Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қонаев құрметтелген күн

0 1  131

Сарысу ауданы Жаңатас қаласына қарасты «Дегерес» елді мекенінің биылғы мектеп түлектері соңғы қоңырау салтанатты іс-шарсын мәңгі жүрек жадыларына сақтайтыны анық. Себебі олар он бір жыл оқыған жергілікті қазақ орта мектебі, бүгін Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың атын алды. Сондай-ақ, білім ошағының алдында еңселі ескерткіштің ашылу рәсімі өтті.
Жиынға аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев бастаған актив құрамы мен ауданның зиялы қауым өкілдері және ұлағатты ұстаздар мен мектеп түлектері қатысты.
Салтанатты рәсімде алғашқылардың бірі болып сөз алған аудан басшысы Марат Қырғызәліұлы бүгінгі тарихи сәттің мән-маңызына кеңірек тоқталып, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған жас түлектерге сәттілік тіледі.
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің ағымдағы жылдың 11 сәуірдегі №204 қаулысына сәйкес, осынау білім ошағына қазақтың біртуар азаматы, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімі берілді. Биыл Ұлы тұлғаның туғанына 110 жыл мерейтойы қарсаңында бұл біз үшін үлкен қуанышты жаңалық болды. Бұл мектеп бұған дейін Алаш зиялысы Сәкен Сейфуллиннің атымен аталып келген болатын. Алайда біздің ауданда Сейфуллин атындағы мектеп екеу болғандықтан, біріне Қонаевтың есімін беруге ұсыныс бердік. Мұнымызға аудан тұрғындары мақұлдасып, бастамамызға оң бағасын берді. Ол мектеп Қамқалы ауылдық округіне қарасты Шығанақ ауылында орналасқан. Сөз соңында айтарым, Дінмұхмед Ахметұлының есімін ұлықтауға арналған іс-шараға, ескерткіш-бюст орнатуға атсалысқан барлық азаматтарға және жиынға қатысқан қадірменді қонақтарға айрықша алғысымды білдіремін, – деді аудан әкімі жүрекжарды жылы лебізінде.
Сондай-ақ, торқалы той төрінен табылған айтыскер ақын, облыстық «Aq jol» газетінің тілшісі Есет Досалы:
«Сарысу ізгі істерді таратасың,
Алты Алашты аузыңа қаратасың.
Сіздер ғой бар қазаққа үлгі болған,
Қастерлеп Қонаевтай нар-атасын.
Кезінде Димаш атам салып берген,
Ассалаумағалейкум, Жаңатасым!», – дей келе, тау тұлғының азаматтық болмысын аша түсіп, ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосқан Құрметті азаматтар мен ақынын ардақтаған аудан басшысы Марат Қырғызәліұлының жемісті еңбегін жырға қосты.

Келесі боп сөз алған аудандық Алқа билер кеңесінің төрғасы Серік Аппазов пен Қонаев бюстінің бой көтеруіне демеушілік танытқан кәсіпкер, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, ҚР Құрметті құрылысшысы Дәулеталды Жанбаев мемлекет және қоғам қайраткерінің өскелең ұрпаққа азық боларлық қанатты сөздерінен мысал келтіріп, осынау игі іске ұйытқы болған аудан әкіміне және биіктігі 3 метрлік бюстті жасаған мүсінші Алтай Бейсеновке алғыстарын айтты.

Сондай-ақ, Дәулеталды Дәуітбайұлы ағымдағы жылы бұл бюстпен қатар, аудан әкімінің ұсынысымен бірқатар ауыл азаматтары бірігіп, Жаңатас қаласындағы «Ұрпақтар аллеясы» аумағына Дінмұхамед Қонаевтың биіктігі 5 метрден асық еңселі ескерткішін орнату жоспарда екенін жеткізді.

Мұнымен қоса, іс-шараға қатысқан облыстық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Балабек Нарбаев, Сарысу ауданының Құрметті азаматтары Лесбек Шайменұлы мен Алтын Досжанова құттықтау сөз сөйлеп, ауданның құрылу тарихына кеңірек тоқталып, ырысы мен берекесі артқан құтты өлкенің көгеріп, көгеріштеуіне қызмет қылған барша атқамінер азаматарға ақ балаталарын берді.

Еңселі ескерткішті ауданның зиялы қауым өкілдері: Басие Абдрахманов, Тыныштық Бектөрева, Совет Бейімбетовтер салтанатты түрде ашып, ауданның барша мемлекеттік мекемелері гүл шоқтарын қойды.

Айта кетейік, 784 балаға шақталған бұл мектеп 1987 жылы пайдалануға берілген. Осылайша 2012 жылы толық күрделі жөндеуден өткен білім беру нысанында қазіргі таңда 756 оқушы білім алуда. Мектеп директоры Гүлмира Өмірбаеваның айтуынша, биылғы 34 түлектің үшеуі «Алтын белгіге» үміткер.

Салтанатты іс-шара аудандық мәдениет үйінде өткен Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 110 жыл толуына арналған форумға ұласты. Ғылыми келелі кеңеске Халықаралық Қонаев атындағы қордың Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары, Қазақстанның Құрметті журналисі Жаңабай Миллионов, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағаты» мекемесінің директоры Көсемәлі Сәттібайұлы, сондай-ақ, Д.А. Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы директорының орынбасары Сайлаубек Лесбаев және Талас ауданындағы Қонаев атындағы музей қызметкері Ілес Нұрұлы қатысып, әдеби-мазмұндық, тарихи-сараптамалық түрлі тақырыпта баяндама жасады.
Мұнда да аудан басшысы Марат Сұлтанғалиев құттықтау сөз сөйлеп, жеке қаражатына Д.Қонаевтың бюстін тұрғызған кәсіпкер Дәулеталды Жанбаевқа Алғыс хат табыстап, иығына зерделі шапан жапты. Сондай-ақ, жуырда ғана аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастырумен өткен аудандық «Шабытымның шынары – Димаш ата» атты жыр-мүшәйрасының жеңімпаздарын бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Сонымен қатар, ғылыми форумның қорытынды сәтінде Д.А. Қонаев атындағы Талас аудандық қоғамдық қорының өкілі Ілес Нұрұлы тау тұлғаның есімін ел жадында қалдыруға атсалысқан сарысулық ардагерлер: Серік Аппазов пен Дәулеталды Жанбаевты және Басие Әбдрахмановты, сондай-ақ аудан әкімі Марат Сұлтанғалиевты Қонаев төсбелгісімен марапаттады. Мұнымен қоса, Мемлекет және қоғам қайраткерінің Сарысу аудандық қорына 500 мың теңге қаржылай сертификатын табыстады.
Жалпы, бүгін аудан көлемінде аталып өтіп жатқан Ұлы тұлғанның 110 жылдық мерейтойында мәдени-көпшіліктік іс-шаралармен қатар, бұқаралық-спорттық бағдарламалар да ұйымдастырылған. Мәселен, қазіргі таңда аудандық спорт кешенінде волейболдан ерлер арасында аудандық ашық турнир өтуде.

Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ,
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.