Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Қазаққа келін бол, Елена!». Белгілі спорт журналисі Рыбакинаға ұсынысын айтты

0 314

Белгілі қаламгер, ардагер спорт журналисі Уимблдон турнирінің жеңімпазы Елена Рыбакинаға қазаққа келін болуды ұсынды, деп хабарлайды Экспресс К.

Несіп Жүнісбаев Елена Рыбакинаны айтулы жеңісінен кейін қазақ жігіттерінің біріне жар болса деген тілегін айтты. Сонымен қатар, журналист спортшыға «асыл тұқымды» деп баға берген.

«Қазақстан теннисшісі Елена Рыбакина әлемдегі ең мықты төрт үлкен дулыға жарысының бірі — Лондонда өткен Уимблдонда чемпион атанды!!! Бұл Қазақстан тарихындағы тұңғыш жеңіс! Елена бізге Ресей атынан осындай жарысқа шығуға жарамаған соң келген. Оған 2-3 жыл болды. Енді олар да біздің Лена, Ресей Еленасы деп жабысып жатыр. Әрине, ол Ресейдің тумасы, орыс қызы. Мұндай асыл тұқымды, сұлу да тал шыбықтай иілген денелі қызды өзімізде қалдырып, болашақ чемпион балалар туғызып алудың бір-ақ жолы — Еленаны елімізге келін қылып алу! Ештеңе қылмайды, 2-3 ұрпақтан соң бәрі таза қазақ баласы боп кетеді. Қане, қазақта Елена — чемпионның жүрегін жаулап алатын батыр жігіттер бар ма?! Алға, қазақтың жігіттері!», — деп жазды журналист.

Несіп Жүнісбаевтың бұл жазбасынан кейін оқырмандар ұсынысты талқылауға көшті. Бірі оны қолдаса, екінші тарап қарсылық білдірді.

«Аузыңызға май, Несаға!», «Қазақтың қыздары онсыз да жетеді», «Бұл қыз қазаққа тие қоймас» деген мағынаға саятын пікірлерін жазып қалдырған.

Елена Рыбакина Уимблдонда өткен Үлкен дулыға турнирінде әйелдер санатында топ жарды. Теннистен жыл сайын дәстүрлі түр дода әлемдегі ең айтулы жарыс болып есептеледі. Осы орайда Рыбакинаның жүлдесі Қазақстан теннисі тарихындағы алғашқы ірі жүлдеге баланып отыр.

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.