып, Асекең айтқан мәселелердің ақиқаттығына көзі жетеді. Сол жиында тіпті А.Тоқпановты партияға мүшелікке алу туралы ұсыныс та бірауыздан қабылданады.
Бұл – бұл ма, атақты сазгер, әні де, күйі де халықтың құлағынан кетпейтін Нұрғиса Тілендиевті Композиторлар одағының басқарма мүшелері «жоғары музыкалық білімі жоқ» деп мүшелікке қабылдамай жүріпті. Бұл туралы Кеңкең: «Өзі келіп өкпесін айтпаса, мен де білмейді екем… Композиторлыққа мүшеге алу партияға мүшеге алумен бірдей емес, сондықтан ол іске белсеніп араласа алмадым. Жаңылмасам, Нұрғиса Тілендиевті Композиторлар одағының мүшелігіне алу мәселесіне Д.А.Қонаевтың өзі араласты», – деп жазды.
Қарап отырсақ, Қонаев пен Аухадиев қызметтік өмірінде ерекше дарынымен бірге мінезді, арқалы, азулы өнер адамдарының тілін табу арқылы таланттарын үнемі ашып отырыпты. Оның басында арыстандай ақырып, жолбарыстай күркіреп батыр Бауыржан Момышұлы тұрғаны белгілі. Әрине, Қонаев пен Аухадиевке олардың «ел ішіне сыймайтын» мінезіне «кешіріммен қарау» оңайға түскен жоқ. Солармен бірге өздері де сөзге қалып, сынға ілікті.
Бүгінгі облыстық немесе аудандық деңгейдегі басшыларда Қонаев, Аухадиев үлгісіне ұқсайтын адамгершілік қасиет бар ма? Бар болса бар шығар, бірақ өте аз. Олар өз өңірлерінде тұратын талантты тұлғалардың оқшау ойлары мен сөздерінен немесе қалыпқа сыймайтын мінездерінен шошып, оларды маңынан аулақ ұстауға тырысады. Жә…
Кеңесхан Аухадиевтің өміріндегі ең ұмытылмас сәттің бірі – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа өз қолымен партиялық билет тапсыру болды. 1974 жылы КОКП Орталық Комитетінің «Партиялық құжаттарды айырбастау туралы» қаулысы шығып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, Кеңес Одағы Коммунистер Партиясы Орталық Комитетінің Саяси Бюро мүшесі Дінмұхамед Қонаевтың партбилетін ауыстыру Кеңкең жетекшілік ететін партия ұйымына тиесілі болды. Оның жауапкершілігі өте зор болатыны, қатардағы партия мүшесінің билетін ауыстыру кезінде қате толтырып қалса, акті жасап, басқа билет жазып беруге бола беретін де, ал Д.А.Қонаевқа берілетін билет бір-ақ дана, оның нөмірі – 00000011, яғни арнайы жіберілген 11-нөмірлі билет еді. Сәл ақау кетсе, ол «саяси қате» ретінде бағаланатыны сөзсіз.
Сонымен Д.А.Қонаевтың партбилетін ауыстыру салтанатына Алматы облыстық партия комитетінің 1-хатшысы Асанбай Асқаров бастаған, Алматы қалалық партия комитетінің 2-хатшысы Ізбасар Балтағұлов қостаған біраз партия-кеңес қайраткерлері қатысады. Бұл туралы Кеңесхан Аухадиев:
«Димекеңді жақыннан көріп, тұңғыш қасына келіп қолын ұстағаным – осы күн. Сөйлесіп, алғаш ағалық сөзін тыңдағаным да – осы күні. Келгеннен сынай көз тастап, бар қылығымды бақылап отырды.
«Жас екенсің, айналайын. Жастар өсуі керек. Болашағың әлі алда. Үлкен қалалық ауданды басқарып отырсың. Мұндай маңызды жерлерде өзің сияқты жастар істеуі керек» деді Димекең», – деп еске алады.

