Евгений Настрадин, Beeline Қазақстан CEO-сы: «Таңдаулыларға арналған 5G-ден гөрі барлығы қолдана алатын 4G артық»
Жуырда Beeline-ның бас атқарушы директоры Евгений Настрадин Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген еді. Тараз төрінде өткен сұхбат барысында ол компания жаңалықтары мен сапарының мақсаттары жайында сөз қозғады. Сонымен қатар, Beeline-ның бәсекелестерінен басты айырмашылықтары туралы айтты.
– Евгений Иванович, бұл сіздің Тараз қаласындағы алғашқы сұхбатыңыз. Оқырмандарымызға сапарыңыздың мақсаты туралы айтып берсеңіз.
–Ай сайын компания басшылығы белгілі бір аймаққа барып, ондағы жұмыс барысымен танысады. Бұл біздің тұрақты жұмыс істеу жүйеміз. Жоспар бойынша жолымыз осы жолы Таразға түсті. Әулиеата жерінде бұған дейін де болғанмын. 2016 жылы мен Beeline Қазақстанға жұмысқа тұрғанымда іс-сапармен келген алғашқы қала дәл осы Тараз болатын. Сондықтан, менің бұл өңірге және Beelinе-ның жергілікті командасына деген көзқарасым ерекше.
– Біздің өңір Beeline байланысымен жақсы қамтылған. Жамбылдықтардың басым бөлігі сіздің байланысыңызды пайдаланатыны да жасырын емес. Алайда, абоненттер арасында тарифтердің құны жоғары екені және бағаның өсіп келе жатқаны жиі айтылады. Осы ретте, тарифтік жоспарларды жасаған кезде ұялы байланыс операторы нені басшылыққа алатынын айта аласыз ба?
– Өнімнің өзіндік құнына не әсер ететініне жауап бермес бұрын, «қымбат тариф» деген не?» деген сұраққа тоқталсам. Сөзім дәлелді болуы үшін орта есепті статистикалық мәліметтерді пайдаланайын. Бүгінгі күні ұялы байланыс үшін орташа төлем айына 2 000 теңгені құрайды. Егер бұл соманы 30 күнге бөлетін болсақ, тәулігіне шамамен 70 теңге шығады. Осы ретте менде, бүгінгі күні 24 сағат бойы пайдалана алатыдай осы ақшаға не сатып ала аласыз, деген сұрақ туындайды. Қоғамдық көлікте бір бағытта жүрудің өзі аталған сомадан көп. Ал біздің клиент 2000 теңгеге айына 19 Гб жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді.
Сонымен, 19 Гб дегеніміз не? Бұл адамдар көріп шыққан көптеген фильмдер мен роликтер, әлеуметтік желілерде өткен уақыт, онлайн жасаған жұмысыңыз және тағы басқа. Таразының бір басына 70 теңгені, ал екіншісіне ғаламтордан бір күнге бас тарту шартын қояйық. Егер сіз қолданушыға аталған сомадан екі, үш, төрт есе көп бағаны ұсынсаңыз да, қазіргі адам интернеттен ешқашан қол үзбейді. Сайып келгенде, тұтынушы бір күн интернетсіз өмір сүруге ғаламат сомаға ғана келісуі мүмкін.
Ары қарай экономикалық негіздермен біздің өнімнің құнына не әсер ететініне келейік. Түсініктірек болуы үшін өлшем бірлігі ретінде бір гигабайт интернетті алайық. Жыл сайын біздің компания желіні дамыту мен оны жұмысқа жарамды жағдайда ұстап тұру үшін ондаған миллиард теңге жұмсайды. Өткен жылғы шығынның жалпы сомасы 50 млрд. теңгеден асты. Биыл одан да көп қаржы жұмсауды жоспарлап отырмыз. Бұл қаражат жаңа жабдықтарды – антенналарды, модульдерді, аккумуляторларды сатып алуға, электр энергиясының ақысын төлеуге жұмсалады. Өйткені оларсыз базалық станциялар жұмыс істемейді. Сондай-ақ қызметкерлердің еңбекақысы бар. Біз барлық жабдықтарды шетелден сатып аламыз және ақысын доллармен төлейміз. Тек электр энергиясының құны ағымдағы жылы кем дегенде 30%-ға өсті. Он миллион клиент біздің қызметтерімізді пайдалана алуы үшін компанияда бес мың адам жұмыс істейді. Ойлаңызшы, 10 миллион клиент! Бұл желіге үлкен жүктеме түсіреді.
