Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ташкент көшесі Шерхан Мұртазаның есіміне сұранып тұр

0 844

Халқы қашанда құрметпен ардақтаған, айтқандары мен жазғандары ел ішінде қанатты нақылға, қайраткерлік істері көпшілік аузындағы тағылымды тәмсілге айналған Шер-ағаны жұрт ақиқаттың алдаспаны, қазақ баспасөзінің баһадүрі деп атайды. Тіпті қазірдің өзінде көптеген қаламгерлер мен журналистер қауымы сол «Шер-ағаның шекпенінен шыққанбыз» деп те жүр.

Ал енді биыл күзде Шерхан Мұртазаның 90 жылдығын атап өтуге әулиеаталықтар жыл басынан бері қам жасап жатқаны белгілі. Айтулы мерейтой қарсаңында өңір басшылары мен қоғамдағы зиялы қауым арасындағы жиындарда Шерхан Мұртазаның есімін көше атауына беру мәселесі де көтерілуде. Бірақ дәл қай көшеге қарымды қаламгердің есімі берілетіні белгісіз. Атқамінер азаматтар мен зиялылар арасында әр алуан пікір тууда.
Облыс орталығында «Ташкент» атаулы үлкен әрі ұзын көше бар. Басы сонау «Көне Тараз» тарихи кешенінен басталып, аяғы ХХ ғасырдағы ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның есімімен аталатын көшемен түйіседі. Тіпті келешекте Шер-ағаның еңселі ескерткішін орнатамыз десе, аталған даңғылда соған лайықты әрі қолайлы, кең аумақты алып жатқан жерлер жетерлік. Тарихқа көз жүгіртсек, Шерхан Мұртаза бала күнінде білім алған интернат-пансионат осы Ташкент көшесінде орналасқан. Демек, бұл даңғылдың бойында қарымды қаламгердің табанының талай ізі қалған.
Бұған қатысты өзге де ой-пікірін айтып жатқан азаматтар баршылық. Мысалы, бірі «ықшамаудандарды тоғыстырып тұрған Шостакович көшесінің атын өзгертіп, оған Шерхан Мұртазаның есімін берсе» деген ойын жеткізсе, енді бірі қаланың қақ ортасында жатқан бұрынғы Ленин, қазіргі Бейбітшілік көшесіне беруді қалайды. Иә, бұл ұсыныстың бәрі орынды әрі негізсіз емес. Бірақ аталған көшелерге қазақтың өзге де қайраткерлерінің есімдері беріліп қойған және кейбіреуі тар әрі абаттандыру жұмыстарын жасау ыңғайсыздық тудырады. Сол себепті бизнестік сауда нүктелері көптеп шоғырланған Ташкент көшесі абыз тілекті, жолбарыс жүректі, шындықтың шырақшысы Шерхан атамыздың есіміне сұранып-ақ тұр.
Бұл ұсынысымды облыс басшылары қолдап, ұлы тұлғаға лайықты құрмет көрсетеді деп сенемін.

Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі Тараз қаласы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.