*      *      *

Қазақтар ғана тұратын ауылда туып-өскен осы сөйлемдердің авторы – менің облыс орталығы Жамбыл қаласына алғашқы келуім мен сол кездегі астанамыз Алматыға оқуға түсуге барған сапарым әлі есімнен кетпейді. Есімнен кетпейтіні, ол кезде Жамбыл қаласындағы қоғамдық тамақтандыру орындарында, дүкендерде, жолаушылар көлігінде орыс тілінде сөйлейтін қауым қызмет көрсететін де, бұл өз кезегінде ауылда өскен, қазақша оқыған балалар мен жастарды және ауылдан қалаға келген қарияларды қатты абыржытатын. Ал Алматыда бұлай емес екен. Әсіресе ЦУМ-ға (орталық бесаспап дүкені) барғанымда, қазақша сөйлеп қана қоймай, ұлттық қамзол киген сатушы қыз-келіншектерді көріп қатты таңғалғаным бар. Таңғалу, әрине, сүйсіну ғой. Бүгін сол туралы ойлап отырсам, бәрі басшыға байланысты екен. Ұлтына, ана тіліне, салт-дәстүріне жаны ашитын басшы отырған жерде бәрі халықтың көкейіндегідей болады екен. Кеңесхан Аухадиевтің өз қолымен жазылған мына сөйлемдерді оқысаңыз, бұл жайт Сізге де түсінікті болады.
«Алматы елтірі комбинаты ауданның территориясында болды. Оның жұмысшылары түгел дерлік орыстар еді. Қазақтар санаулы ғана. Кейін оның директоры қазақтан қойылды. Үш жыл ішінде комбинаттағы жұмысшылардың жартысы қазақ болып шықты. «Қазақтар жұмыс істей алмайды» деген күңкіл өсектің бекер екендігін комбинаттың жоғары көрсеткіші өзі-ақ дәлелдеді. Істей алмайды емес, істетпейді екен. Осы әдіспен Орталық бесаспап дүкенді де (ЦУМ) қазақ кадрлары аралас дүкенге айналдырдық».
Жамбыл қаласының қызмет көрсету орындарынан таппай жүрген қазақ тілді сатушыларымның Алматыдағы ЦУМ-да жүргенін көріп, таңғалуымның сыры, сөйтсем, осында екен ғой.
Кеңкең бұл үлгілі үрдісті Алматы ауыр машина жасау зауыты ұжымында да жалғастырады. Бірде зауыт директоры Битный деген марапатқа ұсынылған жұмысшылардың тізімін әкеледі. Тізімдегі жеті адамның ішінде бір қазақ жоқ екен сөйтсе. Кеңкеңнің жүрегі шым ете қалады. Дереу Битныйды шақыртып, «бұл қалай?» десе: «Жоқ қой, өндірісте қазақтар аз. Негізгі жұмыстарда мүлдем жоқ», – дейді. Сол сәтте Кеңкең Битныйға Алматы елтірі комбинатындағы жағдайды мысалға келтіріп, қазақ жастарын жұмысқа тарту керек, олар ауылдан оқуға келеді, оқуға түсе алмағандары қайтуға ұялып, осында қалады. Соларды оқыту, үйрету және жұмысқа алу керек дейді. Ол үшін курс ашу керектігін де түсіндіреді. Түсіндіріп қана қоймай, зауыттағы партия ұйымына Қадыров деген қазақ жігітті хатшылыққа сайлап, ол айналасына қазақ жігіттерін жинай бастайды.
Кеңес Аухадиев 1975 жылы Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметіне сайланды. Бұл қызметте оған Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімов, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, Кеңестер Одағы Компартиясының Саяси Бюро мүшесі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қолдау көрсетіп, «жассың, жауапты қызметке сендер бармағанда, кімдер барады» деп тілектестігін білдірді.
Аухадиев Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы болған соң Алматы қаласының құрылысы мен сәулетіне қатысты алқалы жиындарға қатысып, үлкен істерге өз үлесін қоса бастайды.
– Алматының сейсмикалық ауданда тұрғанын бәрің де білесіңдер. Биік үйлерді сондықтан салмай келдік. Енді 25 қабат биік үйді сейсмикалық ауданда тұңғыш біз салайық деп отырмыз. Оған рұқсат алдық. Ондай биік үйді саламыз ба, жоқ па, салсақ, орны қай жер болады – соның бәрін ақылдасып, он бес күннің ішінде өз ұсыныстарыңды жасаңдар, – дейді Д.А.Қонаев бір жиында.
