Шаһар басшысы Ержан Жылқыбаевтың көшпелі қоғамдық қабылдауы №2 аумақтық округте жалғасты. Шара барысында қала әкімі түрлі талап-тілектерімен келген 19 тұрғынды қабылдады.
Мәселен, Фердоуся Баязитова Сәтбаев көшесіндегі №19 тұрғын үйді жөндеуден өткізіп беруді өтінсе, Оразбек Үмітбаев Сүлейменов көшесі №9 үйдің бұрылысына жол мен жарық орнатуды сұрай келіпті.
– Бұрылыс тас қараңғы болғандықтан, балаларды көшеге жіберуге қорқамыз. Қыс мезгілінде тіпті қиынға соғады. Оның үстіне ой-шұңқыры көп жолмен жүру мұңға айналды. Осы екі мәселені шешіп беру үшін өзіңізге жүгініп отырмын, – деді Оразбек Жұманәліұлы.
Ал Дүйсенбай Боқановты «Қайнар» алқабына футбол алаңын салу толғандырса, Самат Бұзаубеков №15 ықшам- аудандағы қоғамдық көлік пен жол мәселесін алға тартты.
– Осы ықшамауданға қоныстанғанымызға көп болды. Бірақ әлі де жол мәселесі шешілмей келеді. Жедел жәрдемді былай қойғанда, такси жүргізушілерінің өзі бұл маңға келгісі келмейді. Осы жайтты қаперге алып, оңынан шешілуіне ықпал етсеңіз екен. Бұл жалғыз менің ғана емес, сонда тұратын барша тұрғындардың да тілегі, – деді Самат Бүйенбайұлы.
Тағы бір тұрғын Роза Устенова Абай атындағы №26 білім ордасының жаңа оқу жылынан бастап балаларды 1-сыныпқа қабылдамайтынына шағымданды. Мәселенің мәнісіне зер салсақ, аталған оқу ошағы былтыр қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат ретінде қайта құрылған. Осы мәртебесіне сәйкес, мектеп балаларды 7-сыныптан бастап қана қабылдай алады екен. Ал ата-аналар бұл жайлы ешкім алдын ала толыққанды түсіндірмегенін, соның салдарынан келер жылы әліппе ашатын бүлдіршіндерін қайда орналас- тырарларын білмей жүргеніне наразы. Себебі шаһардағы бірқатар білім ордасы бос орынның жоқтығынан балаларды қабылдамай отырған көрінеді. Бұл мәселе жөнінде шаһар басшысы хабардар екенін, таяу күндері осыған байланысты арнайы жиын өтетінін жеткізді.
Келесі кезекте Захида Ибраимова «Қаратау» ықшам- ауданы, №21 үйдің алдындағы балалар ойын алаңының сапасыздығын мәселе етіп көтерсе, Бейбіт Байболов Отбасы аллеясын ашып беруді сұрады.
Тұрғындардың тілегіне мұқият құлақ түрген Ержан Жылқыбаев тиісті сала, мекеме басшыларына көтерілген мәселелерді зерделеп, тез арада шешуді тапсырды.