Қалалық қоғамдық-саяси газет

Індеттің жаңа толқыны Жамбылға жетті ме?

0 527

Біраздан бері карантиндік шектеулер алынып, қалыпты өмірге оралғанымызбен, коронавирус соңғы уақытта қайтадан күшейіп, жұртты әбігерге сала бастағандай. Жамбылдықтар да коронавирустық инфекцияның қайта қарқын алғанын алғашқылардың бірі болып байқап үлгерді. Тек соңғы тәуліктің өзінде өңірде 51 адам КВИ жұқтырған.

Расында, Әулиеатада эпидахуал ушыға бастағандай. Олай дейтініміз, бүгінде дене қызуы көтеріліп, төсек тартып жатып қалған таныстарымыз туралы жиі еститін болдық. Бұл жағдай жамбылдықтарды да алаңдатып отыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінгі күнге дейін өңірде коронавирустық инфекцияның 27 293 жағдайы тіркелген. 100 мың тұрғынға шаққанда аурушаңдық көрсеткіші 2371,0-ді құраған. Ал 8661 адам пневмония жұқтырған екен. Сондай-ақ өңірдегі 66 төсек-орындық инфекциялық стационарларда – 58, жансақтау бөлімінде 2 адам ем қабылдап жатыр екен. Жоғарыдағы деректерден індеттің жаңа толқыны Жамбылға да жеткенін аңғаруға болады.
Қауіпті кеселден сақтанудың бірден-бір жолы екпе алу екені белгілі. Денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, аймақта екпе салу ісі қайтадан қарқын ала бастаған.
– 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап облысқа 375 340 доза «QazCovid-in» отандық вакцинасы, 843 мың 590 доза «Спутник V», 60 мың доза «Hayat-Vak», 34 мың доза «Corona Vac», 303 мың доза «VeroСell Синофарм», 10 000 мың «Спутник Лайт», 333 450 доза «Pfizer» жеткізілген. Өңірдің 638 398 тұрғыны вакцинаның 1-компонентін, ал 632 595 адам 2-компонентін алған. Ревакцинациядан 403 957 адам өтті. 113 079 жасөспірім мен 4 351 жүкті әйел, 15 148 бала емізетін ана «Pfizer» вакцинасын салдырды, – дейді салалық басқарманың баспасөз қызметі.
Тараз қаласының тұрғыны Айымкүл Бектұрованың айтуынша, осы жолғы індеттің белгілері тым басқа.
– Бірнеше айдың бедерінде мамыражай тіршілігімізге қайта оралған едік, енді дерт қайта дендеп отыр. Жуырда өзім де, немерелерім де ауырып тұрды.
Бір байқағаным, бұрын кесел жұқтырғандар әлсіздікті, иіс пен дәм сезбей қалғанын айтқан болса, қазіргі індетте дәм сезбей қалғаныңмен, иіс сезесің. Сосын дене температураң бір көтерілсе, артынша қайта түсіп кетеді. Аяқ-қолыңды қақсататын суық бойыңнан жүріп өтеді. Тағы бір таңғалғаным, бұл жолғы ауруда мүлде жөтелмейсің. Оның орнына танауың бітіп, су аға береді екен. Әйтеуір, түрлі ем жасап, сауығып шықтық. Алайда арқаны кеңге салуға болмайды. Сондықтан барынша сақ жүргендеріңіз абзал, – дейді зейнеткер.
Тағы бір ойға қалдырары, бұрындары індет қарттар мен балаларға жиі жұқса, қазір орта жастағылар көптеп ауырып жатыр. Бұл да халықтың санасын сан саққа жүгіртіп отыр.
– Бір байқағаным, туыстарымның да, таныстарымның да арасында жасы 30-50 арасындағы адамдар көптеп ауырып жатыр. Денсаулық сақтау басқармасы жариялап жатқан статистиканы күнделікті көріп отырмыз. Алайда олар үйінде ауырып жатқан адамдарды есепке ала алмайды. Оған мүмкіндік те жоқ. Шынын айтсақ, қазір екінің бірінің үйінде бір адам ауырып жатыр. Ол тұмау ма, әлде КВИ ме, оны да білмейсің. Ал ауруханаға барып анықтатуға тұрғындар қорқады. Себебі жатқызып қойып, ауруды одан сайын ушықтырады деген көзқарас басым. Тұмау сияқты қолдан келген емін өздері жасайды. Қазір ұжымдық иммунитет қалыптасқан сияқты. Себебі 1-2 апта ауырғандар аяққа тұрып кетіп жатыр. Бірақ бұл індетті түбегейлі жеңдік деген сөз емес. Сондықтан барынша сақ жүрейік, – дейді шаһар тұрғыны Қалаукүл Серікбаева.
Дәрігер Арай Төлемісова да қазіргі кезде арқаны кеңге салуға болмайтынын айтады.
– Әрине, соңғы уақытта карантиндік шектеулер алынып, бұрынғы тіршілігімізге қайтадан оралдық. Бірақ бұл босаңсуға болады дегенді білдірмейді. Бұл вирус түбегейлі жоғалып кеткен жоқ. Әлі де жұқтыру қаупі жоғары. Елдегі климаттық өзгерістерге байланысты вирус та өзгеріп отырады. Егер тұрғындар карантин талаптарын қатаң сақтанған жағдайда бұл дерттің жаңа толқынын оңай еңсере аламыз. Өкінішке қарай, қазір бәрі талапты ескере бермейді. Ол үшін жаппай халық карантиннің талаптарын мықтап ұстанып, той-томалақтан, көпшілік жиі жүретін орындардан бас тарта тұруы керек. Себебі мұндай жерлерде кез келген адамның вирус жұқтырып алуы оңай. Ал оның соңы орны толмас өкінішке апарып соқтыруы мүмкін, – дейді Арай Батырханқызы.
Жаһанды жайлаған індеттің кесірінен қаншама отбасы қара жамылғаны жұртшылықтың жадында. Сондықтан да тұрғындарды сақтық шараларын ұстануға шақыру орынсыз дей алмайсың. Медицина мамандары да бұл індеттің үшінші-төртінші және бесінші толқынға жалғаса беретінін алға тартады. Оған жол бермеу үшін сақтық шараларын барынша күшейткеніміз жөн. Сонда ғана өзіміздің де, жақындарымыздың да денсаулығын қауіпті дерттен барынша қорғай аламыз.

Құрбанәлі Шахабай 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.