Сөйтіп, А.Асқаров бастаған басшылар ойласа келіп, қазіргі Достық және Абай даңғылдарының қиылысқан тұсындағы Абай ескерткішінің төменгі жағы қолайлы деген тоқтамға келеді. Көп ұзамай қонақ үйдің жобасына арналған конкурс өтіп, онда Ю.Ратушный мен Л.Ухоботовтың жобасы жеңіске жетеді. Қонақ үй биік болса да, тоғыз балдық жер сілкінісіне төтеп бере алады екен. Сондай-ақ жер сілкіне қалған жағдайда үстіңгі қабаттары 3 метрге дейін шайқалып тұра беретін көрінеді.
Бірақ «Жиырма бес қабатты биік қонақ үйдің В.И.Ленин атындағы сарайдың қасынан салынып жатқаны несі? Қонақ үй – заңғар биік, сарай – тым аласа, сондықтан ол басылып, көрінбей қалмай ма?» деп қарсылық танытқандар да болыпты. Бірақ архитекторлар «Аласа мен биік қатар тұрса, екеуі де көзге түседі. Бірін-бірі көтеріп, айқындап тұрады» деп ондай бұратартушылыққа дәлелді дәйектерімен қарсы жауап береді.
Айтпақшы, қонақ үйдің ұшар басындағы алтын тәж іспетті сәулеттік әсемдендіру жұмыстарын жүргізуге қарсы болғандар да табылыпты. Олардың сондағы уәжі – «самолет қағып кетеді-мыс» дегенге келіп сайған. «Артық шығын, алтын тәж болмаса, көп материал үнемделер еді» деп уайым соққандар да шыққан. Бірақ Д.А.Қонаев: «Шығынсыз әдемілік бола ма?» – деп өз дегенінен қайтпайды. Сөйтіп, жиырма бес қабатты «Қазақстан» қонақ үйі аспанға ұмтылып, асқақтап шыға келеді. Құрылыс жұмысы да 1 жыл 8 айда, яғни өте аз мерзімде аяқталады.
Мен Жамбыл облыстық «Арай» газетіне берген бір сұхбатымда: «Алматы қаласының бас сәулетшісі – Қонаев, Астана қаласының бас сәулетшісі – Назарбаев», – деп едім. Сол айтқанымдай, Алматы қаласының әрбір көшесінде, әрбір арық-атызында, әрбір тал-дарағында және әрбір ғимаратында Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қолының ізі бар. Соның бірі – «Есік» қонақ үйі. Осы қонақ үйдің құрылыс жұмысы қалай жүріп жатқанын Д.А.Қонаевтың өзі бақылауда ұстап отырыпты. Тіпті жиі барып, қарап тұрады екен. Бір жолы:
– Біз ұлутасты үйдің сыртына ғана пайдаланып жүрміз, ішіне де пайдаланып көрсек қайтеді? – деп өз ой-пікірін білдіреді.
К.Аухадиев бастаған құрылыс жұмысына жауапты азаматтар осыдан кейін ұлутасты думанхананың ішіне пайдаланады. Д.Қонаев болса мұны көріп, өте қатты риза болады.
Айта берсек, Д.А.Қонаевтың бастамасымен және тікелей бақылауымен қолға алынған немесе салынған: қаланың бас жоспары, В.И.Ленин атындағы сарай, басшы қызметкерлерге арналған аурухана, «Қазақстан», «Алатау», «Есік», «Отырар», «Алтын дән» қонақ үйлері, ел аузында «Үш ноян» («Три богатыря») және «Көк базар» аталып кеткен үй мен базар, «Қазақстан», «Москва» сауда үйлері, «Арман» кинотеатры, саяси ағарту орталық үйі, Оқушылар сарайы, мұражай, сардарлар үйі, Панфиловшылар ескерткіші, «Қазақфильм», «Орбита» шағынауданы, «Арасан» моншасы, Көктөбе мен оның аспалы жолы, «Медеу» мұз айдыны, «Сайран» автобекеті, ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесі, «Достық» қонақ үйі сияқты көптеген алып құрылыстар дүниеге келді. Бұл туралы К.Аухадиев: «Алматы қаласының бірде-бір ірі құрылысы Димекеңнің араласуынсыз шешілген емес. Барлық жаңа құрылысты о кісі жеке-жеке қарайтын. Өзі салмақпен түсіндіретін, өзгені де салмақпен тыңдайтын», – деп жазады.
