Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көңіл толқып, жүрек тулаған күн

0 426

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде үздік түлектерге диплом тапсыру рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, облыстық мәслихат хатшысы Махметғали Сарыбеков, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров бастаған азаматтармен бірге оқытушылар мен ата-аналар қатысты.

Әуелі сөз алған Нұржан Молдиярұлы түлектерді айтулы күнмен құттықтап, ізгі тілегін жолдады.
– Бұл күн сіздердің естеріңізде мәңгіге сақталады. Себебі сіздер бүгін жас маман атанып, өмірдің келесі баспалдағына қадам басасыздар. Еліміз егемендік жылдарында білікті маман даярлауды назардан тыс қалдырып көрген емес. Бұған Тараз өңірлік университетінің қосып отырған үлесі өте зор. Осы оқу ордасынан елімізге танымал қаншама тұлғалар түлеп ұшты. Олардың қатарында Қазақстанның Еңбек Ерлері, белгілі ғалымдар мен ұстаздар, даңқты спортшылар да бар екендігін мақтанышпен айта аламыз. Соңғы бес жыл ішінде университет 23000-нан астам маман дайындады. Бітірушілерді даярлау сапасы және олардың еңбек нарығында қажеттілігі жұмысқа орналастырудың жоғары көрсеткіштерімен айқындалатындығы анық. Сондықтан да оқу ордасының түлектеріне қашанда сұраныс жоғары. Мұның өзі мұндағы білім сапасының қаншалықты жоғары екендігін айғақтайды.

Міне білім беру бағдарламаларының ғылыми – теориялық және практикалық негіздерін меңгерген бітірушілеріміз «алтын ұя» – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінен түлеп ұшқалы отыр. Сіздердің ертеңгі күні осы алған білім мен білік, дағдыларыңызды барынша қолдана аласыздар деп сенемін. Сіздерге тек толағай табыстар мен жарқын жетістіктер тілеймін! Келешектеріңіз кемел, жолдарыңыз ашық болсын, – деген аймақ басшысы магистратураны тәмамдаған үздік 20 түлекке дипломдарын табыс етті. Кештің өзге де қатысушылары жүрекжарды лебіздерін жеткізіп, түлектерге сәт сапар тіледі.
Асан Пердешов, Сиви Махмуди сынды эстрада жұлдыздары шараның шырайын кіргізіп, әсем әнмен әрлесе, университет білімгерлері өз өнерлерін паш етті.
Шара соңы бітіруші түлектердің орындауындағы университеттің әнұранымен түйінделді.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.