Клиенттердің трафикті тұтынуы ұлғайды, интернет жылдамдығы артып келеді, қамту тығыздығы да артты. Бұл біздің үнемі жаңа базалық станциялар салып, шалғай елді мекендерді байланыс пен интернетке қосып жатқанымыздың нәтижесі. Тек «250+» жобасының аясында біз әрқайсысында 250-ден астам адам тұратын 1000-ға жуық ауылды интернетке қостық. Біздің бұдан бөлек те өзіміздің құрылыс жоспарымыз бар.
Сіздің көзіңіз айырмашылығын байқамағанымен, көріп отырған бейнеконтент те «ауыр» әрі сапалы бола түсуде. Телефон дисплейінің өлшемі де трафикке әсер етеді. Сондықтан, шынтуайтына келгенде, ұялы байланыс үшін қанша төлейтіндігіңіз тек сізге байланысты. Бағаны біз емес, тұтынушылардың өздері көбірек тұтыну арқылы белгілейді.
Егер нақты сандармен айтар болсақ, осыдан 2 жыл бұрын Жамбыл облысының тұрғыны айына 12 Гб трафик тұтынса, 2021 жылы айына 16 Гб, ал биыл 18 Гб-тан астам трафик тұтынғанын көруге болады.
– Талай түйткілдің себебі болған 5G тақырыбына келсек. Егер ел аумағында 5G желісі пайда болса, Beeline Қазақстан қандай жаңалықтар енгізуді жоспарлап отыр? Жаңа технология бізде қаншалықты сұранысқа ие болады?
–Аталған тақырып қазіргі таңда өте өзекті және ел аузында талқылауда жүр. Осы ретте, бұл мәселенің қозғалуына ең әуелі жабдық өндірушілер мүдделі болып отырғанын айтып өту керек. Өйткені, аталған технология нарығындағы барлық қатысушылардың ішінде жалғыз солар ғана бенефициарлар. Жалпы, клиенттердің үш санаты бар: жеке тұлғалар, мемлекет және ірі корпорациялар. Осы үшбұрыш аясында жаңа технологияны талқылап көрсек.
5G дегеніміз не? Бұл өте жоғары жылдамдық және желінің төмен кідірісі. Сондай-ақ, бұл 1 шаршы метр аумақта желіге қосыла алатын құрылғылардың үлкен саны. Жаңа технология мен 4G арасындағы басты айырмашылық осы.
Кез келген құрылғыға YouTube платформасында немесе басқа қызметтерде бейнелерді ойнату үшін 2 Мбит/с жылдамдық жеткілікті. Егер 4G туралы айтатын болсақ, мысалы, Таразда желі жұмысының жылдамдығын өлшеу кезінде 40, 60 және, тіпті, 180 Мбит/с шығады. Бұл смартфонда бейнежазба көру үшін жеткілікті. Бірақ жылдамдық мейлі 20 Мбит/с немесе 200 Мбит/с болсын, мен мобильді құрылғыда айырмашылығын байқамаймын.
Біз 5G сынақ базаларын орнатып, жылдамдықты тексеру үшін speedtest-ті іске қостық деп есептейік. Оның жылдамдығы секундына бір гигабитке жетеді. 30 секундқа созылатын сынақ кезінде телефон бір гигабайт трафик жұмсайды, өйткені интернеттің жоғары жылдамдығы – контентті тұтынудың жоғары жылдамдығы. Көз айырмашылықты ажыратпайды, бірақ трафик кете береді. Мысалы, сіздің 2 000 теңгеге арналған тарифтік жоспарыңыз шамамен алты тест жасауға ғана мүмкіндік береді. YouTube-ті осындай жылдамдықпен бір сағат көру үшін де бұл трафик жеткіліксіз. Абоненттер интернеттің осындай жоғары жылдамдығынан ләззат алу үшін күн сайын шотты 2 000-3 000 теңгеге толтыруға дайын ба? Менің ойымша, жауап айқын – ешкім дайын емес.