Осы мақаланың авторы, яғни мен 1977 жылы Алматы қаласын алғаш рет көрдім. Калинин көшесінен пәтер жалдап тұрдым. Оған ҚазМУ-дың бас корпусынан жаяу-ақ келе беретінмін. Сонда жол-жөнекей Весновка өзенінен өтуші ем. Өзендегі әсем баспалдақтар арқылы сарқырап ағып жатқан суға қызыға қарап тұратыным да есте. Міне, сол өзендегі баспалдақтарға дейін Д.А.Қонаевтың ой тастауы арқылы дүниеге келіпті. Алматыда туған, оның арғы-бергі жер-су аттарын жақсы білетін Димекең орыстар «Весновка» дейтін шалдуар баладай тентек өзенді «Есентай өзені» дейді екен. Бұл туралы Кеңесхан Аухадиев: «Сол өзеннің арнасына әдемі баспалдақтар салу, жұрт демалатын орынға айналдыру да Димекеңнің өз ұсынысы болатын. Үлкен Алматының ішіне де сондай баспалдақ бөгеттер салынып, жұрт шомылатын орынға айналдырылды. Сол идея дами келе Сайран көлін салуға ұштасты», – деп жазды.
Кеңесхан Аухадиев Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы болып 3 жыл 3 ай қызмет істеді. Таңертең қызметке келгенде оған ең алғаш телефон шалатын да Д.А.Қонаев болыпты.
– Не боп жатыр? Нан қалай? Ет, сүт баршылық па? Қымбаттап кеткен жоқ па? – деген мейірімге толы дауыс иесі Алматыдан бастап ауылға дейінгінің егжей-тегжейіне дейін сұрап, біліп отырады екен.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев та ет пен сүйектен жаралған пенде, кейде жіберген кемшіліктері үшін Кремль билігі Қонаевқа да қатты шүйліккен. «Ондайда кей басшыларша келе сап елді дүрліктіріп, өз ашуын өзгеден алмайтын. Өзі жаза алып келген кемшіліктерді қалай жою керектігін өз көзқарасымен байыппен түсіндіретін. Күтпеген шешім, ойда жоқ тосын әрекет, себепсіз біреуді алып тастау, түсініксіз жағдайда әлдебіреуді жоғарылатып жіберу сияқты шұғыл істерді Димекең ұнатпайтын. Үнемі ойланып, үнемі ойлап-пішіп, ылғи сабыры мен сыпайылығын сақтап отыратын», – дейді Кеңес Аухадиев ұлы ұстаз туралы.
Горбачев пен Колбиннің шолақ белсенділігі кезінде Д.А.Қонаевты қаралау үшін дерек пен дәйек ретінде мысалға іліккен «Арасан» моншасы К.Аухадиев Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тұрған кезде қолға алыныпты. Димекең сонда архитекторларға: «Сендер Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауидің моншасын көрдіңдер ме?» – деп сұрайды екен. Архитекторлар «Көрдік. Соның құрылысын ескердік» десе, «Тағы көрсеңдерші» деп тиянақтай түседі дейді. Кейін бұл туралы Кеңес Аухадиев: «Димекең «Арасанның» игілігін басшы қызметкерлер емес, жалпақ ел көрсін, мәдениетті елге де осындай биік мәдениеттілік тән екенін, қазақ ежелден шығыс моншасында шомылып келгенін көрсін-білсін деген мақсат ұстады», – деп жазды.
