Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Мас болған жоқпын»: даладан табылған әкім өз шындығын айтты

0 309

Алматы облысында ен даладан табылған әкім аталған оқиғаның қай кезде болғанын айтты деп хабарлады turkystan.kz Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап.

Бұған дейін Райымбек ауданы Жамбыл ауылының тұрғындары өздерінің әкімін түн ортасында «мас күйінде» тауып алғанын айтып, видеоролик жариялаған еді. Тұрғындар иен далада жол шетінде тұрған көліктің есігін ашқанда рөлде ұйқылы-ояу күйде әкім Роман Қойлыбаев отырған. Видеодан оның тәлтіректеп, жүруге шамасы келмей тұрғанын аңғаруға болады. Бірақ әкімнің өзі болса мұны өзіне қарсы жасалған қасақана «қойылым» дегенді айтып отыр. Ол арақ ішпегенін, тек денсаулығы сыр бергенін жеткізді.

«Бұл 2019 жылы болған жағдай. Түнгі сағат үште болған. Жолда келе жатып ауырдым, қан қысымым көтерілді. Содан жүрегім айнып құстым да, есім ауып қалды. Ішімдік ішпедім. Содан кейін біреулер келіп, көлігімді артқа итеріп, каналға түсірді. Шығайын десем шығармады. Рөлде негізі інім отырған. Жолда көлігіміз өшіп қалды. Інім ауылға қарай көлікке кеткен болатын. Сосын рөлге өзім отырдым», – деді ауыл әкімі.

Алайда көліктен шығармай қойды деген әкімнің сөзіне видеодағы ісі қайшы келіп тұр. Тұрғындар оның көліктен түсіп, сыртқа шығуын талап етеді.

Роман Қойлыбаев бұрын полицияда жұмыс істеп, ішкі істер органдарынан зейнетке шыққан. Одан кейін Жамбыл ауылына әкім болыпты. Бұл лауазымды одан әрі де атқара бергісі келеді.

«Біреу арнайы істеп отыр ғой. Кімдер екенін анықтай алмадым, ауыл азаматтарының істеп жатқаны деп білемін. Бұл видеоның бәрін бұрын өшірткен едім. Тура сайлау болатын кезде шығарып отыр. Әкім сайлауына тағы таласып жатырмын. Менен басқа тағы үш үміткер бар», – деді Алматы облысы Райымбек ауданы Жамбыл ауылдық округінің әкімі Роман Қойлыбаев.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.