Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұрғындарды не толғандырады?

0 295

  Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев «СЫНДАРЛЫ ҚОҒАМДЫҚ ДИАЛОГ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ӨРКЕНДЕУІНІҢ НЕГІЗІ» атты Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынған болатын.

Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет, – деген Президент осы бағыттағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыруды тапсырды.  Соның нәтижесінде  бұқараның базынасы билікке тікелей жетуде.

Президент ұсынған тұжырымдама облысымызда да өз жемісін беріп келеді. Мәселен, кеше Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаилдың №4 аумақтық округтің тұрғындарымен кездесуі – жоғарыдағы сөзіміздің дәлелі.

Әуелі  аталған аумақтық округтің бас инспекторы Қанатбек Нұрланов  округте атқарылған жұмыстар жөнінде кеңінен баяндады. Бұдан кейін тұрғындардың талап-тілегі тыңдалды. Айталық, «Барысхан» алқабының тұрғыны Сейілхан Әмзеев ауыз су құбырларының сапасыз жүргізілгеніне шағымданды.

– Осыдан біраз уақыт бұрын ауыз су құбырлары тартылып, инфрақұрылымның игілігін көргенбіз. Алайда сол қуанышымыз созылмай отыр. Себебі құбырлары жиі жарылып, тесіледі. Соның салдарынан тұрғындардың сусыз қалатын кезі аз емес. Тағы бір мәселе, алқапта асфальт жолдың жоқтығынан көлік қатынасы қиындап тұр. Тіпті  бұрын жедел жәрдем көліктерінің де жүруіне кедергі болуда. Осы екі мәселені шешіп беруіңізді сұраймын, – деді Сейілхан Шәріпұлы. Ал «Кірпіш зауыты» алқабында тұратын Жанар Мырзабекованы көшелері жарықтандыру мәселесі алаңдатады екен.

– Алқаптағы бірнеше көшеде әлі күнге жарық жоқ. Әсіресе, қыстыгүні балалардың мектептен үйге қайтуы мұңға айналды. Олар үйге жеткенше алаңдатып отырамыз. Ола тұрмақ өзіміз де қараңғы түскен далаға шығуға үрейленеміз, – деді тұрғын.

Өзге де тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптар алды. Жиынды қорытындылаған Қайрат Абилханұлы мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табатынын және көтерілген мәселелер хаттамаға енгізіліп, зерделенетінін жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.