Егер сіз геймер болсаңыз, онда 5G сіз үшін үлкен артықшылық. Бірақ Қазақстанда қанша геймер абонент бар? Тіпті ондаған мың адам болса да, осынша тұтынушы үшін арнайы 5G мұнараларын салдық делік. Мұндай мұнара құрылысының құны шамамен 50-100 млн. теңге аралығында тұрады. Нәтижесінде, ондаған мың геймер өз қажеттілігіне қол жеткізді деп санайық. Алайда оператор бұлшығындардың орнын толтыруы керек болады емес пе?Осыдан келіп ол, қалған 10 миллион тұтынушы үшін тарифтердің құнын көтеруге мәжбүр болады.
Сосын елімізде мұндай технологияны қажет ететін контент әлі пайда болған жоқ. Бүгінгі таңда жеке тұлғалар үшін 5G-ге деген қызығушылық аса көп емес. Сондықтаноны енгізу әлі тиімсіз және орынсыз.
Енді мемлекетке тоқталайық. Ол жаңа технологияға қызығушылық танытып отыр. Өйткені 5G өндірісті жақсартуға және дамытуға көп әсер етеді. Бұл, өз кезегінде, экономикалық көрсеткіштердің өсуіне септігін тигізеді.
Үшінші сегмент – B2B, яғни 5G өндірісті автоматтандыруға көмектесетін кәсіпорындар. Мысалы, ақылды шахталар мен карьерлер. Жаңа технология арқылы онда адамдардың қатысуынсыз күрделі геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге болады. Бірақ іске қосудың қымбаттығына байланысты мұндай жұмыс моделіне бәрі бірдей дайын емес.
Сондықтан, сатушылар, яғни 5G жабдықтарын өндірушілер әзірге аталған технологияны енгізуге ең мүдделі тарап болып отыр.
Өзіме келер болсам, мен 5G-дің болашағына сақтықпен қараймын. Егер мемлекет немесе кәсіпорындар тапсырыс беріп жатса, онда біз бұл технологияны ұсынуға дайынбыз. Дегенмен, біздің ең негізгі миссиямыз бен мақсатымыз – еліміздің әрбір тұрғынын сапалы байланыспен қамтамасыз ету. Сондықтан таңдаулыларға арналған 5G-ден гөрі барлығы қолдана алатын 4G артық.
– Егер жылдамдық туралы айтатын болсақ, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында жылдамдығы 200 және 500 Мбит/с дейінгі үй интернетін қосу мүмкіндігі бар. Мұндай қызмет өңірлерде, мысалы, Жамбыл облысында қолжетімді бола ма?
– Бұл тұрғыдан келгенде, мен бірінші орынға «LTE (4G) everywhere» жобасын қояр едім. Бұл үлкен республикалық жоба. Ол тек қалаларға ғана емес, жүздеген адам ғана тұратын шағын елді мекендерде де жүзеге асуда. Мысалы, Таразда әрбір базалық станцияда 4G бар, ал Жамбыл облысында ол базалық станциялардың 90%-да орналастырылған. Алдымызда қалған 10% позицияны аяқтау мақсаты тұр. Сонда бүкіл аймақ 4G-мен қамтылады!
Енді тұрақты үй интернетінің мәселесіне оралсақ. Біз 200 және 500 Мбит/с жылдамдықты беруге мүмкіндік беретін жаңа GPON интернет технологиясын өңірлеріңізге 2023 жылдың басында алып келмекпіз.
