ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында ана мен балаға көмек көрсетудің үшінші деңгейлі сатысына жататын акушерлік-гинекологиялық, неонаталдық көмектің толық спектрі көрсетілетін 280 төсектік облыстық көпбейінді ауруханасының перинаталдық орталығына барды.
Бұл орталықта асқынған ағымы бар жүкті әйелдерді білікті басқару, жоғары қауіпті топтарды анықтау жүргізіледі, жаңа туған нәрестелерге қарқынды реанимациялық көмекті, шала туған балаларды күтуді қоса алғанда, қолжетімді мамандандырылған көмектің барлық спектрі көрсетіледі.
Перзентхананың қабылдау бөлімінен бастап, босанатын әйелдермен тілдесіп, олардың жағдайы мен босануға дайындығы туралы сұраған еліміздің бас дәрігері аймақтағы акушерлік қызметтің бақылау сапасына тексеру жасады. Сондай-ақ, жаңа туған нәрестелерді күту бойынша жұмыстармен танысып, қарқынды терапия бөлімшесін қарап, тиісті тапсырмалар берді.
«Біз үшін қызметтің ең басым бағыттарының бірі – ана мен баланы қорғау болып қала береді.
Мемлекет басшысы жариялаған “Балалар жылында” Денсаулық сақтау министрлігі құрсақішілік кезеңнен бастап балалардың денсаулығын нығайтуға бағытталған бірнеше бастаманы жүзеге асыруда. Қабылданып жатқан шаралар жүкті әйелдерді босануға дейінгі сапалы бақылаумен қамтуды 80% – ға дейін арттыруға ықпал ететін болады», – деп атап өтті А.Ғиният.
Бұдан әрі министр медицина қызметкерлері күнінде «Елдің үздік босандыру ұйымы» номинациясында 2 – орынға ие болған облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Қайрат Жетібаев пен оның ұжымын жеңісімен құттықтады: “Бұл жетістік өңірдің денсаулық сақтау саласында жүргізіліп жатқан үлкен жұмыстың нәтижесі, алда әлі де атқарылар жұмыстар өте көп, біз алға қойылған міндеттер үдесінен шыға білуіміз керек. Басты міндет – халыққа сапалы медициналық көмек көрсету”,- деп, орталық қызметкерлеріне рухани жігер берген министр оталық мамандарының жұмысына сәттілік тіледі.