Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Каратэнің әкесі» – Мейрам Шотай

0 1  484

Қазақтың қанында батырлық бағзыдан бар. Халқымыздың баһадүрлері жауынгерлік жекпе-жекте ешкімге дес бермегені белгілі. Мұндай азаматтар бүгінгі таңда арамызда да аз емес. Солардың бірі – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлемдік деңгейдегі төреші, каратэден жетінші, таэквондодан үшінші дан иегері, философия ғылымдарының докторы Мейрам Шотай.

Қазақта «Тектінің тұяғы» деген атағы әуелеген азаматтың арғы тегіне көз салып, көкейдегі риза пейілмен айтылатын әдемі теңеу бар. Сол сияқты кейіпкеріміздің бір басындағы көп өнер ананың сүтімен, әкенің қанымен бойға дарыған. Олай дейтініміз, оның әкесі Әбен Шотайұлы – Ұлы Отан соғысында ерлігімен көзге түсіп, «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған майдангер. Әрі жанынан суырып өлең шығаратын ақын да болған. Оның «Әке рухымен тілдесу» деген өлеңіндегі:
Зұлым уақыт сөндіріп нұр таңыңды,
Бір иіскемей аттандың ұрпағыңды.
Немереңе ұстатып қаламыңды,
Немереңе мінгіздім тұлпарыңды, – деген жолдар перзенттің риясыз сүйіспеншілігін көрсетіп тұрғандай.
Осындай әкенің ұлы қайдан осал болсын?! Мейрам Әбенұлы бала кезінде еркін күрестің тұғырына қонуды армандап өседі. Жалынды жас Мәскеудегі орталық әскерилер клубында арнайы жаттығудан өтеді. 70-ші жылдары әлем чемпионы И.Федосеев, Олимпиада чемпионы Р.Дмитриев, Еуропа чемпионы В.Карпов қатарлы спортшылармен белдескен. Сол тұста Мәскеуде жастардың шығыс жекпе-жегіне аңсары ауа бастаған. Сол кездегі бозбала Мейрам да осы өнерде бақ сынап көргісі келеді. Осы мақсатта ол алдымен КСРО каратэ федерациясын құрған, көп жыл Жапонияда болып, шығыс жекпе-жегінің мөлдір бұлағынан қанып ішкен Валерий Штурминнің тәрбиесін алады. Талаптың тұлпарына мінген ол аз уақыттың ішінде шотокан және кунг-фу стилін меңгеріп шығады. Кеңес кезінде оған «физикалық дайындаудағы әдістері дене тәрбиесімен үйлеспейді» деген сылтаумен шығыс жекпе-жегімен шынығуға шектеу қойылады. Алайда бұл Мейрам Әбенұлының сағын сындыра алған жоқ. Керісінше, жігерін жанып, алға ұмтылдырды. Осылайша, 1978 жылы КСРО-ның спорт комитеті каратэнің дамуына қарсы шаралар қолданып жатқан тұста Мейрам Шотай Ташкенттегі байрақты бәсекеден жұлдызы жарқырап оралды. Сондай-ақ 1990 жылы Эстония астанасы Таллинде каратэ түрлерінен өткен «Таллин тарланы» турнирінде де жүлдегерлер сапынан көрінді.
Бұл кезде жамбылдық жастар бекзат өнерге ден қойып, бел шеше кіріскен болатын. Қиын-қыстау жылдарға қарамастан, кейіпкеріміз өзі бас болып, таэквондодан 10 дан иегері Джун Риді Тараз қаласына шақыртады.
Мейрам Шотай әңгіме арасында қазақтың даңқты перзенті Мұстафа Өзтүрікпен кездесіп, сырлас, рухтас болғанын үнемі айтып отырады. Оның талай додада топ жаруы да содан болса керек. Күншығыс еліндегі CABE құрамында жаттыққан ол 3 дан иегері атанып, 1995 жылы 5 данға иелік етеді. Қарапайым қазақ баласы осы жылы халықаралық кәсіпқой каратэ лигасының Еуропадағы өкілі ретінде таңдалып, ел абыройын асқақтатып қайтқан болатын.
Шығыс жекпе-жегінің дамуына зор үлес қосып жүрген Мейрам Әбенұлы 1998 жылы спортты өрістетудегі жеткен барлық жетістіктері үшін Еуразия құрлығы бойынша каратэден 7 дан иегері атанды.
Қазір каратэнің каратэ-до, шотокан, кекусинкай, ситро-рю, годзю-рю, вадо-рю сынды түрлері бар. Негізі каратэ ХХ ғасырдың басында дамыды. Дәл осындай тарихы терең өнердің шыңына шығу екінің бірінің қолынан келмейді. Ол үшін тыңғылықты дайындық пен үлкен еңбек керек. Мысалы, сіз бірінші данды қара белбеу иегері атансаңыз, екінші дәрежесін қорғауға міндеттісіз. Ал үшінші дан иегері атану үшін ғылым тіліне айналған ағылшын тілін білуіңіз керек. Бесінші қадамды бағындыру үшін жапон тілін меңгеруіңіз қажет. Алтыншы данға аяқ басу үшін ғылым докторы дәрежесіне көтерілуге тиіссіз. Ал Мейрам Шотай қонған тұғырға жетсеңіз, «шихан» атанасыз. Бұл спорт тілінде грандмастер, яғни үлкен дәрежедегі шебер дегенді білдіреді. Ал бұған жету үшін философия ғылымдарының докторы болуыңыз міндетті. Самурайлар елінде 6, 7, 8 дан иегерлерін өз ісінің нағыз шеберлері деп санайды. Осы белестің барлығын бағындырған Мейрам Әбенұлы тек спорттың ғана емес, ғылымда да тыңнан түрен салып, ізін қалдырды. Қазақтың «Жігітке жеті өнер де аз» деген мәтелі дәл осы кейіпкерімізге арналып айтылған ба дерсің?!
Орыс тілінде мүдірмейтін, ағылшынша сөздің майын тамызатын, жапонша сөйлегенде кез келгенді жаңылдыратын ол «Ана тілің – арың бұл» дегенді берік ұстанады.
– Мен әлемнің көптеген елінде болдым. Соның барлығында есімнен Қазақстанымды бір сәтке де шығарған емеспін. Себебі ұлтымды бәрінен биік қоямын. Ешқашан халқыңды сүймей, соған арқа сүйемей, жетістікке жете алмайсың. Әрине, «қанша тіл білсең, сонша адамсың». Бірақ қандай жағдайда да ана тіліңнің айбыны ең биікте тұруы қажет, – дейді жерлесіміз.
Бүгінгі таңда шотокан стилін еуропалық стандарттармен үйлестіріп, дамытып жүрген ағамыздың еңбегін бағалаған жұрт оны «каратэнің әкесі» деп атайтын көрінеді. Ж.Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде Мейрам Шотайдың құрметіне арналған каратэден ашық турнир де өткізіліп келеді. Ол тек каратэ ғана емес, жүзу спортының төрт санаты бойынша да ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген, Бокс, грек-рим күресін де жанына жақын серік еткен. Әдебиеттен де алыс емес. Қазақпен қоса, шетел классиктерінің де туындыларын сүйіп оқиды. Өлең жазып, сурет салатыны тағы бар. Бұған қоса, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі дәрежесіне де қол жеткізген. Бір басына осындай бірнеше өнерді тоғыстырған тұлғаның халқына әлі де берері көп деп сенеміз.

Жұматай Көксубайұлы 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.