Тағы бір жақсы жаңалығымыз –FWA немесе сымсыз тіркелген интернеттің пайда болуы. Мысалы, қазірдің өзінде Жамбыл облысының Құлан ауылында бұл технология жұмыс жасап тұр. Ал оның қосылу жылдамдығы орта есеппен 30-50 Мбит/с-қа жетеді. Бұл интернетте алаңсыз бейнелер көруге немесе ойын ойнау үшін барынша жеткілікті.
– Қаладан шыққан бойда байланыстың бірден жоғалуы немесе қырғызстандық роумингтің қосылып кетуі – Жамбыл облысының тұрғындарын мазалайтын басты мәселелердің бірі. Алдағы уақытта қалаларды байланыстыратын жолдарды ұялы байланыспен жабу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар ма?
– Қойып отырған сұрағыңыз бірден екі мәселені қозғайды. Біріншісі – жолдарды мобильді байланыспен қамтамасыз ету, екіншісі – шетелдік ұялы байланыс операторларының біздің клиенттерге әсері. Тұрғындар мен қазақстандық мобильдік операторлардың пайдаланушыларына басқа елдердің операторларының ықпалетуі – бұл біздің операторларымыздың проблемасы емес. Бұл ҚР аумағына күшейтілген сигнал жіберетін көрші елдердің мобильді компанияларының заңсыз әрекеті. Бұл мәселе шекаралық аймақтардағы мобильді операторлардың жұмысын реттеу туралы келісіммен шешіледі.
Ал қалааралық жолдардың байланыспен қамтылуында мәселе бар екенін мойындаймыз. Қазақстан қалаларының бір-бірінен алыс орналасқанын ескерсек, барлық жолдарды желімен қамтамасыз ету өте үлкен көлемдегі инвестицияны қажет етеді. Алдағы уақытта бұл мәселе шешіледі, алайда аталған жұмыстарды жүргізу кезінде тұтышушылар тарапынан «тарифтер неліктен өсуде?» деген сұрақтар қайта туындайтыны сөзсіз.
Тас жолдардың бойын мобильді желімен жабу – елдің барлық елді мекендері байланыспен қамтамасыз етілгеннен кейін ғана жүзеге асырылатын келесі кезеңнің еншісіндегі іс. Біздің құрылыс бағдарламамыз 2024 жылдың соңына дейін толықтай жоспарланған. Ол аяқталғаннан кейін біз қалған байланыссыз отырған аймақтардағы жұмыстарды бастаймыз. Осы тұста айтпай кетуге болмайтын өте маңызды ескерту бар. Біздің бизнес физикаға негізделген, біз ғажайып жасаумен айналыспаймыз. Ұялы байланыс жұмыс істеуі үшін бізге электр қуатына қолжеткізу және антенналарды орнатуға рұқсат қажет. Егер жол бойында электр қуаты болмаса, онда қойылған базалық станция жұмыс істемейді. Біз энергетикамен тікелей байланыстымыз.
–Провайдер ұсынып отырған интернет сапасы белгіленген талаптарға сәйкес келмегені үшін оған айыппұл салуға болады екен. Компания бұл мәселені қалай шешуде?
–Бұл мәселедегі бірінші түйінді жайт еліміздегі радиофобия ауқымының өсуі болып отыр. Мысалы, бізде Алматы бойынша құрылыс жоспары болды. Жоспар бойынша біз 100 базалық станция салуды ұйғардық. Алайда жоспардың 40%-ы орындалмай қалды. Оған тұрғындардың антенналарды орналастыруға тыйым салуы себеп болды. Заңнамаға сәйкес, егер бір ғана тұрғын базалық станцияны орнатуға қарсы болса, біз жабдықты орната алмаймыз немесе қолданыстағы станцияны алып тастауға міндеттіміз. Айта кетер жайт, біз жылына жүзге жуық станцияны алып тастаймыз. Басында тұрғындар станцияны орнатуға өз келісімдерін береді. Алайда сосын тұрғын үйде радиофоб пайда болады. Ол антеннаны көріп, барлығын алып тастауды талап етеді. Біз жабдықты бөлшектеп, желі жабынын оңтайлы ету үшін қайта күрделі есептеулер жүргіземіз, балама ретінде басқа орын табамыз, жаңа келіссөздер жүргізіп, жабдықты қайта орнатамыз. Осы жұмыстардың барлығына айлар, кейде, тіпті, жылдар кетеді.
