Қалалық қоғамдық-саяси газет

Үлкен өзгерістер бастауы

0 1  194

Президенттің «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты биылғы Жолдауында таяуда жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын жұмыстар жайы айтылды. Бұл жөнінде Мемлекет басшысының өзі де: «Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді. Ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Біз өздеріңізбен бірге жаңа Қазақстанды құруға кірістік», – деді.

Ол сондай-ақ «Қаңтар қасіреті» кезінде елдігіміз мен тәуелсіздігімізге қауіп-қатер төндірген жат пиғылдылардың іс-әрекеті мемлекетке орасан зор нұқсан келтіргенін де ашық жеткізді. Өкініштісі, бұл қанды оқиғаға лауазымды тұлғалардың қатысы бары анықталды. Ендігі кезекте олардың құйтырқы әрекеттері әшкереленіп, Отанға опасыздық жасағандар жазадан жалтармайтындығын кесіп айтты.
Ел іргесінің сөгілмеуіне, дербестігіміз бен тұрақтылығымызды сақтап қалуда Президенттің тың ұсыныстары көпшілік көңіліне жылу ұялатты. Әсіресе біраздан бері созбалаңға салынған, ел аузында айтыла-айтыла жауыр болған проблемаларға назар аударылды. Айталық, Мемлекет басшысының ұсынысымен Жетісу, Ұлытау, Абай облыстары құрылатын болды. Қазақтың біртуар ұлы Дінмұхамед Қонаевтың аты Қапшағай қаласына берілгені – бұл расында да, әділдіктің салтанат құруы. «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» деген осы болса керек.
Жолдауда одан өзге де бірқатар ойлар қамтылды. Мәселен, енді Президент туыстарының лауазымды қызметтер мен квазимемлекеттік құрылымдардың басшысы болуына тыйым салынады. Біле білсек, еліміздегі тепе-теңдік пен тұрақтылық тікелей осы жүйеге байланысты. Қағаз жүзінде жүзеге асырылып, жалған табыстарға масаттану да келместің кемесіне мінді. Әлбетте, экономикадағы, саясаттағы жасанды монополиялар түбімен жойылса, бақталастық емес, нағыз бәсеке артады. Бұл – халықтың әл-әуқаты артып, тұрмысы түзеледі деген сөз.
Президент те, әкім де партия сапынан кетеді. Күні кеше Қасым-Жомарт Кемелұлы «Amanat» партиясының тізгінін Ерлан Қошановқа тапсырды. Осылай үлкен өзгерістердің алғышарты жасалды. Сондай-ақ Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы пропорционалды, 30 пайызы мажоритарлық сайлау жүйесі арқылы сайланып, елдегі әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жаза қатаңдатылады.
Түйіндей айтқанда, Президенттің биылғы Жолдауы үлкен өзгерістердің бастауы деп білемін. Сол үшін де ел іргесінің сөгілмеуіне, керегеміздің кең болуына қазірден бастап барша қазақстандықтар болып атсалысуымыз қажет. Өйткені жаңа Қазақстан – жаңғыру мен жаңару жолы.

Жарылқасын Айтақов,
облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.