Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кәсіпкерлерге қашан да қолдау бар

0 201

Жуырда Қордай ауданының әкімі Мәден Мұсаев аудан әкімдігінің мәжіліс залында инвесторлармен кездесу өткізді. Жиынға ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшылары қатысты.

Кездесу барысында Мәден Тоқтарбайұлы кәсіпкерлерден алдағы үш жылға арналған жұмыс жоспарын сұрап, өзекті мәселелерін тыңдады. Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің мәліметінше бүгінгі таңда Қордай ауданында индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында 8 инвестициялық жоба жүзеге асуда. Жобаларды іске асыру барысында құрылыс жұмыстары кезеңінде 805, ал іске қосылу кезеңінде 1378 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған.
Еркін форматта өткен жиында аудан басшысы ең алдымен «Monterra Qasaqstan» ЖШС-нің алдағы жұмыс жоспарымен танысты. Ауданымыздағы ірі инвестициялық жобаларды іске асырып отырған кәсіпорын қазіргі таңда технико-экономикалық негіздеме және жобалық сметалық құжаттамалар дайындау жұмыстарын жүргізуде. Серіктестік басшысы өз сөзінде жыл соңына дейін 3,0 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартуды көздеп отырғандығын да жеткізді.
Ал, ауданның ауыл шаруашылық саласына серпін беріп отырған «Қордай корм» АӨК-інде бүгінгі таңда өндіріске қажетті жаңа қондырғылар орнатылуда. Құрама жем шығару және майлы дақылдарды қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорынның басшысы Талғат Сәрсембаев биылғы жылға 10,9 млн. теңге инвестиция тартуды көздеп отырғандығын айтты.
Келесі кезекте сөз алған «KORDAY FISH» балық өнімдерін өндіру және консервілеу цехінің басшысы Рамазан Харсанов қазіргі таңда диаметрі 219 мм, тереңдігі 50 метр екі су құбыры және 100 кВт трансформатор орнатылып, дренажды арна қазылғандығын жеткізді.
«Биылғы жылға балыққа арналған инкубация бассейндері соғылып, 100,0 млн. теңге инвестиция тарту жоспарда», — деді серіктестік басшысы.
Өзге де инвесторлардың жұмыс жоспарын мұқият тыңдаған аудан әкімі кәсіпкерлерге жобаларды іске асыру барысында қиындықтар туындаған жағдайда аудан басшылығы тиісті көмек көрсетуге әрдайым дайын екендігін жеткізді. Инвестициялық жобалардың аудан игілігі үшін маңызы зор екендігін атап өткен Мәден Мұсаев кәсіпкерлерге жаңа жұмыс орындарын ашып, оған жергілікті тұрғындарды тарту қажеттігінде айтып өтті. Жиынды қорытындылай келе аудан әкімі жауапты бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне осы салаға қатысты жұмысты жүйелі жүргізуді тапсырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.