Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қауіпті кесел қайта күшеюде

0 558

Жуырда еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният тамыз айында коронавирустың қайтадан өршитіні туралы айтқан болатын. Расында, Жамбылда да қауіпті кесел қайтадан күш ала бастағандай.

Айталық, КВИ ауруының өсуі ағымдағы жылдың маусым айының соңынан бастап еліміздің барлық өңірлерінде байқалған. Ал облысымызда 22-28 маусым кезеңінде – 8 жағдай, 29 маусым мен 5 шілде аралығында – 33 жағдай, 6-11 шілде аралығында – 111 және 12-20 шілде аралығында 500 жағдай тіркелген. Мониторингке сәйкес, 26 шілдедегі ахуал бойынша бүгінге дейін облыс аумағында жалпы COVID-19 індетінің 27 818 жағдайы тіркелген, 100 мың тұрғынға шаққанда аурушаңдылық көрсеткіші 2424,3-ті құраған. Пневмонияның 8661 жағдайы анықталған. Соңғы тәулікте 61 жамбылдық дерттің тырнағына ілінсе, бүгінге дейін 26 632 адам кеселден толықтай сауығып шыққан.
Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гаухар Жұмашованың айтуынша, коронавирустың таралуының сан түрлі жолы бар екен.
– Эпидемиологиялық тексеру барысында аурудың қоғамдық, адамдар көп жиналатын орындарға, елдің басқа қалаларына баруымен байланысты екендігі анықталды. Сондай-ақ Жамбыл облысы мен Алматы, Шымкент қалаларының тұрғындары арасында қарқынды тығыз ішкі қозғалыс байқалады. Бұл ауру жұқтыру қаупінің жоғарылауына әкеледі. Бүгінде санитариялық-эпидемиологиялық қызмет сырқаттанушылық көрсеткіштеріне күн сайын, демалыссыз және мереке күндерінсіз тұрақты мониторинг жасап, КВИ-дің әрбір жағдайын тексеру, байланыста болған адамдарды анықтау, олардың жасын, егу мәртебесін және ұйымдастырылуын зерделеу, әрбір жағдайды ақпараттық жүйеге енгізу жұмыстарын жүргізуде. Аурудың өршуіне байланысты барлық адамға жабық мекемелерде, қоғамдық көліктерде, соның ішінде теміржол, әуе қатынастарында бетперде киюді, вакцина алуды, халық көп жиналатын жерлерден аулақ болуды, мүмкіндігінше шетелге шықпауды ұсынамыз, – дейді Гаухар Оспанқызы.
Сондай-ақ оның айтуынша, вакцина – аурудың алдын алудың бірден-бір жолы. Ал ревакцинация иммундық қорғаудың тиімділігін 80 пайызға дейін арттырады екен. Сонымен қатар өткен жылы ауру жұқтырғандардың шамамен 30 пайыздан астамы ауруханаға жатқызылса, бұл жолы қауіпті кесел жеңіл әрі орташа ауырлықта өтіп жатқан көрінеді.
Бүгінде облыста 45 егу пункті жұмыс істейді. Сондай-ақ өткен жылдың 1 ақпанынан бастап облысқа 375 340 доза «QazCovid-in» отандық вакцинасы, 843 590 доза «Спутник V», 60 000 доза «Хаят Вакс», 34 000 доза «КоронаВак», 303 000 «VeroСell Синофарм», 10 000 доза «Спутник Лайт», 333 450 доза «Pfizer» вакцинасы жеткізілген болатын. 638 556 адам екпенің 1-ші компонентін, 632 813 адам 2-ші компонентін салдырған.
Әлемді әбігерге салған коронавирус әлі де толық күшін жойған жоқ. Мұны жаһан ғалымдары да тегіс мойындауда. Сол үшін арқаны кеңге салмай, әрбір саналы азамат саулық сақтықта екенін қаперде ұстағаны жөн.

Жұматай Көксубайұлы  

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.