Д.А.Қонаев салдырған Алматыдағы мәдениет ошақтарын да санап түгесе алмайсыз. Әуезов атындағы академиялық театр, Лермонтов атындағы орыс драма театры, жас көрермендер театры, Ұлттық кітапхана, Қастеев атындағы өнер мұражайы, орталық мемлекеттік мұражай, политехникалық институт, энергетикалық институт, халық шаруашылығы институты, «Сарыарқа» кинотеатры, Алматы мақта-мата комбинатының сарайы, цирк үйі, Неке сарайы, газет-журналдар үйі, баспалар үйі, әуежай, Алматы теміржол бекеттері, универсам сауда үйі, «Алматы» думанханасы, «Балалар әлемі» дүкені, қалалық атқару комитетінің үйі, Көктөбедегі аспанға ұмсынған биік телемұнара… айта берсе таусылмайды.
Ол кезде Алматы қалалық көркейту комитетінің бастығы А.П.Баришполь болыпты. Сол кісінің айтуы бойынша Д.А.Қонаев Амангелді батырға ескерткіш орнатуға тікелей басшылық жасапты. Димекең ол кезде Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет атқарыпты. Сондай-ақ Абай, Жамбыл, Әуезов, Тоқаш Бокин, Ғани Мұратбаев, Әлібиге арналған ескерткіштер де Д.А.Қонаевтың ұсынысымен қолға алынғаны белгілі.
Адамның бағы жанып, қызметі өскен сайын оның жаулары да көбейе түсетіні белгілі. Мысалы, К Аухадиев 1978 жылы Алматы облыстық партия комитетінің 1-ші хатшысы, сол жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бюро мүшесі болып сайланды. 1979 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Сөйтіп, республиканың ең жоғарғы басшыларының тобына қосылды. Осы биік баспалдақтар, сірә, біреулердің ішкі қаупін туғызған болуы керек, 1984 жылдан бастап Кеңесхан Аухадиевтің үстінен Кремльге «домалақ арыздар» дүркін-дүркін жолдана бастайды. Ол кездегі партия басшылығы «домалақ арызға» да мән беріп қарағандықтан, арызқойлардың дәурені жүріп тұрған. Бұл туралы:
«Өңкей домалақ арыздар. Қолын қойып, аты-жөнін атамағанымен, стиліне, айтылған фактілердің төркініне қарап, кімдердің ұйымдастырғанын өзім іштей болжап жүрдім. Бірақ «Ұсталмаған ұры емес» дегендей, қолыңмен ұстап алмаған соң, оған не дейсің?
Арыздардың түпкі мақсаты өте тереңде жатқаны түсінікті болды. Қайткенде де маған деген Қонаевтың сенімін шайқалтуды ойлаған сияқты. Ал Мәскеудің алдында мені орыстарға қырын қарайтын адам етіп көрсетіп, сөйтіп, Мәскеудің де маған күдікті көзқарасын қалыптастырмақ», – деп жазды кейін.
Әрине, Кеңкеңнің ұлтына жаны ашуын «ұлтшылдық» дерті ретінде көрсету – нағыз сатқындардың ісі. Өзінің екінші хатшысы Вениамин Машкунов бірде: «Мәскеуден телефон соқты. Неге орыстарды партияға аз аласыңдар? Халықтың процентіне неге қарамайсыңдар?» – дейді. К.Аухадиев оған: «Біздің облыс ауыл шаруашылығымен айналысады. Түсіндіріп жауап бер», – дейді. Анау: «Өзім де солай түсіндірдім», – дейді. Бірақ мұны Машкунов түсінгенімен, Мәскеу билігі түсіне ме? Түсінгісі келе ме?
Кремль билігінің Қонаев пен Аухадиевке деген жеккөрушілігін оятуға бұдан басқа да себептер жеткілікті болса керек. Бір күні Қонаев Аухадиевке: «Сібірден келгендер Алматыға оп-оңай тіркеліп алады екен. Ал қазақ шалдары өз баласының үйіне тіркеле алмайтын көрінеді. Осыны неге реттемейсіңдер. Қызмет бабымен ауысып келмесе, сібірліктерге тым жол аша бермеу керек», – дейді.