Осы орайда, біз жиі кездестіретін қызықты жайт – радиофобтардың талабы бойынша жабдықты алып тастағаннан кейін бізге байланыс сапасының нашарлауы туралы шағымдардың түсуі жиілейді. Радиофобпен сөйлесіп, оны сол кешенде немесе үйде тұратын барлық адамдардың игілігі үшін жабдықты орнатуға кедергі жасамауға сендірудің орнына, тұрғындар біздің үстімізден шағым түсіреді.
– Сіз еліміздегі жалғыз жеке ұялы байланыс операторысыз. Beeline Қазақстан мен басқа компаниялардың арасындағы басты үш айырмашылықты атай аласыз ба?
– Ең басты айырмашылық – корпоративтік мәдениет. Біз тез, икемді жұмыс істеп, клиентке баса назар аудару үшін көп күш жұмсаймыз.
Біз телеком-бизнес негізінде жоғары технологиялық компания құрып жатырмыз. Компанияның IT-штаты 600-ден астам адамды құрайды. Біз 50-ден астам өзіміздің цифрлық өнімдерімізді әзірледік. Мысалы, бүгінгі күні Менің Beeline-ым қосымшасын ай сайын 3,5 миллион адам пайдаланады. Онда теңгерімді тексеру немесе тарифтік жоспарды өзгерту секілді стандартты телеком қызметтерін ғана емес, сонымен қатар төлемдер мен аударымдар жасау, онлайн ойындар ойнау немесе бонустық байланысы мен интернеті бар жаңа телефон сатып алу секілді өзге де қызметтерді алуға болады.
Бұдан бөлек, біз – мобильді қаржы сервистерімен біріктірілген Simply алғашқы цифрлық төлем картасының әзірлеушісіміз. Бұл бірегей өнім толыққанды сандық қаржылық қызмет көрсетеді. Ол смартфонға арналған қосымша, электрондық әмиян және нөмірі ұялы телефоныңыздың нөміріне сәйкес келетін Visa Platinum премиалды сандық картасының қызметін ұсынады.
Үшінші – Қазақстан аумағындағы мобильді интернет сапасы саласындағы көшбасшылық. Бұл жай ғана сөз емес, әлемнің көптеген елдеріндегі мобильді құрылғылардағы интернет сапасының көрсеткіштерін өлшейтін тәуелсіз Vigo технологиялық компаниясының пікірі.
– Ал Beeline Қазақстан компаниясының мүшесі болғысы келетіндерді қандай мансап күтеді?
– Біз мансап тұрғысынан өсу мен ілгері даму үшін ең жақсы компаниямыз деп санаймын. Біз үшін ең маңыздысы – адамдар. Біз негізгі корпоративтік құндылықтарды ұстана отырып, командаға тиісті құзыреттері бар адамдарды таңдаймыз. Біздің дүкендерде жұмыс істейтін, базалық станцияларды салатын және оларға қызмет көрсететін, тұрақты интернет жүргізетін және үйде қызмет көрсететін әріптестеріміз бар. Сондай-ақ, өз необанкымыз, музыкалық ағынымыз және IT-әзірлеушілеріміз бар.
Осындай кең ауқымды бағыттар кез келген қызметкерге жұмыстан босамай және қол үзбей бір компанияның ішінде профильді өзгертуге және өсуге жол ашады. Біз дамуға мүмкіндік береміз, өйткені біздің өз Beeline Академиямыз бар. Сіз оқып жүріп, сол үшін жалақы ала алатыныңызды елестетіп көріңізші. Сондықтан біздің компания – даму және жетілу үшін ең үздік компания деп сенімді түрде айта аламын.