Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ел дамуына серпін береді

0 2  488

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысына қатысып, Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнады. Президенттің бұл Жолдауында жуық арада жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шаралар туралы айтылды. Сондықтан да бұл Жолдауды отандастарымыз зор ықыласпен қабылдағаны айдан анық. Өйткені биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі – ол бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны бөлек, ең бастысы, қоғамның қажеттілігіне және сұранысына негізделген.

Бұл жөнінде Президент: «Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге жаңа Қазақстанды құруға кірістік», – деді.
Мемлекет басшысы әуелі «Қаңтар қасіретіне» тоқталып, бұл оқиғаның барлығымызға үлкен сабақ болғанын айта отырып, жаңа саяси реформалармен еліміздің жаңа кезеңге бет бұратын уақыты келгенін жеткізді. «Біз бұл өзгерістерді жұртқа жақсы көріну үшін жасамаймыз. Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті», – деген Президентіміз жаңа Қазақстанды құру мақсатында жүзеге асырылатын жаңа 10 бағытты айқындап берді. Атап айтқанда, Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін арттыру қажеттігін атады. Әсіресе төменгі палата болып табылатын Мәжілістің өкілеттігін кеңейтіп, заң шығару құқығын иелену мәселесін жүзеге асыруды тапсырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Парламентке республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуді, осы орайда Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынды. Сондай-ақ азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға аса зор маңыз беру қажеттігін, олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін мәслихат төрағасы лауазымын енгізуді және мәслихаттардың облыс әкімдерін тағайындау тәртібіне өзгерістер енгізуді тапсырды. Өз кезегінде бұл өзгерістердің мәслихаттардың ықпалын күшейтуге, мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайтуға қосар үлесі мол болары сөзсіз.
Президент бұдан бөлек, еліміздегі сайлау жүйесін жетілдіру мәселесіне де жан-жақты тоқталды. Ол өз сөзінде: «Демократия тарихы дегеніміз – ең алдымен сайлау рәсімдерін жетілдіру тарихы. Сондай-ақ сайлау заңнамаларының сақталуын бақылау тарихы деуге болады. Осы орайда мен байқаушылардың құқықтары мен жауапкершілігі нақты белгіленуге тиіс деп санаймын», – деді.
Мемлекет басшысы еліміздегі партия жұмысын модернизациялауды да жүктеді. Ол Президенттің ешбір саяси партия құрамында болмауы қажеттігін және әкімдер мен олардың орынбасарларының партия филиалдарында қызмет атқаруына заңды түрде тыйым салу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы елімізде Конституциялық сот құруды ұсынды. Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін беру әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болатындығына сенім білдірді.
Ел Президенті төртінші билік өкілі атанған бұқаралық ақпарат құралдарының да бәсекеге қабілетті және еркін болуы қажеттілігіне ерекше тоқталып, БАҚ өкілдерінің халыққа әділ, ашық, шынайы ақпарат таратуы қажеттігін баса айтып өтті. Бұл қағидаттың қазіргі кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызға ие екендігіне назар аударды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Еститін мемлекет» тұжырымдамасы бойынша Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарғандығын, енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынды. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастыруға бағытталуы қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысы халықтың ұсыныстарын ескере отырып, жергілікті тұрғындардың мемлекеттік қызмет алу сапасын жоғарылату және олардың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында Семей аймағында Абай облысын, бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын, одан бөлек, Алматы облысын екіге бөліп, Жетісу және Алматы облыстары етіп қайта құруды тапсырды. Сондай-ақ Қапшағай қаласын ДІнмұхамед Қонаевтың есімімен атау туралы ұсынысы көпшілік тарапынан зор қолдау тапты.
Расында, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев республиканы басқарған ширек ғасырға жуық уақыт ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен танылып, халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой-өресі биік жан екенін көрсетті. Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де ол білімдар, білікті жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру қажет екенін терең түсініп, қолдай білді. Сондықтан халық Димаш Ахметұлын әрқашан құрмет тұтып, оның еңбегін жоғары бағалайды.
Бұл шешімдер алдағы уақытта еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуына зор үлес қосады деп білемін. Сонымен қатар Мемлекет басшысы әлемдегі геосаяси ахуал Қазақстанның валюта нарығына және ел ішіндегі қаржының тұрақсыздығына алып келгендігін айта отырып, елден шетел валютасын және алтын құймасын шығаруды белгілі бір мөлшерде шектеу туралы Қаулыға қол қойғандығын жеткізді. Сондай-ақ халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында барлық шаралар қабылданатындығын жеткізді.
Әрине, Мемлекет басшысы айтқан барлық бастамаларды жүзеге асыру заңдарға тиісті өзгерістер енгізуді және біршама уақытты талап етеді.
Бұл жөнінде Президент: «Бұл бастамалар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертеді. Оны жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажет. Сондай-ақ жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау керек», – деді.
Ең бастысы, аталған бастамалар еліміздегі түйінді мәселелерді шешуге тың серпін беріп, бұл жұмыстарды еңсеру арқылы мемлекетіміз өз дамуының жаңа дейгейіне көтеріледі деп білемін.
Өз сөзін қорытындылаған Мемлекет басшысы: «Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда. Сондықтан баршаңызды жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын. Халықтың қолдауымен мақсатымызға жетеміз деп сенемін», – деді.
Президентіміздің жаңа Жолдауы халықтың өмір сүруіне қолайлы әрі қауіпсіз қоғамдық орта құруға бағытталған. Сондықтан осы міндеттерді іске асырып, тәуелсіз Қазақстанымыздың терезесін жаңа әлемдегі дамыған елдермен тең ету – бәріміздің де қастерлі борышымыз.

Дүйсенкүл Керімбаева,
№6 қалалық емхананың бас дәрігері,
Тараз қалалық мәслихатының депутаты

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.