«Ымды түсінбеген дымды түсінбейді». Осыдан кейін К.Аухадиев іске кірісіп, баласының қолына көшіп келген ата-аналарды ешқандай кедергісіз тіркейтін болады. Әрине, бұдан «ұлтшылдық» іздегендер де болды. «Әкесін үйіне тіркеп алған соң, артынан бұл қазақтар үй сұрайды» деген наразылықтар да айтылып жатты. Бірақ Аухадиев оларға: «Үй беру керек болса, үй бересіңдер», – деп жауап берді. Мұның бәрі ол кезде Кремль билеген коммунистік партияға қарсылық сияқты қабылданатыны өтірік емес еді.
КОКП Орталық Комитетіне Е.К.Лигачев келіп, бұрынғы кездегі қай салада да, қай ұйымда да жергілікті халықтың өкілдері көп болсын дейтін талап жойылып, мәселені керісінше қоя бастайды. Оған Қазақстанда қазақтардан орыстардың көп тұратындығы белгілі болған соң тіпті өршіп кетеді. Кадрлық, тілдік мәселелерді шешуде ұлттың процентіне жүгіну үдерісі байқала бастайды. Ал Лигачев бұл астыртын ісін Могильниченко, Мищенко сияқты әріптестері арқылы жүзеге асыра бастайды. Әлбетте, М.С.Горбачев сияқты алпыс айлалы саясаткерді де түсіну мүмкін емес.
«1985 жылдың сәуірінде КОКП Орталық Комитеттің мүшесі болған соң, ол пленумға мен де қатыстым. Пленум біте салысымен, Алматыға қайта ұшып кетейін деп жатқам. Бөлмеме Димекеңнің көмекшісі Дүйсетай Бекежанов телефон соқты.
– Димекең: «Ертеңге қалсын, қайтпасын!» – депті, – дегенді айтты.
– Неге? – деп сұрадым.
– Оны Димекең өзі айтады, – деді.
Ертесі Горбачевтің қабылдауына баратын болдық. Бюро мүшелерінен Б.Әшімов, Н.Назарбаев, мен және облыс хатшыларынан… В.Демиденко, Е.Әуелбеков, О.Қуанышев кірдік. Бәріміз Горбачевті Бас хатшылығымен құттықтадық. Жылы қарсы алып, бәрімізді бетімізден сүйді. Сонда Горбачев біздің бәрімізге қарап:
– Қонаевты сақтаңыздар! Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – біздің партиямыздың алтын қоры, – деді.
Солай деп отырған адамнан кісі күдікті әрекет күте ме?» – деген Аухадиев сөзінің ақиқаттығына күмән келтіруге болмайды.
Кеңесхан Аухадиевтің үстінен жазылған арыздың салмағы Д.А.Қонаевтың да жүрегін ауыртқаны анық. Бірақ ол қашанғы сабырлы әдетімен мұны ешкімге білдіртпейді. Кеңкеңе: «Лигачевтің алдында үстіңнен жазылған біраз арыз жатыр екен. «Өзіңіз қараңыз» деді маған. «Әйтпесе сіздің де жауапкершілігіңізді қосып Саяси бюрода қараймыз» деді. «Қызметінен ал» деп жатыр» – деу айтқанға оңай болғанымен, ағалы-інілі жандардай етене араласып кеткен адамдардың жүрегін сыздатқаны да рас.
1984 жылы Қазақ КСР-інде кадрлар ауыс-түйісі болады. Мысалы, Б.Әшімов Жоғары Кеңестің төрағалығына ауысып, оның орнына Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Назарбаев болды. Е.Әуелбеков Қызылорда обкомына 1-ші хатшы, З.Камалиденов Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің орынтағына қонжиды. Ал Кеңесхан Аухадиев туралы не болары белгісіз еді… Бірақ ол сол кезде абзал ағасының не үшін қиналып жүргенін іштей түсіне бастайды. Ол, әрине, «Егер Аухадиевті қызметінен босатсаң, қарауға жібереміз. Әйтпесе, өзіміз қараймыз» деген Лигачев қысымы.
«Ау, Қызғыш құс, Қызғыш құс!
Сені көлден айырған –
Лашын құстың тепкіні,
Мені елден айырған –
Хан Жәңгірдің екпіні», – деп Махамбет ақын жырлағандай, Лигачевтің шеңгелінің салдарынан ҚК ОК Бюро мәжілісінде К.Аухадиевтің мәселесі қаралып, қаулы қабылданады.

«К.М.Аухадиев туралы

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Алматы облыстық партия ұйымында халық шаруашылығына басшылық жасаудың нашарлап кеткенін атап өтеді. Бесжылдық басталғалы бері артта қалушы кәсіпорындардың саны азайған жоқ, ауыл шаруашылығында, іргелі құрылыста айтарлықтай кемшіліктерге жол берілуде.
Мұның бәрі әсіресе кадрлар іріктеуде, орналастыруда және тәрбиелеуде обком партиясы бюросының, бірінші хатшы К.М.Аухадиевтің жеке өзінің төмен деңгейде жұмыс істеуінің салдарынан болып отыр. Кадрларды жиі және негізсіз ауыстыру, өзінің абыройын төгіп алған адамдарды басқару жұмыстарына қою дәстүрі қалыптасты. Осының бәрін ескере келе Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті К.М.Аухадиев жолдасты шаруашылық жұмысына ауыстыруды жөн деп есептейді.
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті қаулы алады:
К.М.Аухадиев жолдас, шаруашылық жұмысына ауысуына байланысты, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы және бюро мүшесі міндетінен босатылсын.
КОКП Орталық Комитетіне бекітуге ұсынылсын.

Қазақстан
Компартиясы Орталық
Комитетінің хатшысы
Д.ҚОНАЕВ».

Осы пленумнан кейін Кеңесхан Аухадиевтің орнында теріс пиғылдағы адам болса, Д.А.Қонаевпен жауласып, бет жыртысуға дейін баратыны сөзсіз еді. Бірақ ардақты аға алдында да, Алматы облысы еңбеккерлері мен басшы кадрлары алдында да ары таза Аухадиев ондай арсыздыққа бармады.
Қарымды қаламгерлерден қалған «Қырандар қияда қанат қағады» деген сөз бар. Кеңесхан Аухадиев те шыққан шыңының биігінде шынар ағаштай тербеліп қала білді. Димекеңмен де дауласпады, «арыз иесі – сендерсіңдер» деп, әріптестерімен де бет жыртыспады.
Оның бұл биік адамгершілік қасиетін: «Мені қорғап қалуға Қонаевтың да мүмкіндігі қалмағанын жағдайға қарап шамаладым. Мен үшін өзіңді құрбан қыл демесем, о кісіге не өкпе айтайын? Өмірге, тағдырыма да айтар өкпем не? Трактор бригадасының бригадирлігінен республика тағдырын шешетін бір топ басшының қатарына дейін көтеріліп, Орталық Комитеттің бюро мүшесі болдым. Әкесі соғыста өлген, шешесі жәй ғана теміржолдағы қара жұмысшы бала едім. Бағым жанып билікке қолым жетті. Сол жолда бір адамнан жақсылық көрсем, оны Қонаевтан көрдім. Кейде інісіндей, кейде баласындай көрді. Соның бәрін ұмытып, болғанды болмағандай санап, о кісіге қалай ренжимін?» – деген терең тебіреністен туған сөздерінен анық аңғарып, керек десеңіз, бүгінде жиі көрініс беретін, яғни билік басындағы жайлы орынтағынан кете салып, сол өзін өсірген, тәрбиелеген билікті жерден алып, жерге салып жамандайтындарға үлгі ретінде оқытуға болады.

Өзіне деген адал азамат Аухадиевті қызметінен алу, әрине, Д.А.Қонаевқа да оңай тиген жоқ. Бір кездескенде: «Саған дұрыстау, үлкенірек қызмет берейік деп едік, мынау Лигачев «мамандығы бойынша қызмет бер, инженер етіп жібер» деп қоймай отыр», – деп қынжылады. Кеңесхан Аухадиев те ер, арланбастан, басын төмен салбыратпастан ұлы ұстаз айтқан соң «Главриссовхозстройдың» бастығы Гончаров дегеннің орынбасары болып кете барады. Бірақ ел есінде ол бәрібір Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кеңесхан Мұстаханұлы Аухадиев болып осы күнге дейін сақталып келеді. Оның алаштың ардақты перзентімен бірге туған бауырлардай сыйластығы Д.А.Қонаев өмірден өткенше үзілген жоқ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.